Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәртебең өссін, мұғалім

Мәртебең өссін, мұғалім


– Қарлығаш апай келе жатыр!
– Тығылайық, апай келе жатыр!
Дыз-дыз. Түс ауа соңғы сабақты қорытындылайтын қоңыраудың дауысын күтіп, сөмкемізді ұстап даяр отырамыз. Есікке ентелей жүгіріп, үйге қарай асығатын оқушы кездерді еске алсақ, алдымен Қарлығаш апайды айтамыз. Мектептен келген соң шәй-тамағымызды ішіп, даладағы ойынға қосыла кету күнделікті әдет. Күн еңкейіп батқанша доп қуалап, секіргішпен жарысып қызыққа батқан сәтте ұстаздар жұмыстан қайта бастайды. Көшенің басынан қарайып көлеңкесі көрінгеннен жан-жаққа шашырап тығыла кетеміз. Не үшін? Оны өзімізде білмейміз...
Бүгінде әлем төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Жаңа технологиялық дәуір біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды түбегейлі өзгертуде. Бұл кезеңде мемлекет дамуында ғылым мен білімнің алатын орны тіпті ерекше болмақ. Егемен елімізді өркениетке жетелейтін білімнің бастауында мектеп пен жас ұрпақ бойына білім нәрін беретін ұстаз тұрады. «Алты алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын мұғалімдікі» деген М.Жұмабаев ұстаз мәртебесін сол заманнан-ақ асқақтатып кеткен еді. Өйткені, ұстаз мәртебесі – қоғам мәртебесі.
Ұстазға деген құрметті үйдегі тәрбиемен ұштастырған ата-ана «апайың келе жатыр» деген бір ауыз сөзімен-ақ оның орнын айшықтап берген. Осыдан-ақ ұстазды ұлы тұлға ретінде дәріптеп, мәртебесін арттыруда ұядағы тәлім-тәрбиенің маңызы зор екенін аңғаруға болады. Сонымен қатар Елбасы «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылдауды қолға алды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мұғалімдердің жалақысы өсетіндігін хабарлады. Қоғамда беделі түскен ұстаздардың мерейін өсірген «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты ­Жолдау­да айтылған мәселелер халық ішінде де қолдау тапқаны мәлім. Жолдауда ұстаздардың мәртебесін көтеру, мұғалімдерге үлкен қолдау көрсету қажеттілігі айтылды. Бұл мұғалімдерді ғана емес, білім беру саласының тыныс-тіршілігіне бейжай қарай алмайтындарды бір серпілтіп тастады. Жолдауда­­ білім беру саласын дамытуға байланысты көп дүние айтылды. Жүзеге асса, құба-құп дейтін бастамалар да баршылық.
Ұстаз –бүкіл бір ұлтты тәрбиелейтін маман иесі. Өркениетті елдермен өремізді теңестіріп, дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін де алдымен білімді мамандар қажет. Жалпы дамыған елдердің тәжірибесіне көз тастар болсақ, Финляндияда педагог мамандығы аса қадірлі, елдегі ең жоғарғы жалақыны алатындардың қатарында. Қытайда да мұғалімдердің жалақысы ұлттық заңнамаларына сәйкес мемлекеттік қызметкерлерден кем болмауы тиістігі жазылған. Ал Австрия, Бельгия, Грекия, Дания, Испания, Италия, Люксембург, Португалия, Финляндия, Франция, АҚШ және Канада елдерінде мұғалімдер қай секторда еңбек ететініне қарамастан, мемлекеттік қызметкер болып саналады. Нидерландыда үкімет пен әкімшілікке қарайтын мектеп мұғалімдері ғана мемлекеттік қызметкер есебінде, ал жекеменшік мектептер мұғалімдермен азаматтық және еңбек заңнамаларына сәйкес, келісімшарт жасайды. Бірақ ол елдерде жекеменшік мектептердің мұғалімдерінің мәртебесі мен оларға жасалатын жағдай мемлекеттік сектордағы әріптестерінен кем емес. Сондай-ақ Еуропа мемлекеттерінде мұғалімдік мамандыққа ең үздік оқушылар ғана түсе алады. Міне, мұндай мысалдар, қарап тұрсаңыз, өте көп. Осы аталған елдер мұның барлығын тектен-тек жасап отырмаса керек. Демек, олар өз елдерінің болашағын ойлап, мұғалім беделін жоғарылатудың барлық жолын қарастырып, шешіп қойған.
Жалақыны көтерумен жалпы мәселе шешілмесі кәміл. Мұғалімнің мәртебесін арттыру «Педагог мәртебесі» туралы заңда да, отбасындағы тәрбие мектебінде де тереңдетіліп, шәкірттердің санасында ұлы тұлға болып қалыптасуы қажет. Қазақ халқы «Бір әріп үйреткенге, қырық жыл сәлем бер» деп, сауатын ашқан адамға ерекше ықылас танытқан. Сондықтан мұғалімнің мәртебесі бейжай қарайтын мәселе емес. Ұстаздар әрбір өткізілген мерекелік шаралардың басында, үйілген сан түрлі қағаздардың қасында емес, оқушыларға қажетті білім беру жолында жүрсе ғана сауатты мамандарға қол жеткізе аламыз.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
08 қазан 2019 ж. 528 0