Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көне кесене құпиясы (Бейнерепортаж)

Көне кесене құпиясы (Бейнерепортаж)


Алтай мен Алатаудың арасындағы құлан дала – мәдени мұралардың көмбесі, көненің көзі, талай тарихты қойнауына бүккен, талай тарланды қанаттандырған киелі мекен. Қазақ қоныстанған даланың қай тұсын болсын – жер жәннаты дерсің. Сырғып аққан суы сыр жасырған Сыр елі де сондай қасиетті мекеннің қатарында. Кешегі ғұн мен сақты алсақ та, одан беріде Қыпшақ пен Оғыз тайпасын атасақ та Сыр өңірімен тікелей қабысып жатқанын аңғарамыз. Осыдан болса керек, Сыр аймағын мекендеген халықтың өзекті өркениеті, мәйекті мәдениеті ерте қалыптасты. Аталмыш өңірде сөздің киесін, өлең-жырдың жүйесін білген әзім әулиелер мен ділмар датқалар дүниеге келді. Олар көзінің тірісінде ғана құрметке бөленіп қоймай, талқаны таусылған тұста да қастерленіп келеді. Солардың арасында халық жадына ілінбей, жер қойнауында белгісіз жатқандары да бар. Ал есімі мен еңбегі ұрпақтан-ұрпаққа жеткеніне бүгінгі таңда ескерткіш тақталар қойылып, кесене көтерген. Сондай қастерлі қорымның бірі – ислам дінін таратушы, оқ жасаған оғыз батыр Оқшы атаға арналған.
Шиелі ауданы, Бәйгеқұм ауылының шығысында орналасқан Оқшы ата мазаратының тарихы тым тереңде. Бұл жерде Оқшы батыр мен Есабыз әулиенің рухы кезіп, Асан Қайғы желмаясының табаны тиген. Ғайып пен Қыш атаның қолтаңбасы қалып, Досбол датқа мен Бала бидің үні сіңген. Соның арқасында қорым Шиелі халқы үшін ғана емес, облыс көлемінде одан қалды Орта Азия аумағындағы аса қасиетті орын саналады.



Аңыз бен ақиқат

Тоғыз жолдың торабында жатқан, іргесінде Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізі бар Оқшы ата мазаратына біздің жолымыз жұма күні түсті. Шілденің ми қайнатар ыстығы болса да, киелі кесенелерді өз көзімізбен көргіміз келді. Қорымның қасында жүріп тың дерек пен адам айтса нанғысыз аңызды естуге құмарттық. Ақыры не керек, біз мінген көлік жердің апшысын қуырып, алға қарай жүйткіп діттеген жерімізге жеткізді. Әр тасы тарихпен тұнған маңайға табан тіреген бойда ерсілі-қарсылы жүрген адамдарды көзіміз шалды. Олар Қызылорда қаласынан заманының заңғар тұлғаларына зиярат етіп келушілер екен. Мұнда киелі кісілердің басына Құран бағыштап, солардың құрметіне тілек тілеп, жағдайын айтатын тек олар емес. Аталмыш орынға иісі қазақтан бөлек қырғыз, өзбек ағайындары да ат ізін салады екен. Себебі жеті әулие туралы айтылып жүрген аңыз бен ақиқат шартарапқа таралған.
Бірақ біз ауыздан-ауызға тарап жүрген әңгімелерден бұрын, ғұлама ғалым Әуелбек Қоңыратбаев келтірген деректерге тоқталып кеткіміз келеді. Қазақтың білгірі Ә.Қоңыратбаев: «Оқшы – Оғыз-қыпшақ дәуірінде өмір сүрген «Қорқыт ата» кітабының басты кейіпкері, оғыз-қыпшақтың ұлы ханы Қазан Салордың батыры әрі қару-жарақ соғатын ұстасы, шебері еді», – дейді. Ғалым бұған қоса Оқшы ата 1043 жылы қайтыс болып, қазіргі өз атымен аталатын «Оқшы ата» мазаратында жерленген деген тұжырым жасайды. Зерттеушінің өзге де деректеріне ден қойсақ, Оқшы ата жері ХІV ғасырда Қожа Ахмет Ясауидің даңқты кесенесін Ақсақ Темір салғанға дейін бұл жерде ежелгі Тұран, Оғыз бен Түркі-қыпшақтардың бекзат азаматтары байыз тапқан пантеон болғанын байқаймыз. Яғни, бұл қабірстанда біз білмейтін біршама адамның жерленуі мүмкін. Ал қазір мұнда Оқшы атадан бөлек Есабыз баба мен Асан атаның, Ғайып пен Қыш атаның және Досбол датқа мен Бала бидің кесенесі бой көтерген.

