Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қауіпсіз қоғам – бейбіт елдің бесігі

Қауіпсіз қоғам – бейбіт елдің бесігі


Аудан басшысы Әшім Оразбекұлы Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауына байланысты аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен насихаттық жиын өткізді. Жиынға аудан прокуроры, әділет кеңесшісі Әліби Зейнуллаұлы және учаскелік полиция қызметкерлері қатысты.

Кездесудің тізгінін алған аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы С.Тоқтыбаев жиынды ашып беріп, мән-маңызын атап өтті.
Мұнан соң Жолдаудан туындайтын міндеттерді түсіндіріп, таратып айту үшін мінберге Ә.Оразбекұлы көтерілді. Негізгі он басым бағыт бойынша тоқталған Ә.Оразбекұлы еліміздің қазіргі таңда әлемдік сынақтарға төтеп беруге, қарқынды экономикалық, техникалық дамуға бағытталған реформаларды жүзеге асырып отырғандығын баса айтты.
– Жолдауда негізінен экономиканың, өнеркәсіптің мәселелері ғылымға, техникаға, ғылыми-зерттеу жұмыстарының жаңалықтарына негізделген, яғни, бұрынғы дәстүрлі технологиялардың барлығы ысырылып шығарылған, оның бірінші, екінші, үшіншісінен өтіп, төртіншісіне келіп отыр. Сондықтан, Жолдаудың негізгі мақсаты – жаңалықтарға, жаңа технологияларға, әсіресе, ақпараттық технологияға негізделген. Бұл Жолдау бірден тақыр жерден болмаса табан астынан пайда бола қойған жоқ. Жолдаудың алғышарттары біраз уақыттан бері жасалып келе жатыр. Ел президентімен, үкіметтің басқа органдарымен «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасы дамыған отыздыққа енуге бағытталған негізгі құжат. Ол өзгеріссіз қалады. Жолдау соның жалғасы деп қарауымыз керек, – деді. Әрі қарай тарихи маңызға ие құжаттағы индус­триялды жаңғыру мәселесі тереңнен қозғалып, ауданнан осы бағытта орындалып жатқан жұмыстар легіне тоқталды. Тампонажды цемент зауыты, асфальт-бетон зауыты, молибденді ваннади өндіріс орындары бұл тақырыптың өзегіне айналды. Сонымен қатар, «Цифр­лы Қазақстан», «Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту», «Ақылды технологиялар», «Транспорттық және логистикалық инфрақұрылымды дамыту», «Құрылыс және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу», «Қаржы секторын қайта құру», «Адами капиталды жаңғырту», «Тиімді мемлекеттік басқару», «Жемқорлықпен күрес», «Ақылды қалалар» мәселелеріне тоқталып, олардың мәні мен мазмұнына өз ойын сабақтады аудан әкімі Ә.Оразбекұлы. Маңызды құжаттың екінші басымдығында көрсетілгендей, кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясын кеңейтуге зор мүмкіндік беретіндігін түсіндіріп, отбасылық кәсіп, жеке кәсіп және шағын шаруа қожалықтарды арттыру арқылы экономикамыз да қарқынды дамитындығын жеткізді.
Білім саласына бағыт бұрылғанда ғылымның, білімнің және ең бастысы IT саласының дамуы туралы кеңінен қозғалды. Келешектің тізгіні білімді ұрпақ қолына бекер сеніп тапсырылмайтындығы, елді дамытамын дейтін әрбір ұрпақ алдымен IT технологиясын жетік меңгеруі қажеттігі, үшінші қазақ және орыс тілдерінен бөлек, ағылшын тілінде еркін сөйлеп және төртінші өз-өзімен жұмыс жасай алуы сөз болды. Сапалы білімі мен саналы тәрбие туралы да ой назардан тыс қалмады.
Жиын соңында Ә.Оразбекұлы облыс көлемінде сыбайлас жемқорлық, есірткіге байланысты қылмыс, жол-көлік оқиғалары, мал ұрлығы фактілерінің көрсеткіштері бойынша алдыңғы қатардан орын алуымызға қынжылысын білдіріп, жұмыстардың жүйелі атқарылуы қажеттігін нықтады.

Дина ӘБІЛАСАНҚЫЗЫ.
10 ақпан 2018 ж. 884 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930