Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Періштесі қаққан сәбилер

Періштесі қаққан сәбилер



Астана, BAQ.KZ. Астана қаласындағы №2 Қалалық балалар ауруханасында жыл басынан бері балалардың ағзасынан тиын, ине, магнит, ойыншық және тағы да басқа ірілі-ұсақты 159 бөгде заттар шығарылған. Бас дәрігер Біржан Серікбекұлы балалар арасында осындай жағдайлар жиі кездесетінін айтты.

Балалардың ағзасындағы бөгде заттарға қатысты презентация барысында №2 Қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Біржан Досмаилов мұндай жағдайлар көбінесе 1-3 жастағы сәбилер арасында жиі болатынын айтты.
«Бөгде заттар баланың ағзасына көбінесе құлақ, мұрын, ауыз арқылы түседі. Тыныс алу жолдары арқылы кірген зат мұрын ішінде, кеңірдекте, өкпе тінінде тұрып қалуы мүмкін. Ең қауіпті жер – көмей мен кеңірдек. Тез арада медициналық көмек көрсетілмеген жағдайда бала ауа жетпегендіктен арада 1-2 минут өтпей-ақ көз жұмуы мүмкін», - дейді ол.

Балалардың ағзасынан алынған бөгде заттар
2017 жылы балалардың тыныс алу жолындағы бөгде заттарды алу жағдайы 30 рет болса, 2018 жылы қазіргі уақытқа дейін 27 жағдай болған. Сондай-ақ, 2017 жылы асқорыту жолындағы бөгде заттарды алу жағдайы 129 рет болса, 2018 жылы 131 жағдай тіркелген.
«Мысалы, кішкентай бала бірнеше магнит жұтып қойған жағдай болды. Ойнап жүрген бала жерде жатқан иненің үстіне құлап, ол басына кіріп кеткен жағдай да болды. Қаламсаптың басын жабатын затты бала көзіне кіргізіп алып, ол миына қарай өтіп кеткен оқиға да болды», - дейді бас дәрігер.

Қуанышқа орай, осындай оқыс жағдайға тап болған балаларды дәрігерлер аман алып қалған. Оның айтуынша, кез келген бала көзіне көрінген затты қолмен ұстап, аузына салып көруге құмар болады. Сол себепті ұсақ, жылтырақ заттарды баланың қолы жетпейтін жерге қойған дұрыс.
«Еңбектеп жүрген, өсіп келе жатқан балаға өте мұқият қарау керек. Өз дене мүшелерін «зерттеп» отырған бүлдіршін қыз бірнеше магнитті қуығына кіргізген жағдай да болды. Әр ата-ана, апа мен ата балаларының, немерелерінің өмірі үшін жауапты. Оқыс деген аяқ астынан болады, сондықтан оларды көзден таса қылмай, қауіпті заттарды көзге көрінбейтін, қол жетпейтін жерге қойған дұрыс», - дейді ол.

05 желтоқсан 2018 ж. 930 0