Ел еңсесін көтерген Жолдау
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы негізгі бағдарламалық құжат ретінде барша Қазақстан жұртын ел келешегінің дамуына жұмылдыруға бағытталып отыр. Осы орайда Президент елдің әлеуметтік жағдайын көтерудегі әрбір ведомствоның жауапкершілігін нақты дәлелдермен көрсетіп берді. Әлеуметтік сала, ауыл шаруашылығы, білім, өнеркәсіпке, сот жүйесіне, ішкі істер саласына қатысты нақты талаптар қойды.
Бүгінде қол жеткізген жетістіктеріміз баршылық. Экономикамыз дамып, салаларда серпін байқалады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қаншама құнды дүниелерге қол жеткіздік. Ендігі кезекте әрбір Қазақстан азаматы ел алдындағы жауапкершілігін түсіне отырып, заманауи жаңалықтарды игерумен қатар, өз отбасының білім алуына, денсаулығының саламатты болуына ерекше ыждаһаттықпен қарауы тиіс. Сонымен қатар өркениеттен жырақта жатқан ауыл-аймақтар қалалармен тығыз байланыс орната отырып, ауыл-қала арасындағы алшақтықтар жойылса, ауыл өндірісі мен қала тіршілігі бір-бірімен астасып жатса, көптеген мәселелер шешімін тапқан болар еді. Өндіріс, өнеркәсіптердегі жұмысшыларға төленетін еңбекақы мөлшері өз деңгейінде төленіп, жұмыскердің әлеуметтік қажеттіліктері қиындықсыз шешіліп отырса, осы қадамның өзі біздің жарқын келешегімізге жасалған бастамалардың бірі болып табылатыны сөзсіз. Бір ел болып жұмыла жұмыс істеу дамыған 30 елдің қатарына енудің ең басты жолы.
Дінмұхамед Жахаев,
Шиелі ауданы тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы