Түйткілдің түйінін тарқататын оныншы бағыт
Адам баласының адуыны қатты, екпіні күшті, тау суындай қуаты арқырап, алмас қылыштай жарқырайтын кезеңі – жастық дәурен. Қай мемлекетті алсаңыз да, оның ең белсенді бөлігі һәм қозғаушы күші де – жас ұрпақ. Жастар кез келген жаңалықты тез қабылдап, қорыта алады Әрі нәтиже шығара біледі. Дәл осы сәтте оларды күңгірт тірлік күйінтіп, дағдарысқа ұшырата алмайды. Содан болса керек батыр Бауыржан: «20 жас тарихи ерліктер жасауға таптырмас уақыт», – деп баға берген. Осы сөзді талай оқиғаның куәсі болған тарих беттері жандандырады.
Дала қоңырауы атанған, қазақ балаларының көкірек көзін оятып, санасына саңылау бола білген – Ыбырай Алтынсарин. Ол небәрі 20 жасында өз еркімен Торғай мектебінде мұғалім болды. Оған дейін ел ішінде оқу-білімнің артықшылығын түсіндіріп, 4 жыл қатарынан үйінде шәкірт тәрбиеледі. «Оян, қазақ!» деп күллі қазақ еліне ұран тастаған Міржақып Дулатов дәл осы жаста Қарқаралыдағы саяси-бұқаралық жұмысқа араласып, патша өкіметіне қазақ халқының атынан петиция жазуға қатысты. Осылардың қатарына 20 жасында-ақ әдебиет әлемінен ойып тұрып орын алған Мұхтар Әуезовті де қосуымызға болады. Оның «Еңлік-Кебек» пьесасы бәзбіреулер әлі жаспын деп санайтын онның екеуіне жеткен шақта жазылған еді. Аталмыш шығарма қағаз бетіне түсіп қана қойған жоқ, Ойқұдықта сахналанды. Қазақ театрының шымылдығы да осы пьесамен ашылды. Бұдан бөлек Ш.Уәлиханов, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, А.Байтұрсынов, Ғ.Мұратбаев сынды Алаш арыстарының жас кезінде атқарған жұмыстары қаншама?! Олар өткен ғасырдың ауыртпалығымен бетпе-бет келсе де, жастық шақтың жалындаған мерзімін тиімді пайдалана білді. Жалғанның жамандығын жимай, білім жинады. Халқымыздың талықсып сын өткелде қалмауы үшін аянбай тер төкті. Ал қазір ше? Бүгінгі таңда біз елі үшін еміреніп, жұрты үшін жұмыла қызмет етіп келе жатқан жастар жоқ деп айта алмаймыз. Еліміздегі 4 миллионға жуық жастың арасында рухани-мәдени құндылыққа, еңбексүйгіштікке, жауапкершілікке, ұрпақ сабақтастығына, отбасылық тәрбиеге басымдық беріп отырғандары жетерлік. Өткен ғасырдың жастары тәуелсіздік таңын атырып, әр қазақтың сауатты һәм таным көкжиегі кең болуына атсалысса, ХХІ ғасырдың ұрпақтары елімізді дамыған елдердің қатарына қосу үшін еңбек етуде. Оларға мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау да, жасалып жатқан жоба да жоқ емес.
«Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңда жастар саясатының мақсаты – жастардың жан-жақты білім алып, кәсіби толыққанды дамуы мен шешімдер процесіне қатысуы, ойдағыдай әлеуметтенуі және олардың әлеуетін елді одан әрі дамытуға бағыттау үшін жағдай жасау екені көрсетілген. Осы орайда елімізде жастарға жарқын жол бастайтын жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, білім саласында жас мамандарды ауылға тартуды көздейтін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы, шетелде оқып, тәжірибе алмасып, тіл үйренуге мүмкіндік беретін «Болашақ» халықаралық стипендиясы, еліміздің оңтүстігіндегі жастарды кадр тапшылығын көріп отырған солтүстік, шығыс, орталық өңірлерде оқытып, жұмысқа орналастыруды мақсат еткен «Серпін» жобасы. Бұл бағдарламалар жас ұрпақты жан-жақты білім алумен қамтамасыз ету арқылы жастар арасындағы жұмыссыздықтың азаюына септігін тигізіп отыр. Сондай-ақ «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Startap Bolashak» бағдарламалары ғылым мен технологияны меңгеріп, кәсіп ашып нәсіп тапқысы келген жас қазақстандықтардың танылуына мүмкіндік береді. Ал тасадағы талантты танып, оларға шығармашылық қолдау білдіретін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының орны бір төбе. Бұл байқау эстрада, классикалық музыка, халық шығармашылығы, әдебиет, театр және кино, журналистика және қоғамдық қызмет, спорт, дизайн және бейнелеу