Көзге қиқым түскенде

Бізді жүзінде ерекше жылылық байқалатын ақ жаулықты әже қарсы алды. Зейнеткерлікке шықса да әр ісіне мығым, аяқ-қолы жылдам екені көрініп тұрды. Әп-сәтте інімнің көзіне тіл салып берді де, енді абайлап жүр қарағым, – деді. Осыншалық алаңдаушылықтың бір сәтте шешімі табылғанына қуанып-ақ тұрмыз. Иә, халық емі атам заманнан өз пайдасын тигізіп келеді. Оның ішінде көз алдымыздағы көрініс тіл салудың маңыздылығын түсіндіргендей. Тереңірек түсінгіміз келді де, Күлшахар Баянқызына хабарласып, тіл салудың қыр-сырын білген едік.
–Алғаш 9 жыл бұрын қызымның көзіне абайсызда құм түсіп, өзім тіл салып, алып тастадым. Оны естіген көрші-қолаң, туыс-туған үйге ағытыла бастады. Сол уақыттан бері айналысып келе жатырмын. Атақты болып кеттім деп айта алмаймын. Десек те, өздерің секілді жандар аудан бойынша ара-тұра іздеп келіп жатады. Тіл салудан бөлек тамақ басатыным, балаға түкіретінім де бар. 25 жылдай бала түкірумен, 9 жылдай тіл салумен айналысып келемін. Жасыратыны жоқ, қоғамда халық емшісінің атын жамылып, ақша табуды ойлап, оның абырой-беделіне нұқсан келтіріп жататын жәйттар да кездеседі. Өз басым сол секілді келеңсіз әрекеттерге түбегейлі қарсымын. Қолымнан келіп тұрғанда көмегімді аямаймын, – дейді Күлшахар апа.
Кейіпкердің айтуынша бұл қасиет оған асқар тауы әкесінен дарыған екен. Өзінің өнегелі өмірінде 38 жыл ұстаздық қызмет еткен ол, күнделікті тіршілікте болған оқыс қимылдардан көзге абай болып, сақтану керектігін де айта кетті.
Фариза
КЕНЖЕШОВА.