Қазақстандық оқушы қыз АҚШ пен Гонконг ЖОО-ларының 11 білім грантын ұтып алған
Оралда 12-сынып оқушысы Алина Молдағалиева АҚШ пен Гонконгтың 11 білім грантын ұтып алған.
Бұл туралы "Мой ГОРОД" порталына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.Алина Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сыныбында физика-математика бағыты бойынша білім алуда.
Ол Гонконгтан 2, АҚШ-тан 9 білім грантын ұтып алғанын айтады. Оқушы қыз қай оқу орнына түсетінін нақтылап қойған. Ол оқуын Филадельфиядағы Drexel University оқу орнында жалғастырмақ.
Оралдық қыздың сөзінше, аталған ЖОО тәжірибелік зерттеулер саласында үздік оқу орындарының бірі болып саналады. Ол жерде шәкіртақы берілмесе де, студенттері білім алып, жатақханамен қамтамасыз етіледі. Ендігі Алина АҚШ-қа тамыз айының ортасында аттанбақ.
Ол әлемнің үздік деген білім орындарына түсу үшін IELTS, SAT халықаралық емтихандарын тапсырған. Алинаның айтуынша, барлығын НЗМ-де оқып-білгендіктен, қосымша дайындықтың қажеті болмапты. Мектепте білімнің үш тілде берілетіні де қыздың емтиханнан сәтті өтуіне септігін тигізген көрінеді. Оқушы ағылшын тілін еркін меңгерген.
Алина АҚШ-тағы университетте "химиялық инженерия" мамандығы бойынша білім алуды жоспарлап отыр. Әзірге ол болашақта қандай мамандықтың иесі атанғысы келетінін нақты шешпеген. Мұны оқу барысында анықтауға болады, дейді ол.
Оқушы білімін жетілдіруден бөлек, билеп, ән шырқағанды ұнатады. Ол АҚШ-та екі рет болып, мексикалық отбасымен бірге өмір сүрген.
"Олардың кей тұстары қазақтарға ұқсайды. Үйлеріне үнемі қонақ келеді. Сонымен қатар жылышырайлы", - дейді Алина Молдағалиева.
Алина Америкада тұруды армандайды, алайда сол жақта қала ма, әлде отанына қайтып орала ма, ол жағы әлі белгісіз.
stan.kz