Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәуегейлік сән бе?

Сәуегейлік сән бе?

Университет қабырғасында құқықтану сабағынан жасы 35 шамасындағы, сөзшең ер кісі беретін. Басында діннен хабары мол көрінген. Ағаймен сабақтан бөлек қоғамда болып жатқан түрлі оқиғаларды талқылағанды ұнататынбыз. Бірде «Кәне, алақаныңды берші», – деп алдында отырған қыздың алақанын жазып, тарам-тарам сызықтарына қарады да, «Екі балаң болады, шамамен 60 жасқа дейін өмір сүресің, шығармашылықпен айналысасың», – деп, тура бір балгерлерше сайрай жөнелді. Мұғалімнен мұндайды күтпеген қыздар абдырап, аң-таң күйі қалды. Сәлден соң барлығы «мағанда айтып беріңізші» деп алақанын ұсынып, жамырай түсті.
Сол күнгі оқиға ұзақ уақытқа дейін ойымнан кетпей қойды. «Бұл нақты ғылым ба, әлде әлгі ағай шыныменде сәуегей ме?» деген сұрақ санамды сарсаңға салып, жауабын тапқанша тыншымадым. Сөйтсем, бұл «хиромантия» деген алақандағы сызықтарға қарап адамның өміріне баға беретін, болашағын болжайтын арнайы ғылым екен. Ал әлгі ағай біраз уақыттан бері сол салаға қызығып, зерттеп жүрген көрінеді-міс.
Бұл бұл ма, адамның жазуына қарап,есімінің бас әріпіне, туған күні мен жылының қосындысын есептеп мінез-құлқын, алдағы өмірін анықтайтындар да бар. Айналып келгенде барлығының діттегені бір – болашақты болжау. Бір қызығы осы бір салаға қызығушы жұрттың қарасы күн сайын қалыңдап келеді. Бірі жоғарыда мысал еткен оқытушы секілді жай қызығушылықпен айналысып жүрсе, кейбір пысықайлар ақша табудың төте жолына айналдырып алған.
Әсіресе, әлеуметтік желіні аша қалсаң, «Қарыздан құтылудың жолын көрсетемін», «Байлыққа апаратын кодыңды айтамын», «Жолыңды ашатын санды есептеп беремін» деген секілді жарнамасы жер жаратын парақшалар да, оларды насихаттайтын блогерлер де жетерлік. Жұрттың оларға ынты-шынтысымен сенгені сонша, «ақша шақырады» деген тіркесі бар әмиянын әдеттегі бағадан 2-3 есе қымбатқа ойланбастан сатып алып жатады. Сонысымен қоймай, исламға жат емес екенін түрлі мысалдар арқылы дәлелдеуге тырысып, адамдарды сендірудің сан қырын ойлап табады. Тап бір бұрынғы бақсы-балгерлердің мәдениетті түрі дерсің.
Ғаламторда болашаққа болжам жасайтындардың ең көп тараған түрі – нумерология. Сандарда сиқыр бар деп есептейтін нумерологтар бір күнге, бір жылға, бір адамға арналған неше түрлі болжамдарды жасап береді. Жасағаны былай тұрсын, тіпті, кейбіреулері нумерологияға арналған журнал, кітаптарын да шығарып, сатып жатыр.
Ең қызығы, олардың болжамдарының басым көпшілігі сәйкес келеді. Содан да болар, көпшілік бағасына қарамай сүйіп оқып, іздеп жүріп табуға ұмтылады. Бірақ осы болашақты білуге деген құштарлық, ұмтылыс адам баласына қажет пе? Жұлдызды санап, сандарға қарап білген болжам сәуегейлік пе, әлде бөлек ғылым ба? Біз мамандардың пікіріне құлақ асып, сөздерін сарапқа салдық.

