Көзін ашып, сөйлей бастады: Дәрігерлер балабақша терезесінен құлап кеткен сәбидің жағдайы туралы айтты
Талдықорғанда балабақша терезесінен құлап кеткеннен кейін комаға түскен 2 жасар сәби есін жиды. Дәрігерлердің айтуынша, ол көзін ашып, сөйлей бастаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Еске сала кетсек, Талдықорғандағы «Қарлығаш» балабақшасында 2 жасар сәби терезеден құлап кеткен еді. Салдарынан оның миына қан құйылып, ауруханаға ес-түссіз күйде жеткізіледі. Бүгінде бұл оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Баланың құлауына байланысты педагогтің кінәсі тергеу барысында анықталды, ол жұмысынан шеттетілді.
Бүгінде 2 жасар сәби есін жиған. Дәрігерлердің сөзінше, сәби сөйлеп, тамақтана бастапты. Қазіргі уақытта ол палатаға ауыстырылған. Жақын уақытта үйіне жіберіледі екен. Десе де дәрігерлер оған әлі де ұзақ ем алу керектігін айтады. Себебі бас сүйегі сынғандықтан, ерекше күтімді қажет ететін көрінеді.
«Бала алты айдай реабилитациядан өтуі керек. Ол қатты зақым алған. Ол тез жазылмайды», - дейді Алматы облыстық көпсалалы балалар ауруханасы бас дәрігері Марат Досқалиев.