Арыстықтарды қолдауға бағытталған қорға жалпы 225 млн теңге қаржы аударылған
Бүгінге дейін арыстықтарды қолдауға бағытталған қорға 225 млн теңге қаржы аударылды. Естеріңізде болса, бұған дейін Арыс қаласының тұрғындарына қаржылай көмек қолын созамын дейтін азаматтар үшін «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорында арнайы есепшот ашылғанын хабарлағанбыз.
Жандос Жұмабек, тілші:
– Біз қазір Арыс қаласынан 10 шақырым қашықтықтағы Ордабасы ауданына қарасты Ақжол ауылы, Жамбыл мектебінде орналасқан облыстық штабтың алдында тұрмыз. Мұндағы жұмыс әрине қарбалас, әрі қатал. Біз де түнде сарбаздармен бірге осында түнеп шықтық. Бір байқағаным, мұнда темірдей тәртіп орнатылған. Түнде ел аяғы басылғанда келіп жайғасқан 500-ден аса сарбаз таңғы 6-да тұрып, апат аймағына аттанды. Айналаның бәрі көріп тұрғандарыңыздай, әскери техникалар мен жедел жәрдем көліктері және байланыс құрылғысы орнатылған көліктер. Штаб жұмысында тыным жоқ, түні бойы жалғасып жатты. Ал ұрлық-қарлықтың алдын алу мақсатында Арыс қаласының аумағын түні бойы Ұлттық ұланның 580 жауынгері мен 345 полиция қызметкері күзетті. Ал өңірлерден жиналған алғашқы гуманитарлық көмек түнде Шымкент қаласына жеткізілді. Жарылыстан зардап шеккен арыстық ағайындарға бүкіл ел жұмылып қол ұшын беріп жатыр. Сауапты істен өнер адамдары да шет қалмады. Кеше кешкісін Сәкен Майғазиев бастаған бір топ әншілер Арыс қаласындағы төтенше жағдайдан зардап шеккен отбасылар мен әскерилерді қолдау мақсатында тиісті әлеуметтік көмек көрсетуге осында келсе, қазір әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев бастаған екінші топ келе жатыр деген ақпар түсті. Зардап шеккен халыққа көмек қолын созамын дейтін азаматтар «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорына хабарласып, арнайы есепшотқа аударған дұрыс дейді мамандар. Себебі осы сәтті пайдаланып, ақша жасағысы келетін пысықайлардың да болуы мүмкін екенін ескертеді.
24.kz