ШАҢЫРАҚ НЕГЕ ШАЙҚАЛАДЫ?
Қос ғашықтың махаббаты сонау 9 сыныптан басталған еді. Мектеп бітіре салысымен үйленіп, отау құрған олар өз алдына баспаналы болып, еншілерін алды. Әп-әдемі үш баласы бар. Алды биылғы оқу жылында бастауышпен қоштасады. Бақытты отбасына бәріміз сүйсінетінбіз. Араларындағы түсініспеушілік отбасының ойрандауына әкеліп соқты. Аз уақыттың ішінде ажырасып та үлгерді. Былай қарағанда, ешкімнің ештеңесі кеткен жоқ. Бірақ, сол сезімнің жемісі – үш бала тірідей жетім қалды. Әкесіз өскен ұл, мейірімнен үзілген бүлдіршіндер. Жастайынан балалығына балта шабылған балалардың болашағын енді елестетудің өзі қиын. Иә, қазір болмашы нәрсеге неке бұзу деректері азаяр емес. Ең қиыны, өз шаңырағының отын өз қолымен өшіретін ерлі зайыптының көбейіп бара жатқаны…Қазақ халқы үшін отбасы – қашаннан тәрбиенің алтын бесігі саналған. «Отан – отбасынан басталады» деген ұғым ғасырлар бойы қоғамның негізгі қағидасына айналып келді. Алайда бүгінгі күні осы қасиетті құндылықтың іргесі сөгіліп, отбасы институты күрделі сынақ кезеңін бастан өткеріп отыр.
Кеше ғана ақ неке қиып, үлкен үмітпен шаңырақ көтерген жастардың араға көп уақыт салмай екіге айырылуы жиілеп кетті. Бұл – бір қарағанда екі адамның ғана таңдауы сияқты, бірақ байыбына барсақ тұтас қоғамның дертіне айналған құбылыс.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын ондаған мың неке бұзылып, мыңдаған бала толық емес отбасыда тәрбиеленуде. Мәселен, соңғы жылдары тіркелген некелердің едәуір бөлігі алғашқы жылдары-ақ ажырасумен аяқталатыны байқалады. Мұндай жағдай – отбасы құруға деген дайындықтың әлсіздігінің, жауапкершілік деңгейі жұтаңдығының көрсеткіші.
Бұрындары «пәленшенің отбасы ажырасып жатыр екен» дегенді естігенде қоғам елең ететін. Ал бүгінде бұл құбылыс қалыпты жағдайға айналған. Шаңырағы шайқалған жандардың көбейгені соншалық, оған таңдану да сиреді. Сонда бақытты басталған отбасының баянсыз аяқталуына не себеп?
Себеп көп, салдар ауыр
Отбасы дағдарысының себебін бір ғана нәрсемен түсіндіру мүмкін емес. Себебі ол – бірнеше мәселенің тоғысуынан туындаған күйреу. Ең алдымен, көзге түсетіні – жауапкершіліктің аздығы. Бүгінгі жастардың көбі өмірлік маңызды шешімдерді эмоциямен қабылдайды. Қиындыққа тап болғанда күресудің орнына, қашуды жөн көреді. Оған тәрбиеден кеткен олқылық та өз үлесін қосатынын жасыра амаймыз.
Отбасы дағдарысының себебін бір ғана нәрсемен түсіндіру мүмкін емес. Себебі ол – бірнеше мәселенің тоғысуынан туындаған күйреу. Ең алдымен, көзге түсетіні – жауапкершіліктің аздығы. Бүгінгі жастардың көбі өмірлік маңызды шешімдерді эмоциямен қабылдайды. Қиындыққа тап болғанда күресудің орнына, қашуды жөн көреді. Оған тәрбиеден кеткен олқылық та өз үлесін қосатынын жасыра амаймыз.
Олай деуіміздің өз себебі бар, қазір ата-ана баласына бар жағдайды жасап беремін деп жүріп, өмірдің түрлі сынақтарына қарсы тұруға үйретуді естен шығарып алады. Нәтижесінде, жасөспірім өз бетінше шешім қабылдауға, жауапкершілік алуға дайын болмай өседі. Екінші маңызды себеп – қоғамдағы құндылықтардың өзгеруі. Бүгінде той өткізу – әлеуметтік мәртебенің көрсеткішіне айналған. Бір күндік салтанатқа бар қаржымыз бен энергиямызды жұмсаймыз. Қымбат ресторан, эксклюзив киімдер мен сыйлықтар, танымал асаба, сапалы видеограф... Ал сол шаңырақтың ертеңгі тағдыры, ішкі беріктігі көбіне ескерусіз қалады. Той – көзге көрінетін бір күндік сән-салтанат, ал отбасы – күнделікті еңбек пен сабырды талап ететін тасадағы өмір. Өкінішке қарай, біз осы екеуінің орнын шатастырып алдық.
Үшіншіден, әлеуметтік желінің ықпалы да айтарлықтай. Интернет кеңістігінде бәрі мінсіз көрінеді, бақытты отбасы, бай өмір, еш қиындықсыз тіршілік. Ал шын өмірде кездесетін қиындықтар жастарға күтпеген ауыр сынақ болып сезіледі.