Мазараттың шырақшысы Балабай Шыныбекұлы бізге жол көрсетіп, әр кесененің өзіне тән тарихы туралы тарқатты. Халық арасындағы аңызды да тыс қалдырмады. Шырақшының әңгімесі әуелі Оқшы атаның азан шақырып қойған аты – Көгентүп болған деп басталды. Одан кейін ныспысы неліктен қазіргідей болғаны туралы аңызбен бөлісті.
– Кешегі бір заманда осы жерді қалмақтың Тоқмұра деген ханы басып алып, біреудің елін біреу аясын ба күнде мал алдырып, той тойлап, қыз-келіншекке қырғидай тиісетін болыпты. Көгентүп бұл кезде азық табу үшін арпа теруге кетеді. Осы маңнан есептегенде Түркістандай жерге кетіп бара жатқанда әкесі: «Әй, шырағым, Көгентүп! Сен арпа теруге кетіп бара жатырсың, мына ханның беті жаман, қарындасыңа күн туса біз не істейміз?» – депті. Сонда бабамыз: «Сол сәтте менің есімімді үш рет айқайлап айтыңыздар», – деген екен. Бір күні Көгентүптің құлағына дауыс барады, ол Аллаға жалбарынып қолындағы арпасын оқ қылып атады. Содан хан аяқ астынан қаза табады. Ел арасында ханды мен өлтірдім деген талас басталып кетеді. Көгентүп ауылға келген бойда: «Ханның жүрегін ашып көріңіздер, арпаның қылтығы болса мен өлтірдім», – депті. Ашынған жұрт ханның жүрегіне қараса, баланың айтқаны рас болып шығыпты. Содан бері халық оны құрметтеп, «Оқшы» деп атап кетіпті, – дейді қорымның қарауылындай болып кеткен Балабай көке.
Ел арасында кең таралған аңыз бұл ғана емес. Оқшы атаның қасында жерленген Есабыз ата туралы да жұрт жарыса айтады. Тіпті бұл екі әулиені бір-бірінен бөліп-жармай, бірге атап, бірге Құран бағыштайды. Сол сансыз әпсана Есабыз бабаның Оқшы атаның жанына қалай келгендігінен бас­талады. Есабыз жасы ұлғайған кезде туыстарына: «Мені Түркістанға, Қожа Ахмет Ясауидің қасына жерлеңдер», – деп айтса керек. Алайда, ауырып о дүниеге аттанар сәтте Оқшы ата түсіне кіріп: «Ей, Есабыз, сен де бір аруақты жан едің, мен жалғыз жатырмын, қасыма келсейші», – дегенде, Есабыз: «Ол жер – шөлейт қой, болашағы қалай болар екен?» – дейді. Сонда Оқшы ата: «Екеуміз осындағы әулиелермен күш қосып, суландырмаймыз ба?» – дейді. Ал Есабыз баба жан тапсырып, мүрдесін межелі жерге жеткіземіз дегенше аспанда бір шөкім бұлт оның сүйегіне сая болып, ыстықтан қорғапты. Аңызда айтылғандай бұл жер бір кездері шөлейтті жер болса, қазір өзені мен көлі суға, айналасы нуға толып тұр. Бұл бір жағынан күнделікті Құран бағышталып, рухани тазаланатын орын болғандықтан осылай жайқалып тұрса, екінші жағынан «Есабыз ата» мешітінің имамы Қалкөз қажы Өтемұратұлының ерен еңбегі екен.


