Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әйелдер бизнесіне арналған несие бағдарламалары

Әйелдер бизнесіне арналған несие бағдарламалары

ÓÐ¹ÐµÐ»Ð´ÐµÑ Ð±Ð¸Ð·Ð½ÐµÑÑне аÑналÒан неÑие баÒдаÑламалаÑÑ
Бүгінде бизнес әлемінде қыз-келіншектер табысты кәсіптің дөңгелетіп отырғаны жасырын емес. Бұл әлемдегі дамыған елдерде қалыпты жағдайға айналған. Әлеуеті мен мүмкіндігін сараптаған қыз-келіншектер отбасын да, бизнесті де қатар алып жүруге болатынын дәлелдеп отыр. Әрине, әйелдер кәсіпкерлігі дегенді әлем бірден қабылдап, мойындай қойды деу қате. Дегенмен америкалық кәсіпкер, Estee Lauder корпорациясын директорлар кеңесінің бірінші төрайымы Эсте Лаудер, алғаш рет тұтынушылардың үйінде тауарды таныстыруды қолға алған, ХХ ғасырдағы кәсіби маркетолог Брауни Уайз, «Барби» қуыршағын ойлап тауып, әлем нарығын жаулаған Рут Хэндлер секілді әйелдердің табысты кәсібі әйелдердің де керемет стратег, шебер ұйымдастырушы екенін көрсетті. Бүгінде әлемнің алпауыт елдерінде танымал бизнес ледилер қатары артпаса, кемімейді. Қазақстандағы кәсіпкерлік тарихының басталуында статистикалық мәліметтер толық емес. Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаеваның «Қазақстан қоғамындағы нарық трансформациясы: гендерлік сараптама тәжірибесі» («Рыночная трансформация казахстанского общества: опыт гендерного анализа») атты монографиясында әйелдер кәсіпкерлігіне тоқталған. Сол еңбекте берілген мәліметке сүйсенсек, 1995 жылы елімізде шағын бизнес саласында 150 мың адам болса, оның 30% әйелдердің үлесінде болған. Кооперативтерде әйелдердің үлес көрсеткіші 6% болса, шағын кәсіпорындарда – 44%, жеке фирмаларда – 50%. Қазіргі таңда статистика тұрақты жүргізіліп, мәліметтер күн сайын жаңарып жатыр. «Атамекен» ҚР ҰКП жанынан құрылған Іскер әйелдер кеңесінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күні Қазақстандағы әйелдер мемлекет ЖІӨ-нің 41,1%-ын қалыптастырып отыр. Еліміздегі жеке кәсіпкерлердің 47%-ын әйелдер құрайды, заңды тұлғалардың 26%-ы, шаруа қожалықтарының 19%-ы қыз-келіншектер басқарады. Жеке кәсіпті бастауда бастапқы қаражат маңызды. Екінші деңгейлі банктердің несиелері, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында берілетін несие мен гранттар секілді қаражат алу көздері жұмыс істейді. Ал дәл әйелдер бизнесіне арналған несие бағдарламалары бар ма? Бүгінде қыз-келіншектер жүргізетін бизнес субъектісіне шағын несие беру бағдарламасы жұмыс істейді. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағдарламасы екінші деңгейлі банктерге қаражатты шарттастырып орналастырып, кейіннен әйелдер кәсіпкерлігін микронесиелеуге арналған. Бағдарлама бизнесі бар және ісін жаңа бастаған әйел кәсіпкерлердің жобаларын жеңілдетілген несиелеу арқылы әйелдердің кәсіпкерлік белсенділігін ынталандырады. Бұл бағдарламаға әйелдер кәсіпкерлігінің субъектілері – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз қызметін жүзеге асыратын кәсіпкер әйелдер, әйел адам басшылық ететін ЖШС, жарғылық капиталдың 50% әйел адамға тиесілі болса және штаттың 30%-ы әйел адамдар болса қатыса алады. Бұл бағдарлама бойынша сыйақы мөлшері соңғы қарыз алушы үшін жылдық мөлшері 14%-дан аспайды. 30 000 000 теңгеге дейін қаржыны 36 айға алуға болады. Бұл бағдарлама 2018 жылдың 28 шілдесіне дейін жарамды. Бірақ бұл бағдарламада белгілі бір деңгейде шектеулер де бар. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне шағын және орта бизнес субъектілерінің қайта қаржыландыру үшін алған несиелерін қайта қаржыландыруға тыйым салынады. Дегенмен кәсіпкер «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасының талаптарына сәйкес келсе, субсидиялар мен кепілдіктерді де пайдалана алады. Бұл бағдарлама бойынша бірқатар екінші деңгейлі банкке тиісті құжаттарды ұсына отырып, несие алуға өтінім беруге болады. Әр банктің құжат қабылдау талабы әр түрлі. Бағдарлама бойынша бірыңғай құжаттар тізімі бекітілмеген. Бизнеспен айналысуды қалаған қыз-келіншектерге ұсынылатын тағы бір несиелеу бағдарламасы жұмыс істейді. Еуропа қайта құру және дамыту банкі есебінен әйелдер кәсіпкерлігінің субъектілерін қолдау шараларын пайдалана алады. Бұл бағдарламаның мақсатты сегменті – микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері. Әр бизнес субъектісі жылына 14%-19% дейінгі мөлшерлемемен 14 900 000 000 теңгеге дейін қаржы ала алады. Несие беру мерзімі – 120 айға дейін. Бұл бағдарлама бойынша несие негізгі құралдарды сатып алу және / немесе жаңғырту; айналым қаражатын толықтыру мақсатында беріледі. Несие бойынша негізгі борышты өтуге 12 айға дейін жеңілдік береді. Ең басты ерекшелігі несие алуға ұсынылған бизнес-жобасы Еуропа қайта құру және дамыту банкі қойып отырған экологиялық және әлеуметтік бағытқа сәйкес келуі керек. Сонымен қатар, 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының негізінде жүзеге асырылып отырған «Бастау» жобасын пайдаланудың мүмкіндігі зор. Бұл бағдарлама ерлер мен әйелдерді бөліп жармайды. Ең бастысы кәсіпкерлік икемі бар, бизнес-идеясын нағыз жобаға айналдырып, комиссия алдында қорғап шыққан тыңдаушы жеке кәсіптің иесі атана алады. Оқуға ауыл тұрғындары – жұмыссыздар және бизнес ашқысы келетін өзін-өзі жұмыспен қамтыған кәсіпкерлер (бизнесінің тіркелу мерзімі 3 жылдан аспауы тиіс) шақырылады. Аталған жобаның 2018 жылғы жоспары өз жұмысын бастады. Сәуір айының ортасында басталған жоба еліміздің 160 ауданы бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз 30 000 азаматты кәсіпкерлік негіздеріне оқытады. Биыл бұл жоба бойынша 27 шағын қала мен 14 облыс орталығы да қамтылады. «Бастау» жобасының оқыту және әрі қарай сүйемелдеу сияқты маңызды компоненттерінің тағы бірі – қаржыландыру. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында «Бастауға», басқа да стартап-жобаларға қатысушылар мен ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін, максималды мерзімі – 7 жылға дейін, жылдық 6 пайызбен 8000 АЕК-ге дейінгі сомаға шағын несиелеу қарастырылған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінің төртінші тармағына сәйкес, бағдарлама аясында стартап-жобаларды шағын несиелеуге 20 млрд теңге (ауылдарда шамамен 14 млрд теңге, қалаларда 6 млрд теңгеге жуық) мөлшерінде бюджет қосымша бөлінеді. Жобаны іске асыру қорытындысына келсек, 2017 жылы 3314 адам бизнес ашты/кеңейтті. 10 мыңдай жұмыс орны ашылды. Іске асырылған бизнес жобалардың 82%-ы ауылшаруашылық қызмет түріне жатады, 19%-ы – ауылшаруашылық емес. Жобаларды салалар бойынша бөлуді талдауда мал шаруашылығы саласы сұранысқа ие бағыт. Бұл бағыт 93% үлесті қамтиды (ірі қара мал, жылқы шаруашылығы, қой шаруашылығы, жабайы қояндар, құстар және басқалар). Міне, қаладағы, ауылдағы кез келген кәсіп ашамын деген қыз-келіншек үшін мүмкіндік қарастырылған. Әрине, пайыздық мөлшерлемесі, берілу талаптары әр түрлі болғанымен, барлығы да әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған. Бизнес-идеяны шынайы жобаға айналдыруға тек ынта мен талап болса жеткілікті. Ал «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қазақстанның 14 облысындағы өңірлік палаталары мен «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында» тегін кеңес алуға, бизнес жоспар дайындау, сүйемелдеу көмегін алуға болады.

Massaget.kz
29 сәуір 2019 ж. 637 0