Тау халқы тасаттық жасады
Тасаттық – тарихы тым терең құлшылықтардың бірі. Құлшылықтың бұл түрін пайғамбарымызға дейін де Мұса пайғамбардың орындағаны жайлы кей деректерде айтылып жатады. Дін мен салт-дәстүрді ұштастырып, қос құндылықты бөліп-жармай, керісінше өмірлік бағыт көрсетуші жол деп қараған бабаларымыз да жыл сайын тасаттық жасап, құрбан шалып, құранын оқып, Алладан жыл басында жаңбыр суының мол болуын, Елде қуаңшылық орын алмауын тілеген. Сәлемінің өзін «мал-жаның аман ба?» деп сұрайтын қазақ халқы үшін жердегі көк пен өзендегі судың молдығы қашанда құнды Һәм қажет.
Осынау ежелгі үрдісті өткен сәрсенбіде, яғни, «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі» күні қарсаңында Еңбекші ауылының тұрғындары атап өтті. Шара ауылдағы «Баба ата» мешітінде ұйымдастырылып, ауыл тұрғындары түгел қатысты. Жиын алдында ауыл ақсақалы М.Бекқожаев сөз сөйлеп, келген жамағатқа аталған құлшылық жайлы аз-кем түсіндіріп, елді біріктіріп, ауызбіршілікке шақыратын өнегелік сөздерін айтты. Одан кейін халық тасаттыққа арнап жайылған дастарқаннан дәм алып, құлшылық шарты бойынша құран оқылып, дұға жасалды. Берекелі іске ауыл азаматтарының барлығы бір ауыздан атсалысқанын білдік. Жалпы бірлігі бекем Еңбекші сынды ауылдардан қашанда береке таймайтыны белгілі емес пе? Біз де «лайым, осындай ынтымағы мен ауызбіршілігі жарасқан ауылдардың қатары өңірде көбейе берсе екен» деген тілегімізді тасаттық дұғасына қосып қайттық.
Е.Айтөреұлы.