Немере несімен тәтті?
Жаһандану деп жар салған заманда жетегіне ерсең, жетектей жөнелетін жөнсіздік жетіп-артылады. Әсіресе жас буынның тәрбиесіне келгенде төрт тағандап әзер тұрған елдер көп. Шартараптағы ақпаратты талғаусыз көріп, қыздан қылық, ұлдан ұят кеткені жасырын емес. Ақыр аяғында самайына ақ түсіп, бойы еңкіш тартқан, жүзінде талай жылдардың табы жатқан ата-әжеге құрметіміз азайды. Расында, бүгінгі ұрпақ үйіндегі қариясын қаншалықты бағалап отыр? Сәйкесінше, самайы ағарған ақ шаштылар ізінен ерген кішкентайлардың санасына титімдей тәрбиесін сіңіре алды ма?
Жаңаның басында – немере, ескінің соңында – ата тұр. Ықылым замандардан ұлтымыз мұрагер мәселесіне өте терең мән берген. «Ұл өссе – ұрпақ, қыз өссе – өріс» деген. Баласы есейіп, ес білгеннен шаңырақ көтеріп, келін түсіруді әрбір ата-ана мақсат еткен. Себебі, тіршілік пен жастық балаға деген махаббатын жас күнінде байқатпайды. Ал қартайып, шашына ақ түскеннен кейін, бір шақалақты қолына алып, бауырына басуды қалаған олар баласын үйлендіріп, немерелі болуды асыға күткен. Негізі ата-әжесі тұңғыш немересін өз бауырына басу – бұрыннан бар үрдіс. Ал бүгінде жатырынан шыққан баласын қызғанып, жас келіндер қарттарға немерелерін жуытпай, тіпті көрсетпеуді шығарған. Мұндайда қариялар өзегі өртеніп, немересінің маңдайынан иіскей алмай зар болады. Тіпті кей қарт баласы мен келінін ойлап, көп жағдайда бас болуға, ақыл айтуға да қауқарсыз. Келінінің дегенімен жүріп, немересін апталап көрмегенге де көндіккен. Десек те бес саусақ бірдей емес. Келіннің кесірі деп сөккенімізбен, қазіргі кей қарияның самайдағы ағарған шашынан басқа, сүйсіне қарайтын қарттығы қалмаған. Немересіндей қызбен көңіл жарастырып жүрген шал-шауқанның барын да жасыра алмаймыз. Неліктен? Осындайда жас күнінде тоймаған қыз-қырқынға қартайғанда қырғидай тигені несі деп те таңдай қағасың. Бәзбір әжелер де келінімен жаға жыртысқанына мәз, екі оттың ортасында қалған немересі мен баласын ойламайтын да болған. Бұл – бүгінгі қоғамның келбеті. Не десек те, немере бәрібір ыстық. Екі әулетті бітістіріп, құдаларды мың жылдыққа туыстыратын да – осы немере. Қазақ құда мың жылдық дегенде, сірә, немеренің екі шаңырақты жақындастырар алтын көпір екендігін біліп айтқан болар, бәлкім? Бүгінде арамызда немере-шөбересінің ортасында бақытты әже, бақытты ата атанғандар жетерлік. Солардың көзқарасымен, солардың ықыласымен немере ұғымын тағы бір таразылап көрелік.
Мәдина Бейсенова, Шиелі ауданы, Қосүйеңкі ауылы, 5 немеренің әжесі:
– 18 жасымда тұрмысқа шығып, отбасылық өмірге ерте араластым. Алғашқы баламды 19 жасымда дүниеге әкелдім. Қазір 6 баланың анасы, 5 немеренің әжесімін. Жасымыз егде тартқан шақта сәби иісін сезіну үлкен бақыт деп білемін. Сол бақытымды бағалап, немерелерімді еркелетуден шаршаған емеспін. Қалай шаршайын?! Әр қылықтары мен айтқан сөздері өте тәтті, әрі сондай қызық. Отбасымызда солардың қылығына қарап, бір ыдыстан су ішкен балапандай шүпірлей жинала қаламыз. Кейде олар атасы екеумізге арқа сүйеп, өз әке-шешелерін тыңдамай кетеді. Ол кезде іштей соларға сүйсінесің. Бізге сенгені, бізді ерекше жақсы көретіні қуантады. «Немере не сұраса соны бер, балалық шағың есіне түседі» деген бар емес пе, сол сияқты біз де соларға қарап балалық, жастық кезеңдерімізді көңіл сүзгісінен өткіземіз. Оларды қанша еркелетіп, ылғи жанымызға алып жүрсек те бір жалықтырмайды. Мүмкін тәттілігі өзіне тартатын шығар?! Келінім де құрақ ұшып, алдымыздан кесе көлденең өтпейді. Немерелерімді көре алмай қаламын, құшақтай алмай қаламын деген ой болған емес менде. Аллаға шүкір!
Наржан Ділманов, Шиелі ауданы, Жансейіт ауылының тұрғыны, 14 немеренің атасы:
– Немере ұрпағыңның жалғасы болғандықтан тәтті. Олар көбейген сайын әулеттің болашағы бұлыңғыр болмайтынын түсінесің. Аллаға шүкіршілік етесің. Алып бәйтеректей жапырағы жайқалып жатқанын сезінесің. Олардың сәби күлкісі, қылықтары еріксіз баурайды. Қазір қолымыз бос кезінде немерелермен бірге ойнап, бір сергіп қаламыз. Баламен бала болмасаң олардың әлеміне ене алмайсың. Өзіміз балалы болғанда жас едік. Сәбилеріміз көз алдымызда өсіп кетті, тіпті байқамай қалдық. Ал немеренің қалай тәй-тәй басып, тілі былдырлап шыққанын қалт жібермей отырамыз. «Өз балаңды өскенше, немерені өлгенше бағасың» деген осы шығар.
Түйін. Немере, расында, несімен тәтті? Тәтті-тәтті деп тәлпіш етіп жібермейміз бе? Қалғанын өзіңіз бажайлаңыз, оқырман!
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА