БҰҰ бас хатшысының арнайы өкілі «Жусан» операциясының нәтижелерін жоғары бағалады
BAQ.KZ. Сыртқы істер министрлігінде Орталық Азиядағы превентивті дипломатия мәселелері талқыланды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Сыртқы істер министрлігінде сыртқы саяси ведомствоның басшысы Бейбіт Атамқұловтың БҰҰ Бас хатшысының Арнайы өкілі - БҰҰ Орталық Азиядағы превентивтік дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Наталья Германмен кездесуі өтті», - делінген хабарламада.
Кездесу барысында бейбітшілік пен қауіпсіздік, терроризмге қарсы күрес, су-энергетикалық проблематикасы, превентивті дипломатияны нығайту салаларындағы өңірлік ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
СІМ басшысы Қазақстанның БҰҰ Өңірлік орталығының қызметін толығымен қолдайтынын атап өтті. Орнықты даму, бейбітшілік және қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы Қазақстанның бастамаларымен таныстырды.
«Наталья Герман терроризмге қарсы күреске Қазақстанның үлесі, атап айтқанда, Сирия аумағынан қазақстандық азаматтарды шығару жөніндегі «Жусан» гуманитарлық операциясының нәтижелерін жоғары бағалады. Операция нәтижесі бойынша әскери қақтығыс болып жатқан аумақтарынан 600-ге жуық азамат шығарылған. Орталық басшысының айтуынша, ұқсас операцияны өткізу бойынша тәжірибені қабылдауға қызығушылық білдіріп, Орталық Азияның басқа елдері де іске асырды», - деп хабарлады СІМ-де.
БҰҰ өкілі қақтығыстарды алдын алу мен шешу, бейбітшілік құру, бітімгершілік процестеріне әйелдер мен жастарды қатыстыруға бағытталған Өңірлік орталығының жаңа бастамаларымен таныстырды.
Тараптар трансшекаралық суды пайдалану және қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, су ынтымақтастығы бойынша Орталық Азия елдерімен бірлескен Көпжылдық тұжырымдамасын дайындау қажеттігін атап өтті.
Министрліктің мәліметінше, БҰҰ Орталық Азиядағы превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығы қақтығыстарды алдын алу саласындағы өңірлік елдерінің әлеуетін нығайту үшін 2007 жылғы 10 желтоқсанда Ашхабад қаласында Орталық Азия елдерінің бастамасымен ашылған.