Аузында әзілі жоқтың қолында шоқпары болар
Өткен жұмада Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде Шиелі КТА лигасының ұйымдастыруымен жазғы кубок үшін ойын өтті.
Бұл көңілді тапқырлар алаңына ауданнан және Қызылорда қаласынан келген 5 команда қатысып, «Сәлемдесу», «Жамбы ату» сайыстары бойынша сынға түсті. Қағытпа қалжың, астарлы әзілмен өз ойын ортаға салған ойыншыларға Шиелі КТА құрамасының ойыншысы – Мұхамеджан Зарқұм, «Тек қана қыздар» командасының ойыншысы – Жазира Шармаханова, «ҚазПромКоммерц» компаниясының директоры Нұрдәулет Садықов және «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалының кеңесшісі Ерболат Мұхтаров қазылық етті.
Ойын нәтижесі бойынша Тасбөгеттен келген қатысушылар үздік деп танылып, кубокты және қаржылай сыйақыны қанжығасына байлады.
Айта кеткен жөн, биылғы ойынға «ҚазПромКоммерц» компаниясы қолдау білдіріп, демеушілік жасады. Аталған компанияның директоры Нұрдәулет Нұрланұлы осы уақытқа дейін Шиелі кентін көгалдандыру жұмыстарымен айналысып келеді. Алдағы уақытта жастардың жарқын ісіне көмек беріп, өзінің тарапынан тың идеялар ұсыну ойында бар. Шара барысында осыны ескерген «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы Н.Садықовқа алғыс хат табыстады.
М.БОЛАТ