Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЗАҚСТАН ТӨРАҒАЛЫҒЫНЫҢ БЕС БАСЫМДЫҒЫ

ҚАЗАҚСТАН ТӨРАҒАЛЫҒЫНЫҢ БЕС БАСЫМДЫҒЫ


Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петерборда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Пар­ламенттік ассамблеясы кеңесінің отырысында сөз сөйледі.
Сенат басшысы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Минск саммитінде белгілеген Қазақстанның 2018 жылы ҰҚШҰ-да төрағалық етуіндегі бес басымдығы туралы әріптестерін хабардар етті. Олар – мүше мемлекеттердің әскери саладағы өзара іс-қимылы тетіктерін кеңейту, әскери-техникалық ынтымақтастықты іс жүзінде ұйым­дастыру, ҰҚШҰ-ның тер­роризмге қарсы жаһандық іс-қимылдың халықаралық жүйесін қалыптастыруға қатысуы, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің кибер қауіпсіздікке қарсы әрекет етудің бірлескен әдістері және есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл шараларының тиімділігін арттыру.
Қ.Тоқаев әлеуетті құрылым­дардың жедел әрекет етуі мен жұмыстарының реттелуін арттыру үшін ҰҚШҰ Бірлескен штабы мен Дағдарысқа әрекет ету орталығы жаңа құрылымының тиімді қыз­метін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Ол халықаралық терроризмге және зорлық-зомбылық сипатын­дағы экстремизмге қарсы іс-қимыл аясында Қазақстан өз қызметін ҰҚШҰ-ның өзара іс-қимыл жасау аясын БҰҰ-ның терроризмге қарсы құрылымдарымен кеңейту мәсе­лелеріне, сондай-ақ халықаралық салада терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бірыңғай әдіс­терді әзірлеуге және ілгерілетуге шоғырландыруды жоспарлап отырғанын атап өтті.
– Осыған байланысты, Минск сессиясы барысында Елбасы халықаралық аренада терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бірыңғай тәсілдерді бірлесіп ілгерілетуді ұсынған болатын. Мұнда ең алдымен, ҰҚШҰ-ға мүше елдер азаматтарының шет елдерге, террористік әрекеттер өршіп тұрған ошақтарға шығуына жол бермеуге бағытталған бірлескен профилактикалық іс-шаралар туралы, сондай-ақ қоғамдық санада радикалды саяси және діни көрі­ністердің кез келген нысан­дарын қабылдамау түсінігін қалыптастыру жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмысы туралы сөз болып отыр, – деді Сенат басшысы.
ҰҚШҰ-ның одан кейінгі басым­дығы – киберқауіпсіздігі қатері туралы айта келіп, Қ.Тоқаев осы ұйымға мүше мемлекеттердің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымдары нысандарына бағытталған компьютерлік шабуыл­дарды жою жөніндегі шара­лар әзірлеу, сондай-ақ ақпа­раттық-коммуникациялық тех­нология саласындағы анықтал­маған мүмкіндіктерді зерттеу әдістері бойынша тәжірибе алмасу үшін ұйымның үнқатысу алаң­дарын кеңінен пайдалану қажет­тігін атап өтті.
Қазақстан есірткілердің заңсыз айналымына қарсы шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталған ҰҚШҰ-ның қызметін аса маңызды бесінші басымдық деп санайды. Біздің еліміз ҰҚШҰ-ның 2015-2020 жылдарға арналған Есірткіге қарсы стратегиясын жүзеге асыруға күш салуға, оған БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы Алматыда құрған Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының өкілдерін тартуды ұсынып отыр.
Қ.Тоқаевтың пікірінше, ҰҚШҰ-ның басқа халықаралық және аймақтық құрылымдармен, оның ішінде БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ және АӨСШК-пен тығыз байланыс орнамайынша белгіленген бағыт­тар бойынша тиімді жұмыстар жүргізу мүмкін емес.
Қазақстан Сенатының басшысы сондай-ақ ТМД ПАА Кеңесінің отырысына да қатысты. Отырыс барысында Кеңес мүшелері – Ассамблея құрамына енетін делегациялардың бас­шылары Ассамблея мен оның Хатшылығының жұмысына қатысты бірқатар мәселелерді қарады, ТМД ПАА-ның 2017 жылғы жұмысын қорытындылады және алдағы кезеңдегі жұмыс жоспарын талқылады.
Парламентшілер ТМД ПАА Экономика және қаржы, Саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық, Қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиялардың отырыс­тарында үлгілік заңдардың жоба­ларын талқылады.
Айхан ШӘРІП
13 сәуір 2018 ж. 964 0