Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тартылыс заңына бағынбайтын өнертабыстар

Тартылыс заңына бағынбайтын өнертабыстар

Технология саласы дамыған сайын ауада қалықтап жүретін заттарды жасау да оңай болуда. Магнит өрісінің көмегімен «ұшып» жүретін төменде келтірілген заманауи жиһаздар үйіңіздің сәнін келтіретіні анық. Сол заттарға шолу жасап көрейік.

Ұшатын үстел


Яна Кристиаэнс атты дизайнердің бұл үстелді ойлап табуына заманауи пойыздардағы магнитті аспалар себепші болған. Магнит өрісінің күшін азайту, не көбейту арқылы үстелдің биіктігін дұрыстауға болады.

Бұлт тәрізді диван


Cloud Sofa — D.K. & Wei студиясының дизайнерлері ойлап тапқан дүние. Магнит өрісі арқылы қалықтап тұратын диван әзірге дизайнерлердің қиялы мен блогтарында ғана өмір сүруде. Алайда, олар шамамен алғанда 10 жылдан кейін бұл армандары жүзеге асады деп сенеді.         



Silhouette  шамы

Шығармашылыққа толы левитация технологиясымен айналысатындардың бірі - Crealev  компаниясы. Негізін салушылар – Гер Янсен және оның қызы Анжела Янсен. Бірі технологиясына жауап берсе, екіншісі қолданылуы мен дизайнын ойластырады. Сөйтіп, Анжела «екіге бөлінген» шам ойлап тапты. Шам жарық диодтары арқылы жарықтанса, шамның екінші бөлігі электромагниттердің әсерінен ауада тұрады.

Crealev компаниясының өнімдері жалғыз шаммен шектелмейді. Жарнама жасаушылармен, суретшілермен, өндіріс құралдарын шығарушылармен бірігіп, кроссовка, қалпақ, тас, ховерборд сияқты заттарды да «ұшырған». 


Үй жануарына арналған ұшатын кілем

Азот бұлты арқылы ауа райын болжайтын шамымен танымал MiCasa Lab компаниясы үй жануарларына арнап ұшатын кілем жасады. Бұл кілем салмағы 2,4 келіден аспайтын, бойы 7 сантиметр болатын жануарларға арналған. Кілемнің келесі нұсқасы бойы 20 сантиметр, салмағы 10 келі болатын жануарларды көтере алады деп жоспарлануда.

Сымсыз шам


Джефф Либерманның шамы қосымша қуаттаусыз-ақ  ауада қалқып, ұзақ жылдар бойы қызмет ете алады. Сымсыз қуат жүйесі бұл шамға әдеттегі қызатын шамдарға қарағанда аз энергия жұмсауға көмектеседі.

Компьютер тышқаны

The Bat — KIBARDINDESIGN бюросы жасап шығарған ұшатын тышқан. Кәдімгі компьютер тышқандарынан еш айырмасы жоқ, тек бір ғана ерекшелігі – ұша алатындығы. Тышқанға күш түсірілмеген жағдайда үстел үстінен  40 миллиметр биіктікте, қолдың салмағы түссе 10 миллиметр биіктікте тұра алады. The Bat тышқаны тышқанмен ұзақ уақыт жұмыс жасайтындардың білегінің зақымданбауы үшін жасалған.

Суретке арналған жиек

Бұл жиекті әдеттегі еріккеннің ермегі деп ойлауға да болады, бірақ жұмыс үстелінде осындай заттың тұруы кімге ұнамасын? Үстел шамына ұқсайтын бұл аксессуардың бағасы 8000 теңге шамасында. Басты бөлігі магнит өрісі арқылы суретке арналған домалақ жиектерді үздіксіз айналдырып тұрады.


Levitron ойыншығы 

Levitron — әмбебап ойыншық. Салмағы 100 грамнан аспайтын заттарды осы ойыншық арқылы ұшыра аласыз. Ойыншық ұшақты немесе сүйікті кейіпкердің қуыршағын арнайы тағанға қойсаңыз болғаны.


Bluetooth-дыбыс бағаны


Аудиоаксессуарлар өндіретін OM Audio компаниясы әуеде қалықтап тұратын жаңа Bluetooth-дыбыс бағанын ұсынып, маңызды қадам жасады. OM/One дыбыс бағаны – магниттің әсерінен ауада тұратын шар тәрізді сымсыз дыбыс жабдығы. Бағанның қуаты – 3 Вт, максималды дауыс қаттылығы – 110 дБ. Ішіне орнатылған аккумулятор 15 сағат бойы үздіксіз музыка ойната алады. Engadget шолушыларының айтуынша, OM/One дыбыс бағаны дыбысты таза әрі сапалы етіп шығарады.


Ғарыштан келген тұз сауыт



Италиялық дизайнер Сон Моччи тамақтанатын әрбір үстелдің ғарыш кеңістігін еске түсіргендігін қалайды. Сол себепті жат ғаламшарлықтардың ұшатын тәрелкесін еске түсіретін, үстелде қалқып тұратын тұз сауыт пен бұрыш салғышты ойлап шығарған. Бұл заттарды неодимді магнит пен арнайы тұғыр ұстап тұрады.  Болашақтың дүниесі атанған бұл заттар көзді қанша қызықтырса да, магнит өрісінің денсаулыққа келтіретін зиянын да ұмытпаған жөн. 

Massaget.kz сайты
04 тамыз 2019 ж. 699 0