Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әл-Фараби жастары жарады

Әл-Фараби жастары жарады

Нұх пайғамбар үш баласын дүниенің үш торабына жібереді. Үлкен баласы Самнан ақ нәсілділер тарайды. Ортаншысы Хамнан қара нәсілділер өрбіді. Кіші ұлы Жаппастан түркі нәсілі тарады. Оның иелігіне күншығысты берді. Нұх пайғамбар оны аттандырып тұрып:– Ұлым, мына тұмарды мойныңа тағып ал. Мұнда қажетті дұға жазылған. Алда-жалда бір қиындыққа тап болсаң, осы дұғаны оқырсың, – деп шақпақ тасқа жіп өткізіп, ұлының мойнына тағады.
Жаппас шығысқа қарай сапар шегіп, ұзақ жол жүреді. Көп жүріп, қалың қарағайлы бір тауға жетеді. Сол арада кенет аспан күркіреп, жердүниені қалтыратып жібереді. Әлемді қара түнек қаптайды. Әлден уақытта бұл алаулы ұшқын тауға түседі. Қарағаштар лаулап, жана бастайды. Жаппас әкесі жазып берген тас бойтұмардағы дұғаны оқиды. Сол сәтте көктен нөсерлетіп жаңбыр құяды. Өрт өшіп, күн ашылады. Жаппас сол сапарда Түркістан өңіріне жетеді. Сонда тыныстап отырып, шақпақ тасты Қаратаудың баурайына қояды. Осында отау құрып, ұрпақ өсіреді. Дүниеден өтерінде балаларына:
– Егер қуаңшылық салып, көктен тамшы тамбаса тауға барып, дұға оқыңдар. Семіз малдан құрбандық шалыңдар. Сонда жаңбыр жауып, егіндеріңнің шығымы жақсы болады, – дейді. Содан бастап бұл тас «жады тасы» деп аталады. Құрғақшылық болған кезде адамдар сол тасқа барып ондағы жазылған дұғаны оқиды екен. Кейін бұл дәстүр «тасаттық беру» салтына ұласып кетеді. Адамдар бұлақтың, өзеннің бастауына барып құрбандық шалып, Алладан жаңбыр тілейді.
Міне, осындай игі дәстүрді 1 мамыр мереке күні кентіміздің ең үлкен, ең таза көрікті көшелерінің бірі – әл-Фараби көшесінің жастары қолға алып, тасаттық ұйымдастырды. Көлдің жағасына шатыр тігіп, ас берді. Ауданымыздың игі жақсылары зиялы қауым өкілдері, ардагерлерді шақырып дәмнен ауыз тигізді. Сондай-ақ, жастар жағы үлкендердің айтқан уағыздарын ғибратты әңгімелерін тыңдап, керемет ой түйді. Жастардың имандылыққа бет бұрып, осындай шара ұйымдастырып жатқаны көпшілікті қуантты.
Әл-Фараби көшесі бірлігі мықты, халқы берекелі, ынтымақты ту еткен көшелердің бірі. Бұл көшеде еліне елеулі, қайырымдылыққа толы істері көп, атымтай жомарт атанған Әбдіманап Шорабаев, көпшілікке қамқоршы болған, жүрегі кең, жаны таза, азамат – Қазанғап көкелеріміз тұрған. Осындай көңілі көл, көмегі мол азаматтарымыздың игі істерін жалғастырып, естен кетпестей етіп, тасаттық берген жастар қауымына жиналған көпшілік батасын беріп, алғыстарын жаудырды. Алла деп ақ жолмен жүрген жастарға риза болған халық көпке дейін бөгеліп, қимай тарқасты.
Бұл игі іс тасаттықпен шектелмей, жас­тар қайырымдылық шарасын да көрсете білді. Жиналған қаржыдан қалғанын 20 тұрмысы төмен отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті. Осындай шараның басы-қасында жүрген молда Молдахмет, жастарға ақылшы бола білген Сәрсенбек көкеміз, жас та болса бас бола білген Мархабат, Ғабит, Үсен, Батырхан секілді азаматтар тұрғындардың алғысына бөленді. Осылайша, әл-Фараби көшесі ынтымағы мен бірлігі жарасқан, тыныштық пен бейбітшілікті жақтайтын жұрт екендіктерін бәрі біледі. Елдің бірлігі, ұлттың ұйтқысы осындайда көрінсе керек.

Айнұр НАЗАРОВА.
12 мамыр 2018 ж. 1 168 0