Қаза болған қорықшы «Айбын» орденімен наградталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі үшін Нұртазинов Қаныш Серікұлы мен Оспанов Самат Қошбергенұлын ордендермен наградтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
"Қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторлары Нұртазинов Қаныш Серікұлы (марқұм) І дәрежелі «Айбын» орденімен және Оспанов Самат Қошбергенұлы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталсын", - делінген хабарламада.Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетейік, Ақмола облысы Жарқайың ауданын барлау кезінде "Охотзоопром" инспекторларына шабуыл жасалған болатын. Салдарынан Нұртазинов Қаныш қаза болып, қорықшының артында төрт баласы қалды. Ішкі істер министрі инспекторларға шабуыл жасаған қылмыскерлерді анықтау және ұстау үшін еліміз бойынша «Ұстау» жоспары жарияланғанын хабарлады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қаза тапқан инспектордың туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы қаза тапқан қорықшының отбасына көмек көрсетілетіндігін атап өтті.