Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тасаттық тек жаңбыр сұрау емес

Тасаттық тек жаңбыр сұрау емес


Бітпестей болып көрінген қыстың да ауылы алыстап, жайма шуақты көктемнің келгеніне де айдың жүзі болды. Көктемнің «Бисмилләсі» болғанымен, жаздың ыстығы әлден сезілуде. Ауа-райының өзгергені былай тұрсын, адамдар да қыстағыдай емес. Шер тарқатып, әңгіме айтатын жанды табу қиын. Себебі, бірі егінмен әлек болса, екіншісі, өткен жылы жоспарлап қойған құрылысына кірісіп үлгерген. Ал, ауыл-ауылдарда жылдағы дәстүр бойынша тасаттық беру де басталып кетті.

Жексенбі. Жұмыстан қол босамаған соң, көктемнің күйбең тіршілігі демалыс күнге жинақталған. Тізбектелген істі ұмытпас үшін санамызға сызбақтап қойғанымызбен, тау беткейден соққан салқын жел көпшілігіне тосқауыл қойып, екі қолды құрықтады. Бірақ, шырылдаған телефон сыңғыры мақсат еткен ісімізді жүзеге асырмаса да, қайырлы істің шақыртушысына болды. Телефонға көп қоңырау шала бермейтін Әйбектің орталық мешітте азаншы қызметін атқарып жүргеніне де екі жылға жуықтады. Жас шамасы қатты кіші болмаса да, көрген сайын ағалап, құрметін көрсететіні бар. Бұл жолы да әдеттегідей. Өзі нағыз аузын ашса, жүрегі көрінетін ақкөңіл жігіт. Кент орталығына жақын орналасқан Бидайкөл ауылының жас­тары жақсы бастаманы қолға алып, ауыл жастарына үлгі көрсетіп жатыр екен. Бұл жолы намазға емес, тасаттыққа шақыру үшін қоңырау шалған. Арнайы шақыртылған соң, қойындәптерді қойынға тығып, сол ауылға бет алдық.
«Бегман ата» мешітіне осыдан жиырма жыл бұрын мектептен түлеген түлектер шатыр тігіп, ақ дастарқан әзірлепті. Оларға он жыл бұрын мектеп бітірген азаматтар қосылған. Қаражат қосып, күштерін біріктіріп, жазғы ас беретін бастырманы бірге әзірлеген. Себебі, мақсат бір – ауыл азаматтарының басын қосып, ауызбіршіліктерін арттыру. Жастарға үлгі көретіп, бұрыс қылықтардан тыю. Құран оқытып, сауабын әруақтарға бағыштау. Алладан ауыл-аймақтың амандығын тілеп, дұға жасау.
Алыстан қарағанда тігілген шатырдан шапанын сүйреткен ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарды көрдік. Жастардың жұмысын оң бағалап, батасымен қолдау көрсетуде. Себебі, ауыл жастарының бұл алғашқы бас­тамасы емес. Жуырда ғана, ауылдың мәдениет үйінде концерт беріп, жиылған қаражатты қайырымдылыққа жұмсаған. Сонымен қатар, жиында жаңа қорымның айналасын қоршау, тазалау жұмыстарына атсалысып, қаржылай және заттай демеушілік көрсеткен азаматтарға алғыс хаттар табысталды.
Тасаттық. Тамырымызға сіңіп кеткен бұл дәстүр көп­шіліктің санасына тек жаңбыр сұрау немесе күннің күркіреуін тілеу сынды көрінісімен жақсы таныс. «Тасаттық» – біздің сөздік қорымызға араб тілінен енген. Арабша «Тасаддуқ» – Алла разылығы үшін қайыр садақа беру мағынасында қолданылады. Десе де, кейбіреулер оны тек құрбандық шалып, жаңбыр тілеп, тамақ жеп, құран оқу деп түсінетіні жасырын емес. Осындай ойлардың жетегіне еріп, «Ақшамды берсем болды, қалғанын өздері тындырады» деп, арамызда үйде жататындар да бар. Аталмыш ауылда өткен шара қатысушыларға ой салды. Тасаттық тек тамақ жеу емес, елдің амандығын тілеу, бауырмашылықты арттыру, үлкен мен кішінің арасын жақындату, жақсылықты үндеу, Алладан ел болып, дұға жасау, ауызбіршілікті насихаттау. Осы игі бастамаларға түрлі спорт түрлерінен турнирлер қосылса, қанекей. Ең бастысы – ниет.


Ерұлан ДАТКЕНОВ.
13 сәуір 2019 ж. 2 308 0