Түйін. Иә, «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей, «мәдениетті балгерлерден» жайсыз хабарды естіген адамның жаны қалмайды. Қалған өмірді үреймен өткізгенде келер пайда жоқтың қасы. Өлшеп берілген ғұмырды өкінішсіз өткізуге бәріміз бармыз. Десек те, адам баласының көрсеқызарлығы, білуге деген құштарлығы кесірін де тигізіп жатады. Жұлдызнамада мінезіңіз дәл айтылса, «ее, рас екен» деп шығатынымыз бар. Сондай сипаттамаларға имандай сеніп кетуден де аулақ болған жөн. Себебі, олар жалпыға бағытталып жасалғандықтан, көп жағдайда сәйкес келіп жатады. Кейде парадокс орын алып, бір астролог не нумерологтың сөзіне келесісінің пікірі қайшы келеді.
Негізінен мұсылман кісі дүниесіне де, ақыретіне де пайда келтірмейтін істерден бойын аулақ ұстағаны абзал. Құранда «Мүміндер бос нәрселерден бойын аулақ ұстайды» делінген. Олай болса, байлауы жоқ бос дүниелермен алысқанша, рухани жан-дүниемізді байытатын, өмірлік азық болатын, мәнді тіршілікке бастайтын дүниелермен айналысу қажет. Ал байлыққа жету үшін нумеролог емес, еңбек керегін айтудың да қажеті жоқ шығар.


Гүлхан ЯХИЯ.

Шахмардан Әжімбет, 
теолог:
Нумерологтар әр адамның өзіне қатысты туған күн, ай, жыл, пәтер не телефонның нөмірі арқылы алда не күтіп тұрғанын және өткен өмірін айтып береді. Ал айтылғанға сеніп, осыған байланысты алдағы іс-әрекеттеріңізді реттеп отыру Исламда күнә саналады. Оның үстіне, Пайғамбардың (с.а.у.) бір сөзінде: «Кімде-кім, жұлдыздан қандай да бір мәлімет алған болса (яғни, астрология ғылымының мәліметіне сүйенетін болса), онысы сиқыр ілімінен мәлімет алғанмен тең. Тереңдей түскен сайын, күнәсі де арта береді» делінген.


Айнұр Шағдарова, психолог:
– Дүниежүзілік қоғамда жеке тұлғаның өз-өзіне деген сенімсіздігімен үлкен күрес жүргізілуде. Себебі, адамдардың басым бөлігі белгісіздіктен қорқады да, ертеңгі күнге деген жоспарын өздігінен реттей алмайды. Кейбіреулері ата-анасы, отбасы, жұбайы яки достарының кеңесіне жүгіне отырып маңызды шешімдер қабылдап жатады. Енді біреулері туған-туысына мәселесін айтуға ұялып, жол көрсететін басқа дүниені іздейді. Осы тұста жұлдыз-жорамалдың «асығы» алшысынан түседі. Жаңағы айтқан өзіне сенімсіз пенденің барлығы дерлік жұлдыздардың сызып бергеніне сенеді. Соған сәйкес, алдағы күнін жоспарлайды. Мақсат-міндеті айқындалған адамның көңіл-күйі тұрақталады, эмоциялық жағдайы қалыпқа түседі. Көңілі тоқтың күйзеліске ұшырау деңгейі төмен келеді. Алайда психологиялық тұрғыда бұл құбылыстың кері әсері жоқ емес. Мәселен, кей жағдайда жұлдыз-жорамал «Ертеңгі күн жаңа іс бастауға қолайсыз күн» деп көрсетеді. Бұл уақытта осы болжамға сенетін адамдар барлық маңызды шараларын тоқтатады, яғни, басқа күнге жоспарлайды. Осылайша, үш сөйлемнен тұратын болжам үшін адамның жос­пары шектеледі. Өкінішке қарай, тұлғаның өзіне деген сенімсіздігі әсерінен бүгінде адамдардың басым бөлігі жұлдыз-жорамалдың көмегінсіз психологиялық күйін реттей алмай отыр. Белгісіздік мәселесінің түйінін дұрыс яки бұрыс болжамдардан іздеп әлек болуының себебі де осы. 
30 сәуір 2019 ж. 1 078 0