Бас мүфти: Ораза айт – отбасылық мереке
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ораза айт мерекесі. Осыған орай еліміздің бас мүфтиі, Серікбай қажы Ораз барша мұсылмандар қауымын ораза айт мерекесімен құттықтады.
Қадірлі отандастар, құрметті бауырлар!
Баршаңызды күллі мұсылман үмбетінің ұлық мерекесі – ораза айтпен құттықтаймын. Әр отбасына бақ пен береке, бірлік пен игілік тілеймін. Алла Тағала отыз күн тұтқан оразамызды, жасаған құлшылық-ғибадатымызды, берген садақымызды, барша игі ималымызды қабыл етіп, мол сауаптан жазғай!Жаратушы Жаббар Иеміз: «Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн...» – деп сүйінші хабар жеткізген.
«Айт» сөзі – «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу», «қарымта» деген мағыналарды білдіреді. Алла Тағала барша отбасына берекетін жаудырып, қасиетті рамазан айында ыждаһаттылықпен ауыз бекіткен жамағаттың қуанышын арттырғай!
Ораза айт – отбасылық мереке. Мейрам күні ата-анамызға, кішкентай бүлдіршіндерге, ағайын-туыстарға сыйлық үлестіріп, оларды қуанышқа бөлеу – мерекенің сәнін арттыра түсетін игі іс. Жабырқаған жанды демеп, қарияларды қуанышқа бөлеп, көмекке мұқтаж адамның алғысы мен батасын алу – ол да сауапты амалдың бірі.
Айт күнінде толық жуынып, жұпар иіс себініп, жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы ерекше. Намазға барудан бұрын құрмадан дәм тату – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалы.
Құрметті қауым!
Рамазан айында мешіттерімізде ауызашар беріліп, қайырымдылық іс-шаралар жүзеге асты. Көпбалалы отбасылар мен көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық жасалды. Осынау игі іске үлес қосқан барша жомарт жандарға алғыс айтып, Алла разы болсын деймін.Ораза айт мерекесі құтты болсын! Алла Тағала дұға-тілегімізді, қасиетті айда жасаған қайырлы амалымызды, берген зекет пен пітір садақамызды қабыл еткей!
Әрбір отбасына амандық, жақсылық тілеймін. Раббымыз рамазаннан рамазанға дейін айдан аман, жылдан есен жеткізе бергей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әумин!