Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Полицейлер ала таяқты қай кезде қолдана алмайды – министрдің жауабы

Полицейлер ала таяқты қай кезде қолдана алмайды – министрдің жауабы

Тұрғымбаевтың айтуынша, полицейлерге жол бойында ала таяқпен тұруға қажеттілік жоқ. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев полицейлерге ала таяқты қайтаруға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министр ала таяқ тек жол қозғалысын реттеу үшін қолданылатынын атап өтті.

"Жол апаты кезінде, жол нашар көрінгенде, бағдаршам істен шыққанда, жөндеу жұмыстары кезінде көлікке бағыт-бағдар берген кезде, үлкен делегациялардың колонналарын алып жүру үшін қолданылады. Басқа мақсатта ала таяқты қолдануға тыйым салынған", - деді Тұрғымбаев мәжіліс кулуарында.

Айтуынша, қазір жолда көлік ағыны көп болғандықтан, олар үш-төрт қатармен жүреді. Осы кезде инспектор ала таяқпен көлікті тоқтатқан кезде, бұл жол қозғалысы қатысушылары үшін де, инспектордың өзі үшін де қауіпті.

"Сондықтан біз бұлай тоқтатуға тыйым салдық. Қазір бүкіл жерде бейнебақылау жүйесі бар. Әр автокөлікте камера орнатылған. Кез келген заң бұзушылық тіркеледі. Сол себепті жол бойында ала таяқпен тұрып, тоқтатуға қажеттілік жоқ", - деді ІІМ басшысы.

Тұрғымбаев инспекторларға тәуліктің қараңғы уақытында және тұман кезінде ала таяқсыз жұмыс істеу қиынға соққанын жеткізді. Тіпті, 5 қызметкер бағдаршам істен шыққан кезде, жол қозғалысын реттеп жатып дене жарақатын алған.

"Әрине, бұл инспектордың өмірі үшін қауіпті. Әрі жол қозғалысының қатысушылары үшін де түсініксіз жағдай", - деді ол.

Айтуынша, қазіргі таңда жаңа ала таяқтар сатып алуға өтінім түспеген. Ал бұрынғы ала таяқтардың барлығы осы уақыт бойы қоймада сақталыпты.

Ішкі істер министрлігі 1 қыркүйектен бастап жол қозғалысын реттеу үшін ала таяқты қолдануға көшкен еді.
05 қыркүйек 2019 ж. 758 0