Төртіншіден, ата-ананың шамадан тыс араласуы да жас отбасының іргесін шайқалтады. Үлкеннің ақылы маңызды болғанымен, жас жұбайлардың жеке кеңістігін шектен тыс бұзу кері әсерін тигізбей қоймайды.
Психолог Айкенже Нұрымованың пікірінше, ажырасу – тек конфликтіні шешудің бір тәсілі ғана. Алайда ол барлық мәселені түбегейлі шешпейді.
– Адам өз ішкі жан дүниесін түсінбей, өткен жараларын емдемей жаңа қарым-қатынасқа қадам басса, сол қателіктер қайта-қайта қайталана береді. Сондықтан кейбір адамдар бірнеше рет отбасын құрса да, тұрақтай алмай жатады. Ал керісінше, өзіне сай серік тапқан, психологиялық үйлесімділігі жоғары жұптар кез келген қиындықты бірге еңсеріп, бақытты ғұмыр кешеді. Демек, мәселе тек некеде емес, адамдардың ішкі дайындығында жатыр, – дейді ол.
Ал сексеннен асқан қария Зүлиқа әжей ер мен әйелдің отбасындағы орындарының өзгеруі де келеңсіз жағдайларға әкелетінін айтады. Оның ойынша, кей отбасында ер азаматтың беделі төмендеп, жауапкершілік әлсіреген. Ал әйел адамның шамадан тыс билікке ұмтылуы да тепе-теңдікті бұзады. Негізінде, ер мен әйелдің отбасындағы орны мен міндеті үйлесімде болуы тиіс. Құрмет пен кішіпейілділік жоғалған жерде береке де болмайды.
Қоғам белсендісі Олжас Молдабековтың айтуынша, бұл мәселені тек жеке деңгейде емес, мемлекеттік деңгейде де қарастыру қажет.
– Отбасы құндылығын дәріптеу, үлгілі отбасыларды насихаттау, әлеуметтік қолдау бағдарламаларын күшейту – уақыт талабы. Бүгінде «отбасылы адам», «көпбалалы ана» деген ұғымдар қоғамда жоғары мәртебеге ие болуы тиіс. Сонда ғана жас ұрпақ отбасының қадірін түсінеді, – дейді ол.
Мамандардың айтуынша, ата-анасының арасындағы кикілжің баланың санасына бейсаналы түрде сіңеді. Толық емес отбасында өскен бала үшін ажырасу – қиындықтан қашудың қалыпты жолы ретінде қабылдануы мүмкін. Соның салдарынан ер жеткенде дәл сондай жағдайды қайталап жатады.
Өзіне жауап бере алатын адам ғана өзгеге тірек болады
Түйгеніміз, бұл мәселені шешу үшін кешенді, жүйелі қадамдар қажет. Ең алдымен, тәрбиеге басымдық беру керек. Баланы кішкентайынан еңбекке, жауапкершілікке, өз ісіне есеп беруге үйрету қажет. Өзіне жауап бере алатын адам ғана өзгеге тірек бола алады. Жастарды отбасылық өмірге дайындау маңызды. Мектеп пен қоғамда отбасылық өмір, қарым-қатынас мәдениеті, эмоцияны басқару сияқты білімдер берілуі тиіс. Сонымен қатар жаңа отау құрған жас шаңыраққа сынау емес, қолдау қажет. Баспана, жұмыс, әлеуметтік тұрақтылық та – отбасының беріктігіне тікелей әсер ететін фактор екенін мойындауымыз керек.
Түйгеніміз, бұл мәселені шешу үшін кешенді, жүйелі қадамдар қажет. Ең алдымен, тәрбиеге басымдық беру керек. Баланы кішкентайынан еңбекке, жауапкершілікке, өз ісіне есеп беруге үйрету қажет. Өзіне жауап бере алатын адам ғана өзгеге тірек бола алады. Жастарды отбасылық өмірге дайындау маңызды. Мектеп пен қоғамда отбасылық өмір, қарым-қатынас мәдениеті, эмоцияны басқару сияқты білімдер берілуі тиіс. Сонымен қатар жаңа отау құрған жас шаңыраққа сынау емес, қолдау қажет. Баспана, жұмыс, әлеуметтік тұрақтылық та – отбасының беріктігіне тікелей әсер ететін фактор екенін мойындауымыз керек.
Түптеп келгенде қоғамда тойдың емес, отбасының маңызын алға шығару қажет. Сыртқы сән-салтанаттан бұрын ішкі тұрақтылық құндылыққа айналуы керек. Жастарды кінәлау мәселені шешпейді. Себебі бүгінгі жастар – кешегі тәрбиенің айнасы. Егер біз жауапкершілікті бала кезден қалыптастырып, отбасы құндылығын қайта жаңғырта алсақ, бұл мәселенің алдын алуға болады.
Отбасы – адам өмірінің тірегі, қоғамның негізі. Тату-тәтті өмір сүрген шаңырақта ғана бақыттың дәні өседі. Бір-біріне сүйеу бола білген ерлі-зайыптылар ғана өмірдің сынақтарынан сүрінбей өтеді.
Егер әрбір шаңырақ берік болса, мемлекет те мығым болады. Ал бүгін құрылған отбасы ертең шайқалып жатса, бұл – жеке мәселе емес, ұлттың болашағына төнген қауіп. Сондықтан отбасыны сақтау – тұтас қоғамның ортақ міндеті.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ






