Қан қысымын қалыпта ұстаудың құпиясымен бөлісті
Алматыда медицина қызметкерлері күні қарсаңында №4 қалалық клиникалық ауруханада Халықаралық артериалдық гипертониямен күрес күніне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мамандар ауырмайтын жол іздеудің амалдарын айтты. Конференцияға қаладағы медициналық мекемелерден жалпы тәжірибелік дәрігерлер, терапевтер, кардиологтар, невропатологтар, салауатты өмір салтын насихаттайтын дәрігерлер қатысты. Сонымен қатар, №4 қалалық клиникалық аурухана мен Жедел шұғыл көмек ауруханасының дәрігерлері телекөпір арқылы өзара ақпарат алмасты. №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев бүгінде артериалдық гипертонияның алдын алу, асқындыру деңгейіне жеткізбеу шараларының дер кезінде жүргізілуі өзекті екенін атап өтті.
«Артериалдық гипертониямен ауыратын науқастарды дер кезінде анықтау мақсатында қаралатын науқастардың саны жылдан жылға артып келеді. Бір жақсысы, оларды дер кезінде емдеп, инсульт пен жедел миокард инфарктысы деңгейіне жеткізбей, емдеу мүмкіншілігі артады. Әрине, дәрігерлер қан қысымының алдын алуда, артериалдық гипертониясы бар науқастарды емдеуде елеулі жетістіктерге қол жеткізіп, озық заманауи әдістерді енгізіп отыр. Дегенмен, ең күрделі мәселе күнделікті тіршілік қамымен жүріп, өз денсаулығымызға деген жауапкершіліктің әлі де аздығында. Сондықтан дер кезінде скринингтік тексеруден өтіп, ауруды асқындырмай, дәрігерлер кеңесіне жүгіну керек»,- деді Қанат Тезекбаев.
«Help» инсультпен ауыратын науқастарға көмек көрсету қоры» ҚҚ атқарушы директоры, невропатолог-дәрігер Айгүл Құдайбергенова жүкті әйелдерде артериалдық гипертонияның асқынуы, оның салдары, ана мен балаға тигізер әсері туралы баяндама жасап, клиникалық жағдайлармен таныстырды. Дәрігерлер артериалдық қан қысымын бақылауға қол жеткізу әдістерін жетілдіру, церебральдық венотромбоздарын диагностикалаудың күрделілігі мен емдеу терапиясын жүргізу, акушерліктегі қайталанған тромбоэмболикалық асқынулар салдары, артериалдық гипертониясы бар науқастарды емдеу ерекшеліктері, артериалдық гипертония кезіндегі когнитивтік зақымдануларды кеңінен талқылады.
Статистикаға сүйенсек, гипертониялық аурумен ауыру көрсеткіші Қазақстанда 3 жылда 10 пайызға артқан.