Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Инновациялардың дамуы – жарқын күндердің белесі

Инновациялардың дамуы – жарқын күндердің белесі


Биылғы Жолдаудан біз егеменді еліміздің кемел келешегін алып мемлекеттер қатарына қосылу жолында қойылған нақты мақсат-міндеттерді көреміз. Оларды жүзеге асыру жастардың білімділігіне, одан кейін белсенділігіне тікелей байланысты. Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы тосыннан туындаған құжат емес. Бұл осыдан алты жыл бұрын жарияланған «Қазақстан – 2050» стратегиясының белесі десек болғандай. Бұған дейін үшінші жаңғыру үрдісінен өттік. Өткен жылы ел саяси, экономикалық, рухани жаңғыруға барынша көңіл аударып, тарихын білетін, тілін, дінін түсінетін жас ұрпақты қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар көптеп өткізілді. Қазақ елінің ұлт ретінде ұйыса білуінің, ұлтаралық түсіністіктің, төзімділік пен сенімділіктің арқасында биік белестерді бағындырдық. Осы жолы Ұлт Көшбасшысы алдағы жылдары атқарылуы тиіс он бағытты айқындап берді және жастарға зор сенім білдірді. Себебі, Елбасының саясатын іске асыратын қозғаушы күш біздер, яғни – жастар.
Жолдауда көрсетілгендей инновациялардың дамуы, ресурстық әлеуетті, агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту, көлік-логистиканы жетілдіру, білім берудің сапасын арттыру, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, «Смарт Сити» тұжырымдамасын енгізу Қазақстанды жаңа белеске шығаруға мол мүмкіндік береді. Нақты айтсақ, «Адами капитал – жаңғыру негізі. Білім берудің жаңа сапасы» атты жетінші басымдық бірден назарымды аударды. Себебі, Жолдауда көрсетілгендей, балалардың ерте дамуы үшін мектепалды білім беруде 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай, оқушылардың өз бетінше оқу машығын, әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттары енгізілуі керек. Сондай-ақ мектептерде жаңартылған мазмұнға көшу басталды. Ол 2021 жылы аяқталмақ. Жаңа технологияларды енгізуге пайдасы мол математика, жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту қажеттілігі туындап отыр. Бұл – технологияны жіті меңгерген маман дайындап, алдыңғы қатарлы елдерге ілесудің маңызды шарты екендігін Елбасы жақсы айтып кетті. Сол сияқты балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру, орыс тілді мектептерге мемлекеттік тілді оқытудың жаңа әдістемесін әзірлеу, латын әліпбиіне көшу біздің болашағымыз үшін тиімді екеніне шүбә жоқ. Осындай асқақ ойлармен қатар нақты атқарылуы тиіс міндеттер де белгіленді. Жаһанның ең дамыған отыз мемлекетінің қатарынан орын алу жоспары нақтыланды. 2050 жылға дейінгі әрбір бес жыл жаңа міндеттерді шеше отырып, түпкі нәтижеге қызмет етуі тиіс.
Айдана МАМАНОВА,
аудандық «Жастар ресурстың орталығы» директоры.
30 қаңтар 2018 ж. 1 131 0