Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүйелі жұмыс, нақты нәтиже

Жүйелі жұмыс, нақты нәтиже

Сәрсенбі күні Көкшоқы елді мекеніндегі баспасөз орталығында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратованың қатысуымен брифинг өтті. Жиында аталған бөлімнің осы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмысы мен алдағы жоспары туралы баяндалды.
Жібек Баймұратова сөз басын Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауы мен Президент Қ.Тоқаевтың «Он негізгі бағыты» аясында ұйымдастырылған жұмыстары туралы бастады.
– Президенттің мақаласында біздің сала бойынша бірнеше бағыт сәйкес келеді. Соның ішінде халықтың табысын арттыру, әл-ауқатын жақсарту, тұрғын үй мәселесін шешу, өңірді дамыту, көпвекторлы сыртқы саясат, соттық-құқықтық реформа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-шаралар жасау, сондай-ақ жастарды қолдау сияқты бөлімдерін айтуға болады, – деді.
Жылдағы дәстүрге сәйкес биылғы жылы алтын құрсақты аналар да назардан тыс қалмаған. Аудан әкімі халықтың демократиялық жағдайының өсуіне үлес қосып жүрген 26 көпбалалы анаға алтын және күміс алқа табыстады.
Төрт жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында Шиелі ауданы қуантарлық нәтижеге қол жеткізген. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша бас жүлдені қанжығасына байлап, республикалық кезеңге жолдама алған Қиянбековтер отбасы аудан мерейін бір көтеріп тастады. Бұл да болса, ауданның облыс, республикалық сайыстарда көш бастап тұрғанының дәлелі.
Ж.Баймұратова одан әрі «Атамекен» кіші бағдарламасының «Жомарт жүрек» жобасына тоқталды. Аталған жоба қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, мұқтаж жандарға шама-шарқы келгенше көмек көрсетіп жүрген бизнес өкілдерін, үкіметтік емес ұйымдарды, ерікті жастарды марапаттауға көзделген. Шиелі ауданы да туған жерін гүлдендіруге, жандандыруға, өсіруге кішігірім үлес қосып жүрген біртуар азаматтарға кенде емес. Бұл да болса, ата-бабадан келе жатқан тәрбиенің, қазақы қасиеттің жоғалмағандығының көрінісі десек болады. Осының аясында биылғы жылы бірқатар азамат марапатталды. Жиын Ж.Баймұратованың «Жастар жылы» аясында атқарған жобаларды таныстыруымен жалғасты.
– Биылғы жылы жастарға патриоттық тәрбие беруге, жұмыссыз жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, өнерлі жастарды қолдау мен жастар шығармашылығын дамытуға арналған бас-аяғы 3 жоба жүзеге асатын болады. Қазіргі таңда соған келісімшарт жасалып, жұмыстар жүруде, – деді.
Елімізде өзекті мәселенің бірі – жұмыссыздық. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жастар арасындағы жұмыссыздық өткен жылмен салыстырғанда 3,7 пайызға төмендеген. Аудан бойынша 644 жас жұмыспен қамту мәселесі бойынша тіркелсе, бүгінде оның 55,1 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның ішінде ұзақ және қысқа мерзімді курстар, әлеуметтік жұмыстар, жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыстар, кәсіпкерлік оқыту бар. Жаз маусымы кезінде кентте форма киіп, аула тазалап жүрген жастардан құралған «Жасыл ел» жасағын көресіз. Бұл жасақ 100-ден аса жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтуға септігін тигізіп отыр. Бұдан бөлек Жібек Баймұратова мемлекеттен бөлініп жатқан гранттарға жастарды тарту мақсатында тиісті шаралар ұйымдасып жатқанын да айта кетті. Мемлекеттен қайтарымсыз ақша ұтып, өз кәсібін бастап жатқан жас кәсіпкерлер осының дәлелі. Ж.Баймұратова:
– Алдағы уақытта әңгімемізге арқау болған «Жастар жылы» аясында «Жас кәсіпкер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Бәйгеқұм – туризм алаңы» атты облыстық жас кәсіпкерлер слетін ұйымдастыру, тамыз айында «Сыр ұланы» тынығу лагерінде жұмыссыз, шығармашыл жастарды бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ұйымдастырылған «Шиелі жастар КАМП – 2019» атты жазғы саяси лагерін 5 күндік қылып өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар «Тұлғатану» жобасы аясында ауданға танымал, белгілі бір жетістікке жеткен жандармен кездесу ұйымдастырмақпыз, – деп алдағы жоспарларымен де бөлісті.

Фариза КЕНЖЕШОВА

16 тамыз 2019 ж. 668 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930