САН МЕН САНА ТАРТЫСЫ
Сандардың сырына үңілген сайын, адамзаттың тек есеп жүргізіп қана қоймағанын, керісінше, сол арқылы өмірдің мәнін ұғынуға ұмтылғанын байқаймыз. Әсіресе Ұлы Дала төсінде қалыптасқан қазақ дүниетанымында сан – тіршіліктің өлшемі ғана емес, рухтың да айнасы болды. Бүгінгі таңда сол терең мағыналы таным мен заманауи «санға құмарлықтың» арасы алшақтап бара жатқандай. Осы қайшылыққа үңілу – тек мәдени мәселе емес, тұтас қоғамның ойлау жүйесін саралау.Ежелгі дәуірлерден бастасақ, сандарға ерекше мән беру тек қазаққа ғана тән құбылыс емес. Мысалы, Пифагор мектебі сандарды әлемнің негізі деп қарастырды. Олар үшін әр сан – белгілі бір үйлесім мен заңдылықтың белгісі. Ал шығыстық ілімдерде сандар ғарыш пен адам арасындағы байланыстың коды ретінде танылды. Бірақ қазақ дүниетанымының ерекшелігі – бұл ұғымдардың таза теориялық деңгейде қалмай, күнделікті өмірмен біте қайнасып кетуінде.
Көшпенділер өркениеті табиғатпен етене өмір сүрді. Сол себепті олар уақытты, кеңістікті, өмір кезеңдерін сандар арқылы жүйеледі. «Жеті ата» – тек туыстық шежіре емес, генетикалық тазалық пен әлеуметтік тәртіптің кепілі. «Жеті қазына» – байлықтың материалдық емес, рухани өлшемін көрсететін философия. Бұл ұғымдар халықтың өмір сүру кодексіне айналды.
Тоғыз санына қатысты түсініктер де ерекше. Түркі әлемінде тоғыз – тұтастық пен кемелдіктің белгісі. Көне түркі жазбаларында «тоғыз оғыз» атауының кездесуі кездейсоқ емес. Бұл жерде тоғыз саны белгілі бір бірлестіктің, тұтастықтың символы ретінде көрінеді. Қазақтың «тоғыз ай, он күн» деп адам өмірінің бастауын сипаттауы да табиғи заңдылық пен символиканың үйлесімі.
Ал қырық саны – өтпелі кезеңдердің межесі. Бұл тек қазаққа ғана емес, бүкіл түркі-ислам әлеміне ортақ түсінік. Дәстүр мен дін тоғысқан тұста бұл сан ерекше маңызға ие болды. Ислам тарихына көз жүгіртсек, Мұхаммед пайғамбар 40 жасында пайғамбарлық алғаны белгілі. Бұл – адамның рухани кемелдікке жеткен шағының символы. Қазақ дәстүріндегі «қырқынан шығару», «қырқын беру» сияқты ғұрыптар да осы түсінікпен сабақтас. Яғни, тарихи тұрғыдан алғанда, сан – адамның өзін, қоғамды және ғаламды түсіну құралы болды. Ол тәрбие берді, ой қалыптастырды, жауапкершілік жүктеді.
Енді бүгінгі күнге көз салайық. Қазіргі қоғамда санның мәні өзгергендей. Әсіресе урбанизация мен нарықтық қатынастар күшейген тұста, сан символдық мәнінен гөрі статус белгісіне айналып барады. Соның айқын көрінісі – автокөлік нөмірлеріне деген сұраныс. Кезінде көлік – қажеттілік еді. ВАЗ-2101, ГАЗ-24 Волга немесе УАЗ-469 секілді машиналар екінің біріне бұйыра бермейтін. Ол кезде нөмірге емес, көліктің өзіне қол жеткізу үлкен мәртебе болатын. Ал бүгін жағдай өзгерді. Көлік те көбейді, таңдау да артты. Бірақ сонымен бірге бәсеке мен көзге түсуге деген құмарлық та күшейді.
Бүгінде «әдемі» немесе «ерекше» нөмір иелену – кейбіреулер үшін жетістік көрсеткіші. Үш бірдей цифр, қайталанатын комбинациялар, «сәтті» сандар – мұның бәрі психологиялық тұрғыдан адамға өзін өзгеден жоғары сезінудің бір тәсіліне айналған. Бірақ бұл құбылыс тереңірек қарауды талап етеді.
Бұл жерде мәселе нөмірде емес, адамның ішкі қажеттілігінде. Қоғамда өзін дәлелдеудің, мойындатудың жолдары өзгерген сайын, символдар да өзгереді. Бұрын батырлық, шешендік, білім алдыңғы орынға шықса, бүгін кей жағдайда материалдық белгілер соның орнын басып бара жатқандай.
Осындай сәтте Абай Құнанбайұлы айтқан ойлар ерекше өзектілікке ие. Оның «мақтаншақтық» пен «бекер мал шашпақ» туралы сыны – дәл бүгінгі күннің көрінісін сипаттап тұрғандай. Ұлы ойшыл үшін адамның құндылығы сыртқы атрибуттармен емес, ішкі сапалармен өлшенеді.
Шын мәнінде, ерекше нөмір тағу адамды ерекше етпейді. Ол тек уақытша әсер, сыртқы қабық қана. Ал адамның шынайы болмысы – оның ісінде, мінезінде, қоғамға тигізген пайдасында.
Осы тұрғыдан келгенде, біз «Біз сандарды игеріп жүрміз бе, әлде сандар бізді билеп бара ма?» деген маңызды сауалға тірелеміз. Егер сан адамды ойландырса, тәрбиелесе – ол құндылық. Ал егер ол тек мақтан мен бәсекенің құралына айналса – онда ол өзінің бастапқы мәнінен айырылғаны.
Қазақтың байырғы дүниетанымы бізге бір нәрсені үйретеді. Әр нәрсенің мәні – оның сыртында емес, ішінде. Жеті, тоғыз, қырық сандары ғасырлар бойы адамға бағыт-бағдар беріп келді. Ал бүгінгі «үш цифрлы құмарлық» бізді қайда апара жатыр? Мүмкін, мәселе нөмірде емес, ниетте шығар. Егер біз санды емес, сананы түзесек, қоғам да түзелер еді. Өйткені нағыз ерекшелік – темір тұлпардың маңдайындағы цифрда емес, адамның өз болмысында. Оқырманға тасталар ой да осы, Сіз үшін сан – құрал ма, әлде мақсат па?
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ






