GET CONTACT ҚОСЫМШАСЫНА ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛДЫ
Бейтаныс қоңырау шалушының аты-жөнін анықтап беретін Get Contact мобильдік қосымшасын Қазақстан аумағында пайдалануға шектеу қойылды.
Қосымша кеше жұмыс істеп тұрған. Ал бүгін смартфондарға жүктелгенімен, толық ашылмай тұр. «Сараптама жүргізу барысында қосымшаның «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңнамаға қайшы тұстары анықталды. Сол себепті, Қазақстан Республикасы аумағында мобильдік қосымшаға шектеу қойылды», – деп хабарлады министрліктің баспасөз хатшысы Айгүл Есмағамбетова «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне телефон арқылы. Аталған қосымша бейтаныс қоңырау шалушының аты-жөнін көрсетумен қатар, кез келген нөмірдің басқа абоненттерде қалай сақталғанын да білуге мүмкіндік береді. Көптеген қолданушылар бұл қосымша адамдардың жеке басына қатысты мәліметтерді жариялап, құпиялылығын бұзады деген пікірде. Айта кетейік, Арменияның Жеке деректерді қорғау агенттігі азаматтарды қосымшаны жүктемеуге шақырды. Себебі, қосымшаны жүктеп алушылар өз тізімін қолдануға рұқсат береді, осылайша телефон нөмірлерінің базасы ұлғайып, қатысушылар саны көбейеді. Таяу уақытта Get Contact қосымшасына Әзербайжан елінде де тыйым салынған болатын. Қосымшадағы деректер ерлі-зайыптылардың көңілдестерін немесе өткен өмірдегі іс-әрекеттерін әшкерелеп, ажырасу фактілерінің көбеюіне себеп болған. Getcontact қосымшасын ұлыбританиялық мамандар әзірлеген. Оны әлем бойынша 5 миллионға жуық қолданушы жүктеп үлгерген.
inform.kz