«Құқықтық тәртіп» барысында іздеуде жүрген 15 қылмыскер ұсталды
Елордада бір аптаның ішінде 5 мыңнан астам құқықбұзушылық дерегі тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл ішкі істер органдары мен қосымша күш құрылымдарының қатысуымен өткен «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы барысында анықталды. Жедел шара барысында тұрғын жай аулалары, пәтерлер, сауда орындары тексерілді. Шаһардың шеткі аумақтары, әсіресе саяжайлар орналасқан тұстары ерекше назарға іліккен. Криминалдық полиция өкілдерінің айтуынша, іздеуде жүрген 15 қылмыскер құрықталған. Сонымен қатар қоғамдық орында мас күйінде жүрген 900-ге тарта азамат жауапқа тартылды.
Ғұсман Жакин, қалалық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының басшысы:
– Өткізілген шара қоғамдық тәртіп сақтау, жолдағы қауіпсіздік, заңсыз көші-қон фактілерін болдырмау, қоғамдық орындар мен көшелердегі қылмыстың алдын алуға бағытталған. 350-ден астам белгіленбеген жерде сауда сатқан, 300-ден астам ұсақ бұзушылық анықталды. Елорда аумағында абаттандыру ережесін бұзғаны үшін 1200 жеке және заңды тұлға анықталды.
24.kz