КӨКЖАЙЛАУ КЕРЕМЕТТЕРІ…
Көкжайлау-Іле Алатауының көрікті мекені. Ғажайып көрінісімен көз арбайтын жайлауға шығушылар қысы-жазы тоқтамайды.
Алматылықтардың Көкжайлауға жиі шығуының өзінде мән бар, себебі қалада ауа лас, ал мұнда таза табиғат, қала берді оған көтерілу салауатты өмір салтын қалыптастырады. Еліміздегі тау туризмі отаның Алматы десек, бұл аймақта тауға шығулар саны артпаса, кемімейді. Оны Алматы баурайындағы тауға шыққан халықтың өзі дәлелдеп жатыр. Әсіресе, біз сөз еткелі отырған Көкжайлау тау құмар жандардың алғашқы мектебі іспетті. Тау соқпатарының аса күрделі болмауы және жол қашықтығының қолайлылығы тауға бірінші шыққан адамды баурап алады да, тауға құштарлықты арттырады. Ендеше, бүгін бізбен бірге фотосапарға аттанып көріңіз.
Көкжайлауға қаладан Алматы-Медеу бағытындағы №12 автобусқа отырып, Ақбұлақ аялдамасынан түсіп қаласыз да, тауға қарай көтерілетін автожолмен жаяу көтерілуді бастайсыз.
Тауға көтерілген сайын, керемет көріністер ашыла бастайды. Мынау бірінші көтерілістен көрінетін, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының «Медеу» бекеті.
Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркі мен Алматы қаласының әкімдігі қазір тау соқпақтарына ерекше көңіл бөліп келеді. Әсіресе соңғы уақытта мынандай жолбағдарлар орнатылды. Арнайы тақтайшада осы төңіректе кездесетін фауна мен флораны сипатталған.
Мына тақайшада төңіректе жануарлардан ителгі, тау сусары бар десе, өсімдіктерден тау шымылдық, Альберт құртқашасы өсетіні жазылған.
Тақтайша көп ақпраттан хабар беріп тұр. Бізге Көкжайлауға бар болғаны 2,5 км қалғаның, біздің теңіз деңгейінен 1921 м биіктікке көтерілгенімізді сипаттап берді.
Дәл осы аралықта Іле Алатауындағы Нұрсұлтан (Комсомол) шыңы ерекше жақыннан көрінеді.
Шығыс беткейдің әдемі сұлулығын суретке түсіріп тұрған бізге, батыс жаққа қараудың қажеті жоқ па деймін?! Көк түтінді жарып шыққан Көктөбе телемұнарасынан басқа ештеме көрінбейді. Сонда Алматыны түтін жұтып қойды ма?..
Көкжайлау бағытында қозғалып келеміз. Алдымыздан жалғыз ағаш көрінді. Күн көзіне шағылысқан әсем бейнесі, жолаушыларға жылылық сыйлап тұрғандай-ақ…
Алматыны аяз қысып тұрғанымен, тауда жылы атмосфера қалыптасқан. Жолда жолыққан адамдар да шырайлы. Тау этикасы деген бар. Мұнда бәрі бір-бірімен амандасып өтеді. Тау жолының ұзақтығын осы тау философиясының өзі қысқартып тастайды.
Бұл біздің Көкжайлауға жетіп қалғанымызды білдіреді.
Бұл біз бірнеше шақырым жол жүріп келген мақсатымыздың орындалғандығы. Алдымыздан әдемі көрініс ашылды. Анау алыста жатқан Үш ағайынды шоқысы мен Құмбел шыңы да көз алдымызда тұрғандай-ақ…
Бұл өткен жылдың тартуы. Бұрын дәл осы төңіректе бірде-бір белгі болмаған болатын. Әсіресе, естелік суретке түсуге таптырмайтын белгі.
Бұл Көкжайлаудың жалпы көрінісі. Табиғаты керемет көріністі ұзақ уақыт отырып тамашалай беруге болар еді, әттең қыста уақыт жағы қысқа болғандықтан, біз сол соқпақпен қайта үйімізге қайттық. Тауға шығып тұрыңыздар, саяхаттаңыздар! Келесі фотосаяхатта жүздескенше, «Айқын.кз» оқырмандары!
Фотосаяхатты жүргізген Досжан Балабекұлы (суреттерді түсірген автор)