Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Би халықтың болмысын бейнелейді

Би халықтың болмысын бейнелейді



29 сәуір – Халықаралық би күні
Би өнерінің бастау бұлағына көз жүгіртсек, ең алғаш бидің пайда болуына адамдардың үнемі айналысып жүрген жұмыстары барысында қайталанатын іс-әрекеттері әсер еткен деседі. Әдеттегі қимылға сан қилы физикалық күй бере келе, өз алдына «би» деп аталатын өнер түрі қалыптасқан. Айналадағы көптеген факторлардың әсерінен заман ағымына сай өзгерулер еніп, жаңарумен жалғасын тауып келе жатқан көне өнер. Ұлттардың бір-бірінен түрлі өзгешеліктер арқылы ерекшеленетіні секілді би де халық болмысын бейнелейді.
Музыкаға икемделген түрлі қозғалыстардан тұратындықтан биді музыкасыз елестету қиын. Өздерінің биі мен әуенін киномотография саласы арқылы әлемге әйгілеп келе жатқан үнді халқын киносының жартысы сюжет, жартысы концерт болатынынан байқасақ болады. «Үнді» биі біздің заманымызға дейінгі төрт жүзінші жылдары бастау алған деседі. Аңыз бойынша ең алғашқы биді Шива құдайы билеген. Әртүрлі қозғалыстардан құралған биімен ол әлемді жинақтап, құраған деп сенеді. Ал аспан асты халқының «пипа» атты түрі домбыраға ұқсайтын ішекті аспабы бишіні өзінің нәзік ноталарымен билетеді. Жалпы, қытайлардың көп аспаптары осы пипа типтес болып келеді. Сондықтан да болар, қытай биі десе қолдарына желпуіш ұстап, жеңіл қимылдарымен құбыла қозғалатын қытай қыздары елестейді. Кейде әуенсіз дене ырғағын жасау мүмкін ­еместей көрінеді. Құлағы нашар еститіндердің де билейтінін ескерсек, әрине, мүмкін. 2000 жылдары жарық көрген «The Dancer» («Биші») деп аталатын драмалық кинода мылқау қыздың керемет биші болуы би құдіретінің біз ойлағаннан да биік екенін көрсетеді. Дәрігерлердің айтуынша, аптасына екі мәрте би үйірмесіне қатысу ақыл-ой адасуына тап болудың алдын алады екен. Би қозғалыстарын жасау барысында адамның бойы жеңілдеп, ми тамырлары ашылып, қан айналымы жақсырақ жұмыс істейді. Энергиясы көбейіп, көңіл-күйі көтеріңкі болады. Философтар бидің әр қимылы белгілі бір ойды жеткізеді және әр қозғалыс бір сөз дейді. «Қара жорға болмаса, бидің сәні келе ме» деп әндеткен қазақтың да әрбір биі дене жаттығуымен пара пар. Билегенде денедегі бүкіл буынды қимылдататын қазақтың «қара жорғасын» елімізге алғаш әкелген – Арыстан қажы Шәдетұлы. Шығу тарихы ХІІ ғасырдан бұрынғы уақытты қамтитын биді емдік терапия мақсатында да қолданады. Археологиялық зерттеу жүргізу кезінде қазақтар мекен еткен жерлерден жартасқа қашап салынған бақсылардың бейнесі табылғандықтан, қазақтың биі шашақты киім киіп, түрлі аспаптарды дүңгірлетіп жататын шамандардан басталған деп жатады. Осы шамандар ырғағымен ішкілікке салынғандарды емдейтін медицина ғылымының бағытын психоритмотерапия деп атайды. Мәскеу Ғылыми Зерттеу Институтында қолданылатын бұл терапия түрін Марк Гарбер ойлап тапқан.
Қытай қазақтарының ұйымдастыруымен он мың адам билеген «қара жорға» әлемдік Гиннестің рекордтар кітабына да енген. Тағы бір ұлттық биіміз Қамажайдың әнін Белгияның «Julien Jaffres» тобы түрлі аспаптарда ойнап, бейнеклип түсіріп, Еуропаға танытқан.
Заманауи биге келер болсақ, хип-хоп, брэйк, тектоник секілді атай берсе тізбектеле кететін түрлері көп. Әлеуметтік желіге билеген видеоларды жүктеу тренд болған қазіргі уақытта би үйірмелері де, би түрлері де жетерлік. «Қазақстанның 100 жаңа есімінде» де хореограф Анвара Садықованың есімі аталады. Қытай қазағы Шұғыла Сапарғалиқызын, Шара Жиенқұлова мен қазақтың тұңғыш балеринасы Нұрсұлу Тапалованы атап айтпасақ та ел біледі, таниды.
Назерке Мұхамедиярова.
03 мамыр 2019 ж. 1 393 0