Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел есіндегі есім

Ел есіндегі есім



Кеңес өкіметінің тұсында осы күнге жету үшін қаншама маңдай тер төгілді. Әкелеріміз каналды кетпенмен қазды, шөпті, астықты қолмен орды, соқаны атқа, өгізге жегіп, жер жыртты, қой бақты. Аналарымыз түнімен диірмен тартып, келі түйді, күндіз масақ теріп еңбектерінің ақысына бес кг бидай алып, бала-шағаларына нәпақа етті. Сондай қиын-қыстау кездерде «Мың қосшыға бір басшы» дегендей, халықпен қоян-қолтық араласып, ел болып қалыптасуға ықпал еткен ел иесі Шайық Қалқаев, ферма меңгерушілері Сейпіл Ахметов, Камал Қалжанов еңбектері өлшеусіз еді. Келе-келе Ленин атындағы колхоз ауданындағы ірі шаруашылықтың біріне айналды. Егін мен мал шаруашылығы қатар дамыды. Механизаторлар, бақташылар, қойшылар, күрішшілер колхоздың даңқын аспанға көтерді. 1960 жылдары колхозда Республикаға танымал еңбек ерлерінің аты шыға бастады. Әр жүз саулықтың 190-200 қозы алып, басын аман сақтаған қойшы Байділдә Оралбеков, Қордабай Әуенесов күріштің әр гектарынан 60-65 центнерден өнім алған күрішші Камал Әбдібековтер бәйгенің алдын бермеген майталман жандар туралы ой толғасақ, кейінгі ұрпақ өз аталары қандай болғанынан хабардар болып, ғибрат алып мақтан тұтса, осылар жайлы естеліктер айту, жазу, келешегіміздің алдындағы жауапкершілігіміз болар еді.
Сондай бір өр кеуделі, өмірін еңбекпен өрнектеген, тар заманда ерте есейген, белі қатпай еңбекке араласқан, болмысы еңбекпен қайралған, өмiрінің соңына дейін трактордан түспеген, кеудесінде еңбек Қызыл Ту ордені жарқыраған мәуелі бәйтерек Шәмшиден Арыстановтың жарқын бейнесі көз көрген замандастары, аға-қарындастарының әлі күнге жадында. Жастайынан ата-анадан айырылып, Ұлы Отан соғысы басталғанда қазіргі Әбілдә Тәжібаев ауылы, бұрынгы Қызыл Диханда мектепке барып, алтыншы сыныбын бітіреді. Тұрмыс тауқыметін тартқан ол, 15 жасынан колхозға жұмысқа барады. Бала болып асық ойнамады, доп теппеді, арқалап отын тасып, шөп шапты. Есіл дерті техникаға ауды. Алғаш еңбекке aраласқанда-ақ соқаға отырды. Содан бастап сол жердегі бар техниканың маңынан шықпай, бірте-бірте тракторға көшті.
Енді-енді техниканың тілін меңгере бергенде 1952-1955 жылдары aралығында Кеңес армиясының қатарында болып, азаматтық борышын өтеп қайтты. Келicімен баяғы кәсібі трактоp рөліне қайта отырып, егіс даласында көсіле шапты. Өзі шағын кісі болғанымен, өр мінезді, бастаған ісін аяқтамай қоймайтын, шындықты серік еткен, бәрін өзім деп санайтын Шәкеңе әpіптестері, колхоз басшылары құрметпен қарады. Ел ішінде бұл кісі туралы «бірде кара костюм шалбар, ақ көйлек киіп төйға бара жатса, жолдың үстінде бір қора қойы бар трактор бұзылып тұрады. Әбіржіген тракторшыны көрген Шәкең, костюмінің екі жеңін түреді де, көйлектің жеңін түруді ойламай, дереу жөндеуге кіріседі. Тракторды жөндеп болган соң үстіне қараса ақ көйлектің жеңі, жағасы, қолы-басы май-май болғанына ренжімей тойға барғанын көргендер жыр етіп айтып жүретін». Сол кездегі Ленин атындағы колхоздың басшысы Әзімхан Исмаилов, бастауыш партия ұйымының секретары Жағыппар Рысманов, бас инженер Қыдырбай Отебаевтар бұл кісіге үлкен сенім артушы еді. Бір жиында Әзекең біздің Шәмшидин «Молданың алдын көрмеген инженер» деп қарапайым әдемі теңеумен мерейін үстем етіп көтеріп, арқасынан қаға ризашылығын білдірген. Халықта «Жігіт сегіз қырлы болсын» деген даналық сөз бар. Шәкеңнің тағы бір кыры өнерден де құр алақан емес еді. Тойларда қолына домбыраны алып, әдемі қоныр даусымен
«Шырағым, гүл екенсің тең кұрбының,
Арнайын шырайлы соз, маржан жырын.
Жүремін анам жүрген ізбенен деп
Келін боп өз үйіңе келдің бүгін»
– деп бастап келіндердің бетін ашып, той көрігін қыздырып, қызыққа батыратын. Еңбек қай кезде ескерусіз қалмақ емес. Шәкеңді 1962 жылы коммунистік партия қатарына қабылданды. Аудандық, облыстық мақтау қағаздарға, бағалы сыйлықтарға еге болды. 1965 жылғы «Озат тракторшы», 1967 жылы «Еңбек Қызыл Ту ордені», 1970 жылы Лениннің 100 жылдығында «Ерен енбегі» үшін медалін кездесуіне жарқырата тақты. «Зұлмат ашаршылық жайлаған қазақтың кең даласына қара түнек орнап сансыраған, бір үзім нанға зар болган 1933 жылы сакырлаған ақпанның сары аязында дүниеге келген екенмін. Аллага шүкір, міне, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған күнге де жеттік-ау» деп өткен күндерін, көрген қиыншылықтарын күрсіне еске алып отыратын. «Балаларымыз біз көрген жаман күндерден аулақ болып, еліміз аман, жұртымыз тыныш емір сүрсе, бұдан асқан арман жоқ» деп аталы сөзін айтып отыратын. Халқына бар күш жігерін жинап, адал қызмет ету азаматқа үлкен абырой әперді. Жұбайы Бәтимамен 4 ұл, 6 қыз тәрбиелеп, 42 немере, 28 шөбере коріп бақытты ата атанып дүниеден өтті. Бүгінде токсан жылдық тарихы бар Алғабас ауылы Шәмшидин Арыстанов сияқты арда жандарды ұмытпай, жаңалық жаршыларына колдау кәрсете отырып, бірлігі мен ынтымағы жарасқан, еңсесі биік іргелі ауыл санатында.



Айжамал Әбдіхамитқызы,
ардагер ұстаз
30 шілде 2019 ж. 608 0