Шымкентте тізе буынына алғаш рет тіліксіз операция жасалды
Шымкентте дәрігерлер спортшы қыздың тізесіндегі жаншылып қалған шеміршекті пышақтың көмегінсіз алып тастады, деп хабарлайды «Хабар 24». Қалада алғаш рет жасалған бұл операцияға Алматыдағы Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің профессоры, медицина ғылымдарының кандидаты Арман Әбдіразақов арнайы қатысты. Тәжірибесі толысқан білікті маман Арман Әбдіразақовтың жетекшілігімен аурухана базасында 3 пациенттің тізе буынына тіліксіз ота жасалды. Әрбір операция бар-жоғы 30 минутқа созылған. Операцияны жасау үшін травматологтар артроскоп аппаратын қолданған. Қондырғының көмегімен тізе буынындағы жарақаттанған сіңірге функционалды қабілетті сіңірді жалғап берген. Арман Әбдіразақов, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің профессоры: – Тізе буынға қатты зақым тиген. Артқы айқас байламы үзіліп кеткен. Сол үшін біз артроскопия әдісімен яғни минвазиттік үлкен тілім жасамай, толық тізені ашпай, эндоскопия әдісімен операция жасап жатырмыз. Нәтижесінде аяғы мен тізесі тұрақты болуы керек. Бұрын мұндай оталарды жасау үшін тізені тіліп, буындарды ашып барып, езіліп кеткен жілікшелерді алатын. Енді дененің екі-ақ жері тесіледі. «Бұл әдістің науқастардың ертерек аяғынан тік тұрып кетуіне пайдасы көп және денеге тыртық түспейді», – дейді мамандар. Марат Үсенов, №1 қалалық клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі: – Біз осыны біздің ауруханаға ендірудеміз. Сол себеппен Алматыдан Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің трамватология бөлімінің меңгерушісі, профессоры Арман Әбдіразақовты шақырдық. Қазір шеберлік сыныбын өткізуде. Операцияны бірге жасаудамыз. Жылына негізі орта есеппен 1,5 мың операция жасаймыз. Көлік апатынан көп түседі. №1 қалалық клиникалық ауруханаға күнделікті 200-250 науқас медициналық көмекке жүгінеді. Орта есеппен олардың 70-90 ауруханаға жатқызылады. Емдеу мекемесі соңғы үлгідегі құрал жабдықтармен қамтылған. Сонымен қатар бүйрек пен бауыр трансплантациясы операциясы осы ауруханада жасалынады. Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов
www.24.kz