өнері, ғылым салаларындағы үздіктерді анықтау үшін жыл сайын өткізіледі. Бұдан бөлек еліміздегі әр жасқа «7-20-25» бағдарламасы бойынша ыңғайлы шарттармен пәтер беру қарастырылған. «Жастар кадрлық резерві», «Жастар практикасы» бағдарламасы да қазақстандық жастарды қолдауға бағытталған. Аты аталған жобалардың қатарына жас ұрпақтың құрметіне жыл сайын өткізілетін форум, семинар-тренинг, конференцияларды және «Nur Otan» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты ұйымы мен «Жастар» ғылыми зерттеу орталығын да қосыңыз. Осылардың өзінен – ақ жас қазақстандықтардың қанатын қомдап, биікті бағындыратын мүмкіншіліктері көп екенін аңғарамыз. Жыл сайын саны артып, маңызы күшейе түскен жобалардың арасында айтпай кетпеске болмайтын ерекше жаңалық бар. Ол тәуелсіз ел құруда ерен еңбек еткен Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылдың 5 қазанында жасаған жолдауы еді. Тұңғыш Президент: «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекет саясатының басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылы «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын», – деп 14 қарашада жарлыққа қол қойды. Бұл бойымен емес, ойымен бәсекеге түскен жас буынға жалынды үндеу болды. Елбасы өзінің жарлығынан кейін іле-шала жас мамандарға жол ашатын міндеттерді тапсырып та үлгерді. Олардың қатарында жастарды баспанамен қамтамасыз ету, жас кәсіпкерді қолдау, ауылға баратын жас маманның санын арттыру, жас ғалымға өз идеясын шынайы жобаға айналдыруға көмектесу, «Жас сарбаз» бастамасының үлгісімен еліміздегі волонтерлерді, әсіресе әлеуметтік жобалар саласындағы еріктілерді біріктіру жұмыстары бар. Елбасы жастарға бағдары айқын бастамаларды айтуы бекер емес. Себебі ол елімізді дамыған елдердің қатарына қосатын жас ұрпақ екенін әу бастан біледі. «Кемел келешек кейінгі буынның қолында», – деп ұққан Тұңғыш Президенттің бұл да бір көрегенділігінің белгісі. Ал қазір Қазақстанның көк туын дүниенің түкпір-түкпірінде желбіреткен Елбасының сарабдал саясатын еліміздің екінші президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып отыр. Ол президенттік қызметіне ресми кірісу рәсімінде: «Осы күндері менің атыма азаматтарымыздан көптеген өтініш-тілектер келіп түсті. Олардың бәріне ортақ бір ғана тілек бар. Елбасымыздың жолын, стратегиясын сақтау және оны одан әрі нығайту», – деді. Осы арқылы Қ.Кемелұлы тәуелсіз елдегі саяси басқару мен сабақтастықтың жаңа, озық үлгісінен жаңылмайтынын аңғартты. Сабақтастықтың жібін жалғастыра отырып, Қ.Тоқаев 12 маусым күні халық сенімін ақтауға ант берді. Сондай-ақ өзінің алдағы қызметінің 10 басым бағытын белгілеп, жария етті.
Президент оныншы бағытты жастарға арнады. Мемлекет басшысы жас қазақстандықтардың алдында жауапкершілігі жоғары міндет тұрғанын айтып, келер күні жастар стартапын қолдайтынын және жастарды жұмысқа орналастыратын бағдарламаларды енгізетінін хабарлады. Мемлекеттік қызметтің барлық деңгейіне жас талантты басқарушыларды ілгерілету үшін «Президенттің кадрлық резерві» қалыптастырылмақшы. Бұл ретте Президенттің жаңа кадрлық тағайындаулары көпшіліктің көңілінен шығып үлгерді. Бүгінгі таңда билікке білімді де білікті, келешегі зор жас басшылар келіп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев өзі айтқандай Елбасының стратегиясын сақтай отырып: «Біздің жастар – мақсаткер, еңбексүйгіш, креативті. Сондықтан Қазақстан болашағы сенімді қолда», – деп кейінгі буынға үміт артты.
Жалындаған жастардың жарқырайтын кезі жетті. Елдің жүгін өрге сүйрейтін қозғаушы күшке бағдары айқын бастамалар айтылды. «Болашақ жастардың қолында» деген сөзді жүзеге асыратын уақыт келді. Жастарға жол ашар жобалар ұсынылып жатқанда әрқайсысы шашасына шаң жұқтырмайтын арғымақтай арындау керек. Әйтпесе көлеңкеде қалған көп жайтты күнгейге шығарудан шет қаламыз.
Маржан
ҚҰРМАНҒАЛИЕВА