Ұлттық тәрбие – ұлағатты тағылым

17 маусым күні Қызылорда қаласында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының сол кездегі төрағасы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өткізілген еді. Кеңесте «Сыр-Медиа» ЖШС бас директоры А.Оңғарбаевтың «Құндылықтарды құнттау бағытымызды айқындайды» атты сөйлеген сөзі көпшіліктің көкейіндегі ойды дөп басты деуге болады.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың:«Рухани жаңғыру» құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады. Қазақстанды болашаққа бастайтын – жастар. Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет, – деген қызметіне ресми кірісу рәсімінде айтылған тұғырнамасының сегізінші бағытын алға қоя отырып жасалған баяндаманың берері мол.
Қазіргі жаһандану дәуірінің басты талабы – өркениетті қоғамға ілесе алатын ұрпақ тәрбиелеу. Әлем елдерімен терезесін теңестіруді мақсат етіп отырған елдің білімді жастары тәуелсіздікті нығайтады, ұлттық тәрбиемен сусындаған ұрпақ болашақты гүлдендіреді дегенге сенімдіміз. Ал оған қолжеткізудің алғы шарттарының бірі – ұлттық тәрбиеге арқа сүйеу.
Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерді орындау бағытында Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде де көптеген іс-шара ұйымдастырылып, өткізілуде. Тәрбие беру жұмыстарының жылдық жоспары жасалып, жүйелі түрде жұмыс істелуде.
Колледжде 2018 жылы арнайы «Рухани жаңғыру» қабинеті ашылды. «Рухани жаңғыру» кабинетінде «Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғырудың басты негізі» тақырыбында дәрістер, облыстық, аудандық білім беру мекемелерімен бірлесе отырып, Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясын насихаттау мақсатында іс-шаралар өткізілуде. «Рухани жаңғыру» кабинетінің жетекшісі тарих пәнінің оқытушысы Г.Жүнісбекованың ұйымдастыруымен студенттермен бірге ауданның тарихи жерлерін аралап, ескінің мәні мен мағынасын, тәлімі мен тәрбиесін бөлісу мақсатында «Ноғай қорған», «Бау сексеуіл», «Мортық бекіністі мекені», «Сауысқандық», «Нәнсай қалашығы», Бестам бекінісі тарихи жерлеріне саяхат ұйымдастырылды. Студенттер жақында ғана Түркістан облысында орналасқан Үкаша ата, Хан тағы, Арыстан баб кесенелеріне саяхаттап қайтты. Оларға осы тарихи жерлер туралы көптеген мағлұмат беріп, туған жерімізде қаншама құндылықтар жатқанын бойларына сіңіріп отыру біздің басты мақсатымыз. Қазіргі таңда тарих пәнінің оқытушысы А.Күлтаева Бала би ауылындағы жер асты жолы туралы ауыл ақсақалдарынан мағлұматтар жинап, зерттеулер жүргізуге атсалысуда. Алдағы уақытта Арыстан бабтың жеті жайы туралы мағлұмат жиналып, студенттермен бірге жеті жайының бірі Ақирекке бару жоспарлануда. Өзінің кіндік қаны тамған жерінің тарихына қанығып өскен әр баланың бойында Отанына деген өшпес сүйіспеншілік жатады. Біздің басты мақсатымыз да осы.
Ұлттық тәрбиені қалыптастыруда ұлттық дәстүрдің ғибраты мол. Бала отбасында, балабақшада, мектепте өз шыққан тегін біліп өсуі тиіс. Тегін білмегенді тексіз, көргенсіз деп сөгеді үлкендер. Қала мен ауылдың баласын ұлттық тәрбие жөнінде салыстыруға келмейді десем де болады. Ауылда өскен бала қанша дегенмен бойына кішкентай болса да ұлттық қағидаларды сіңіріп өседі. Ал қалада өскен жас буынның өзінің салтын білмек былай тұрсын, жеті атасын білмей өсіп келе жатқаны қаншама?! Жаңа заман талабына сай тәрбиелеймін деген көзқарастағы ата-аналар да ұрпағының мәңгүрттеніп бара жатқанына мән берер емес. Бұл қазіргі заманның қанға сіңіп келе жатқан дерті деуге болады. Қай халықтың болмасын табиғатына тән, өзгеде қайталанбайтын қасиеттері, мінезі, діні, ділі, тілі болуы ұлттық рухпен тікелей байланысты. Оны асқақтататын – ұлттық тәлім-тәрбие. Ескіліктің көлеңкесіне айналып бара жатқан ойлы сөздерді неге қайта жаңғыртып, ұрпақ санасынан ойып орын алатындай дәрежеге неге көтермеске деген көкейдегі сауалдың орын алатыны да шындық. Алайда, «Заманына қарай адамы» деген түсінікпен өзімізді шектеп отырғанымыз өкінішті.Қоғамдағы әке тәрбиесі майдаланып бара жатқаны да бәріне аян. «Әке – үйдің иесі, ана – үйдің шегесі» екенін ұқыпсыз ұрпақ ұмыт қалдырғандаймыз. Бағзыда бала тәрбиелеу ісіне әке немқұрайлы қарамаған. Алты жасында аңға ертіп, он жасында оқ жондырған әке тәрбиесі әрқашан биік рухтың, біртұтас тұлғаның берік діңгегі болған. Ең сорақысы, жетіге толған баласына жеті атасын жеткізіп айтып бере алмайтын әкелер шыға бастағанын қалай жасырамыз? Көзіміз көріп жүргендей, үйіне кірер-кірместен тәй-тәй басқан тентегін емес, телефонын құшақтап жата қалатын әкелер қоғамда қаулап өсіп келеді. Әке тәрбиесінің қазақ танымындағы «Ұлыңды жетіге келгенше патшадай күт, он үшке жеткенше құлша жұмса, он үштен асқан соң бише кеңес» дегені дұрыс.
Сонымен қатар қазіргі таңда тәрбиенің тал бесігі бесіктің ұмытылып бара жатқаны да өкінішті. Қазақ халқы әрдайым «Бесігі жоқ үйде береке болмайды» деп айтқан. Баланы бесікке салған кезде елді жиып, батасын алмау — бауырмал қазақ үшін жөнсіздік болып көрінген. Бесікке бөлеу — үлкен өнер. Ол баланың ұйқысын күзетіп қана қоймайды, халық сенімі бойынша оны жын-шайтаннан да қорғайды. Бесікке бөлеп, әжелері «Бесік жырын» айтып тербеп ұйықтату, осылар арқылы барлық жақсылықты, көркем мінезді бойына сіңіру – ең үлкен тәрбие. Бұл баланың жақсы азамат болып шығуына ықпал етеді. Ал бүгінгі күні бесік қолданыстан шығып барады. Бесік жырын білетін аналар да жоқтың қасы. Бесіктегі сәбиді ұялы телефондағы даңғырлаған шетел музыкасымен ұйықтатып, ойнататындар көбейді. Ол әлі дамымаған сәбидің психологиясына қалай әсер ететіндігі туралы ойланып жатқан ешкім жоқ. Бәлкім, қазіргі балақандарымыздың бесіктен белі шықпай жатып, шетелдің даңғаза музыкасына бас шұлғып билеп, тілі былдырлап шыға бастаған сәттен-ақ шетел әндерін тез жаттап, айтып жүруінің астарында осы нәрсе жатқан болар? «Тәрбие басы – талбесік» деп халқымыз бекер айтпаған.
Осы тұста Бауыржан Момышұлының: «Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Екінші, немерелеріне ертегі айтып беретін әжелердің азаюынан қорқaмын. Үшінші, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже, әке жоқ», – деген сөзі еріксіз ойға оралады.
«Жас балаға қазақтың «Әлди-әлди» деп басталатын бесік жырын жырлау керек. Бұл жырдың күйі де, сөзі де тәтті» деп ақиық ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, бесік жырын айту әрбір ананың сәби алдындағы қасиетті борышы. Оны орындамасақ, ата-баба дәстүріне қиянат жасағанымыз. Келешек бүлдіршін жас буынымыз саналы болып өссін десек, қазірден бастап тәрбиені бесік жырынан бастағанымыз абзал.
Қазіргі балалардан сұрасаң, салт-дәстүр бұрынғы ұғым ғой, асық ойнамаймын, көкпар тартпаймын, соқыртеке ойнамаймын, оған уақыт та жоқ, одан да интернеттегі достармен әңгімелесемін, қазір компьютерде ойынның неше түрі бар, сол қызық дейтіні айдан анық. Бір өкініштісі-салт дәстүрді дәріптейтін телеарналарда бағдарламалар, интернетте сайттар, ақпарат айдынында газет-журнал аз. Асық ойнамақ түгілі, кітап оқымайтын бүлдіршіндердің өзі ғаламторға көбірек үңіледі. Заман ағымы осылай деп отыра беруге де болмайды. Баланың кішкентайынан компьютердің алдынан шықпауы, телефонда отыруы қоғамда ауру балалардың көбеюіне әкеп соғуда. Қазақтың әр ұлттық ойыны жеке адамды ғана тәрбиелеу құралы емес, ол бүкіл қоғамдық ортаны өз соңынан ерте алатын ұлттың азаматын тәрбиелеу. Ұлттық ойындар халқымыздың өз ұрпағын тек ойын-сауыққа бәсекеге түсіп жеңімпаз атанып, жүлде алу үшін ғана емес, ата жолын қуып ізінен бұрынғы дәстүрді жалғастырып, өз жұртында бар өнерді игеріп, меңгеруге, шаруашылық жүргізу қолынан келетін, ел қорғауға жарайтын батыл да өжет, денсаулығы мықты, шапшаң ұрпақты тәрбиелеудің өзіндік жүйесін өмірге әкелген. Осыған орай балабақшадан бастап, оқу орындарында ұлттық ойындарды дәріптеуге үлкен мән берілсе екен.
Осындай мәселердің ең болмаса бір шетін шешуге бағытталған мақсатта ҚР Дін істер комитетінің сараптау комиссиясы мақұлдауымен Шиелі индустриалды-аграрлық колледж директоры М.Дүйсенов пен колледж кітапханашысы Н.Әбдіжапбардың «Дін және әдеп» атты жинағы жарық көрді. Жинақта әр адам бойына сіңіре білу керек әдеттер жазылған. Осындай бала бойына дінін, ділін, әдет-ғұрпын сіңіре білетін оқу құралдары, кітапшалар көптеп шығарылса және насихатталып отырса нұр үстіне нұр болар еді. Кез келген ұлттың ұлт болып қалыптасып дамуы үшін оның ұлттық санасы, ұлттық құндылығы болуы керек.
Қазақтың басты кемшілігінің бірі – жалқаулық. Кейде шайнап берген затты жұта алмай жатамыз. Барлығын ертеңге қалдырамыз.
Бір нәрсесі болар, барғанда шешеміз, ертең көреміз деген сөздерді жанымыздан артық жақсы көреміз. Нақты іске, кәсіпке келгенде кежегесі кері тартып тұратын кер жалқаулар жетіп артылады. Көпшілікке топырақ шашуға да болмас. Бірақ көпшілігіміз баламыздың артық жұмыс істегенін қаламайтын заман болды. Еңбексіз бала Отан, ел, ұлт деген ұғым санасында өшіп, құлқынның ғана құлы болып шығады. Баланы еңбекке жасынан үйрету бұл ата-ананың ең бірінші артықшылығы. Әрбір қасиетті ошақтың әулие әкесі мен анасы болып отырған жандарға айтарымыз, ұл не қызыңыз сыпырғыш алып еңкейіп жер сыпырғаннан белі бүгіліп қалмайды, оларды адал еңбекке тәрбиелеуіміз керек. Қажырлана жұмыс істеу, терлеп еңбектенгеннен өлген адам көрмедік. Өзбекте «Бекер отырғанша бекер жұмыс істе» деген мақал бар. Олай болса баламызды еңбек етуге тәрбиелейік.
Ата-бабамыз балаға болашағым деп қараған, зор үміт артқан, ата-ананың, халқының арманын ұрпағына аманат еткен. Сол аманатқа салауат айту парызымыз. Қазіргі таңдағы ең үлкен мәселе болып тұрған сыбайлас жемқорлық, жұмыссыздық белең алып тұрған заманда ұлдарға ар-намыс туралы, қыздарға әдеп-тыйым туралы насихаттап отыратын, керек кезінде тезге салатын отыратын ақсақалдар кеңесі мен әйелдер кеңесі алдына үлкен мақсат қою керек. Өзекті деген мәселелердің оң шешім табуына өз үлесін қосу үшін Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде «Ақсақалдар кеңесі», «Сырласу» қыздар клубы да жұмыс істеп келеді. Биылғы жылы жас мамандарды, студенттерді тәрбиелеуге, адами қасиетке қалыптастыруға бағытталған бірқатар іс-шара өтті. Солардың бірі Шиелі ауданының іскер әйелдерімен кездесу кеші. Шиелі ауданы дамуына үлес қосқан, жеке бизнесте тасы өрге домалап, экономиканың барлық секторында, шаруашылықтың әртүрлі саласында ер-азаматтармен қатар еңбекке белсене араласып, өздерінің біліктілігін, қабілет дарынын, іскерлігін көрсетіп жүрген нәзік жандылармен кездесу студенттер мен жас мамандарға алға қойған мақсатына қалай жетуге болатынын ұқтырды.
Ұлы дала ұрпағын тәрбиелеуде ұлағатты ұстаздардың орны бөлек. Бұл тұрғыда өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялай білген мұғалімнің мерейі асқақтай түспек. Бірақ мұғалім мәртебесін аласартып алғанымыз жасырын емес. Бұл тұрғыда мәселенің бір ұшы ата-аналардың түсінігіне тікелей байланысты екенін жоққа шығаруға болмайды. Неге десеңіз, қазір баласынан «Мектептен не үйрендің, не білдің?» деп емес, «Апайың не деді, егер ұрысатын болса, басыңнан сөз асырма!» дейтін ата-ана көбейді. Содан келіп қабақ шытқан ұстазға қатқыл үн қататын қарадомалақтар көбейді. Тіпті кейде оқушылар заң талабын тергеушіден артық білетіндей көрінеді. Сонда балаға үйде ата-ана дұрыс тәрбие бермесе, ал мектеп мұғалімінің мәртебесі аяқасты болып жатса мәселе қалай оңалмақ? Бас білдірілмеген асаудай бұлқынып, бетпақтыққа салынған ұрпақ қалай елдің ертеңі бола алады?
Шыны керек, мұғалім мәртебесі мәселесіне келгенде кешегіні көксеп, өткенді аңсайтынымыз айдан анық. «Алты алаштың басы қосылса – төр мұғалімдікі» дегенді санамызға мықтап сіңірдік. Ұстаз деген аса бір ардақты тұлға болатын. Оның тұла бойынан даналық пен парасаттылықтың, ізгілік пен мейірімнің лебі есіп тұратын. Жүрген жүрісі, киген киімі, сөйлеген сөзі, бәрі-бәрі оқушы үшін өшпес өнеге еді.
Қазір ше? Ұрпақ тәрбиесіне жауапты жандар мына қоғамға барынша өкпелі. Себебі, таңның атысы, күннің батысы бума-бума қағазға үңіліп, одан қалса қай жерде жиын өтсе, сонда шабылады. Ол аз десеңіз, партадағы шәкіртінің шатақ шығарғанына көнуіне тура келуде. Бұрын жас жеткіншектер ұстазын көшеден көре қалса, бойын қорқыныш билеп, қаша жөнелетін. Ал қазір кейбір мұғалімдер оқушылардан сескенетін болды. Өйткені, кекірейген қыз, ежірейген ұл мұғалімнің беделін түсіруге дайын тұрады. Мұғалім образы да тек оқушылар ғана емес жастар еліктейтін тұлғаны көз алдымызға әкелетін образ болып қалыптасуы керек. Бұл кеңестік дәуірде жақсы жүзеге асқан дүние екендігін білсек те, қазір ондай идеологиялық құралды ұлт қажетіне қолдана алмай отырмыз. Ұстаздың образы оқушыларының алдында шындықты қаймықпай айта алатын, аса жоғары білімді және мәдениетті, қоғамда беделі бар адам ретінде қалыптасуы керек. Алдағы уақытта жоғарыда айтқан кейіпкерді көрсету үшін көркем фильм түсіріліп, көпшілік назарына ұсынылса, ол да өз нәтижесін берер еді. Халық тағылымы ұмытылып келе жатқан заманда жаңа заман талабына сай көзқараспен қатар, ұлттық тәрбиені бойына сіңіру үшін тәрбие жұмысының қыры мен сырына шығармашылықпен терең бойлайтын, жан-жақты ойлайтын озық ойлы, оқытудың жаңа тәсілдерін жетік білетін, сенімді білімдар маман қажет.
Кез келген жұмыста, ұжымдық ортада тәртіп пен тәлім-тәрбие қатар болмаса, ол жұмыс жетістік бермейді. Сондықтан да білікті де білімді басшы өз тарапынан қызметкерлерінің ұлттық рухын көтеріп, ынталандырып отырса, онда күтілетін нәтижеден де артық қорытынды шығуы ғажап емес. Білім, тәрбие беруде педагогтардың кәсіби деңгейін дер кезінде дамытып, уақытылы бақылау басшының асқан шеберлігі.
Қазақ халқының даналығы, тәрбие тағылымы – тамыры тереңде жатқан асыл қазына. Сондықтан тәрбиені босатпай, тілімізді сұр жыландай шұбарламай, тектілікпен, сөзімізді сүйектен өтіп, жүрекке жететіндей мағыналы, мазмұнды сөз саптауымызбен ұрпақты тәрбиелеу – біздің борышымыз.
Мейрамхан Дүйсенов,
Нұрсұлу Әбдіжапбар,
Шиелі индустриалды-аграрлық
колледжі