Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәртіп пен мәдениет туралы сыр

Тәртіп пен мәдениет туралы сыр

Осы тақырып балалар үшін мектепте де, үйде де айтылады, кейде жұмыста, қызметте жүрген егделердің де есіне салып қоюға тура келеді. Ал, балаға қанша айтсаң артық болмайтын асыл дүние. Үлкендер үшін айтылатыны арамызда асыл қағидаларды жасынан құлағына сіңіре алмай, үлкен өмірге араласып кеткендер жетерлік. Бәлкім, қызмет этикасы туралы заңның қабылдануы да содан шығар.
Адам өмірі – өте күрделі құбылыс. Айналаңдағы ағайын­ның, достың реніші мен қайғысын тең бөлісу – адамгершіліктің ең жоғары сапасы. Адамгершілік дегеніміздің өзі кішінің үлкенге сәлем ­бер­уі, жол беруі, достардың қуа­ны­шын бөлісіп құттықтауы, көршінің жақсы қылығын мадақтауы сияқты кәдімгі қарым-қатынастардан тұрады. 
Адам тәртібінің екі түрі болады: сөздік және нақтылы. Сөздік тәртіп – өз ойымыз­ды білдіруіміз, пікіріміз, дәле­ліміз. Біз кейде ашу үстіндегі, шаршаған кездегі жүйке толқынын­дағы дүмпуді ірке алмаймыз. Жиналған жұрт  арасында немесе жұмыста жүргенімізге онша мән бермейміз. Ал, әрбір сөздің маз­мұны іс-әрекетіміз бен қимы­лымыздан бірден-бір кем емес. Атақты жазушы Ілияс Есенберлин: «Ауыздан шыққан суық сөз жүрекке жеткенше мұзға айналады» депті.
Жалпы, осы мазмұндағы данышпандар айтып кеткен ақылды сөздердің бастауы ислам дінінде жатыр. «Бір адамның көңілін қалдыру Қағбаны қиратқанмен тең» – дейді ­қас­и­­етті хадисте.
Сондықтан орнықты әңгімелесу, сөйлесе білу, ой-пікірін орамды жеткізу – адам мәдениетінің бір саласы. Жақсы әңгімелесуші болудың бір ғана тәсілі бар, ол – тыңдай білу. Кейбір кісі сенің не айтып жатқаныңды тыңдамайды, анығында тыңдағысы келмейді, тек өз сөзі өтсе, болды. Бұл расында әңгімелесуші екінші адамның көңілін қалдырады, енді қайтып ол кісіге өз ойын ашық айтуды қаламайды, өйт­кені – «тыңдалмаған сөз жетім».
Адам мәдениеті мен оның тәртібінің өзара байланысты болуы – табиғи іс. Қоғамда жасанды түрде кішіпейіл болып көрінгісі келетін, жалған жақсылық жасауға тырысатын адамдармен жиі кездесеміз. Олар әдетте адам тағдырына, қайғысына немкетті қарайды, жақсыны көре алмайды. Сенің жетістіктерің мен кемшіліктеріңді көре тұрып, оларды көлгірси жақтайтын немесе бас изеп құптайтын адамдарға жоламау керек. Ондай адамдар – жарамсақтар, сырт айналып ғайбат сөйлеушілер. Тағы да дінімізге жүгінейік, исламда «Алла шексіз жомарт, барлық күнәңді кешіреді, ғайбаттан басқа» деген. Себебі не? Ғайбат адал, ақ адамды қаралап, күйе жағып, оның отбасындағы не қоғамдағы орнын жоғалтады. Өмірде нақақ күйіп, бақытсыз болып қалғандар қанша? 
Құйрығы шаян, беті адам,
Байқамай сенбе, құрбыға!
Жылмаңы сыртта,
іші арам,
Кез келер қайда сорлыға, – деп Абай дана айтпақшы, мұндай адамдар жақсылыққа жеткізбейді.
Мәдениетті адам өзін-өзі қарапайым, табиғи жағдайда ұстайды, кез келген жерде бірдей мінез көрсетеді, өзін қоршаған басқа адамдармен қарым-қатынас орнатқанда олардың қызметіне, лауазымына, туысқандық байланысына қарамайды, керісінше олардың кісілігіне, мәдениеттілігіне сай қарым-қатынас жасайды. Ол өз-өзіне сын көзбен, өз ісіне жауапкершілікпен қарайды, күдіктенеді. Өз пікірін өткізуге тырыспай, басқаларды да тыңдайды.
Жалпы алғанда өз пікірін, іс-әрекетін басқа адамдардың көзқарасымен бағалау, өзіне өзі сын көзбен қарау – адам мәдениетінің жоғары көрсеткіші.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
05 қазан 2019 ж. 2 043 0