Ғайып ата мен Қыш ата кесенесі

Аты аталған мазаратта жатқан, халықтың жадында жатталған, ел құрмет тұтып, қастерлеген, талай жылдан бері тағзым етіп келе жатқан ендігі бір әулиелер – Ғайып ата мен Қыш ата. Бірақ екі ата туралы аңыз да, тарихи дерек те көп сақталмаған. Шырақшы Балабай көке осы тұста бізді Қыш атаның кесенесімен таныстыра жүріп, былай деді:
– Қыш ата қыш құю кәсібімен айналысып, ол құйған қыштан әулиелердің кесенесі тұрғызылған деген сөз бар. Осыған қарап екеуінің де ерте дәуірде өмір сүргенін байқауға болады. Қыш атаның да, Ғайып атаның да өмір сүрген уақыты белгісіз. Біздегі Сығанақ қаласы кешегі Х ғасырда тұрғызылған. Соның кірпіштері осы кесененің соғылуына ұқсайды және қабырғалары да бір-біріне сай келеді.

Деректер дәйекті болмағанымен аты аталған екі баба да өмірде болған тарихи тұлғалар. Осы өңірдің өркендеуіне үлес, болашағына үн қосқан жандар.


Досбол датқа және Бала би кесенесі

«Оқшы ата» мазаратында аузы дуалы, сөзі куәлі жандардан бөлек, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген сөз зергерлерінің де жамбасы жерге тиген. Солардың қатарында қыр мен Сырға бірдей танымал болған, тарихтан өз орнын ойып тұрып алған Досбол датқа және Бала би. Екі тұлға өз заманында ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен, аса әділ, ақылы мол, әдебі биік би болған. ХІХ ғасырда Бала би бастаған дауды Досбол датқа аяқтап, қорытындылап, ел арасындағы дауды дүрліктірмей шешіп отырған. Екі тұлға да үш жүздің баласына үлгі болған.
Оқшы ата мазаратын кейбіреулер «жеті әулие» деп те атайды. Бұл атаудың дүниеге келуіне сеп болған жоғарыда атын айтқан екі би. Мұның анық-қанығын бізге: «Әуелгіде Оқшы ата мазаратында бес әулиеге ғана күмбез көтерілді. Кейін осы билеріміз де Бала би ауылының тумасы болғандықтан әулиелердің қасына ұрпақтары кесене салғызды. Содан бері бұл мазарат жеті әулие жатқан жер деп аталып кетті», – деп жеткізді шырақшы Балабай Шыныбекұлы.

Асан ата кесенесі
Желмаясына мініп, жұрты үшін Жерұйықты іздеген аты мәшһүр тұлға да осында жерленген. Асан атаның мазары – «жеті әулие» қорымындағы ең көрнекі кесене. Кейбір әдеби зерттеулер мен тарихшылардың еңбегінде Асан қайғының жерленген жері туралы сан алуан пікір бар. Бірақ оның Сыр бойында анығырақ айтсақ, Оқшы ата мазаратында жерленгені ғылыми дәлелденген. Естуімізше 2016 жылы С.Асфендияров атындағы университеттен үш кісі келіпті. Олар мұрағаттағы жазбаны қолына алып, бұл қабірстанда Асан қайғының жатқандығын дәлелдейтін құжатты көрсетіпті. Араға 1 жыл салғаннан кейін әлгі кісілер қайта келіп мазараттың географиялық орналасқан жерін суретке түсіріп кеткен екен. Қорым қазір мемлекеттің қорғауына алынған. Ішіне жөндеу және тазалық жұмыстары жүргізіліп отырады. Айта кеткен жөн, қазіргі таңда мазараттағы бес әулиенің кесенесіне арнайы QR-код орналастырылған. Сол кодты сканерлеу арқылы кез келген келуші аңыз адам туралы ақпаратқа қанық бола алады.

Ой сорабы
Жеті әулиенің жамбасы тиген жердің Шиелі кентінде екені бізге бір жағынан мақтан болса, екінші жағынан жүгі ауыр жауапкершілік. Осындағы әулиелердің бәрі бірегей, киелі. Қазір «жеті әулие» қорымы заманға сай жөнделген. Айшылық алыс жерден келген жандар қонуы үшін жайлы түнеухана және қонақасы, Құран өткізетін ас бөлмесі бар.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА

18 шілде 2019 ж. 5 878 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (9195)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930