Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӨЛЕГЕН АЙБАРГЕНОВ ЖАЙЛЫ ЕСТЕЛІКТЕР

ТӨЛЕГЕН АЙБАРГЕНОВ ЖАЙЛЫ ЕСТЕЛІКТЕР



Әбділдә Тәжібаевтің естелігінен: 

«...Көктем айының бір күндері еді, біз Абай атындағы опера театрында билет сатып, поэзия кешін өткізбекші болдық. Оны басқару маған тапсырылды. Үлкен театрға адам сымай кетті. Өлең оқитындар тізіміне Төлегенді де жаздым. 
Перде ашуымызға он бес минут қалғанда менің өкшелес інілерімнің бірі күтпеген жерден «дау» туғызды: «Мына Айбергенов деген бала сахнаға шығатын болса, мен шықпаймын, өшіріңіз мені». 
- Жазығым не, көке?,- деп Төлеген ағасына жалына қарады. 
- Сен Тәжібаевтардан өзгені танымайтын жігітсің,- деді ызасын жасыра алмаған мосқал ақын. 
«Әбеке, мен ағаларымның шырқын бұзбайын деп үйге қайттым. Кешіріңіз, құрметпен: Төлеген»,- деп жас ақын маған хат жазып кетіпті. 
Поэзия кеші жақсы өтті. Бірақ мен театрдан көңілсіз шықтым...» 

Сәкен Иманасовтың Төлеген жайлы естелігінен: 
«...Алпысыншы жалдардың соңын ала мен Алматы облыстық «Жетісу» газетінің біздің өңірдегі екі – үш ауданы бойынша меншікті тілшісі болып істедім. Бірде редакцияға топтама өлеңдерімді жібердім де, біраз уақыт жариялана қоймағасын, өзім қызмет істеп жүрген жер ғой, бара көрейінші деп, әлгі өлеңдерімнің соңынан қуа астанадағы редакцияға соғайын. Газеттің әдеби жағын ақын Бекен Әбдіразақов басқарады... «Кезек күтіп жатыр, жарияланады ғой, асықпа»,- деп жұбатқан болды мені. Ол кезде жазғанымсыз тез жарияланса екен деп тықыршып тұратын кезіміз. Мен де омыраулай дауласып, біраз бұра тартып отырып алсам керек. Бөлмеге таныс – бейтаныс төрт – бес жігіт жиналып, құж – құж әңгіме де басталып кетті. Сол кезде үстімізге көгілдір шолақ жең көйлегімен ғана жеңіл жүрген Төлеген келіп кірді. Алың – ғұлың амандасып жатырмыз. Сөз арасында Бекен: «Мына Төлегеннің өлеңдері нөмірге кетіп барады, әлде соны алып тастап, Сәкенді жіберсем бе екен?»,- деп шіренді. Төлеген түк қобалжыған жоқ, салған жерден: «Бопты, мен осындамын ғой. Өзім де ауылда көп жүріп қалған адаммын. Елде жатып, астанадағы жолдастардың ілтипатын аңсаудың не екенін жақсы білемін. Сәкен шықсын»,- дегені. 
Не керек, секретариятқа барып, біреулерді дүрліктіріп, біреулерді шамырқандырып жүріп, ақыры менің өлеңдерім шығатын болды. Менікі де «өз атым жүре тұрсын» деген пендешілік қой, әйтпесе, бірер аптаның әрісі – берісі деген не, тәйірі-ай!...» 

Айладыр Өтәлиевтің естелігінен: 
«...Нөкісте жүргенімізде бірде көшеден Әбіш Панабергенов деген тарих ғылымының кандидаты, профессор ағамызды кездестірдік... Амандасқаннан кейін Әбіш аға «Мына бала қай бала?» деді. Осы кезде Төлеген ашуланып кетті. Ашуланғанда немесе өлең оқырда астыңғы ерні жыбырлап кететін. Ол екі – үш күн бұрын Әбіш ағаның үйінде болған екен. Жеңгеміздің ұлты қарақалпақ болатын. Ол: «қайсы Қаражонның келген - кеткендерін күтіп аламын»,- деп ашуланып, Төлегенді дұрыс қарсы алмаған екен. Төлеген соған ренжулі түрде Әбіш ағаға қарап тұрды да: 
«Сен менің өзімді көрсең, 
Тұрысым осы менің, 
Ал, мендегі ғаламат сезімді көрсең, 
Шошыр едің!... 
Сен мендегі достықты көрсең, 
Қалтқысыз сенетұғын, 
Қайғыңды көтеруге 
Қайғысыз көнетұғын...»,- деп өкпе – назын өлеңмен төгіп – төгіп жіберді». 

Мұхтар Шахановтың естелігінен: 
«...Төкең туған күніме арнап екі кітап сыйлады. Әлі есімде, бірі Кошвар деген автордың «Іле Алатауының құстары», екіншісі «Тасбақаның түрлері» деген кітап. 
Болашақ үлкен ақындықтан дәмелі болып жүрген менің: 
-Төке, ініңізді малдәрігерлік институттың студентімен шатастырып алған жоқсыз ба?,- деген әзіліме ол: 
-Ақын болу үшін айналаңдағы тіршіліктің бәрін жете зерттеп білуің парыз. Әйтпесе, көп нәрседен ұтыласың,- деді... Тағы бірде: «Дельфиндер мен иттердің адамға адалдығы, сондай-ақ аққу мен тырнаның, қыран мен қаршығаның тек өзіне тән мінездері мен заңдылықтарын білу ақын қиялын қаншалықты байытатынын дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Өйткені мына жалпақ әлемде бізге бейтаныс ештеме болмауға тиіс»,- дегені бар... 
...«Саналы іні бола алмаған – паналы аға да бола алмайды» дер еді ол. 
«Сені іні тұту арқылы өзімді ағалыққа тәрбиелеп жүрмін» дер еді тағы да». 

Жары Үрниса Айбергенованың естелігінен: 
«...Өмірінің соңғы жылдарындағы бар арманы «Құмдағы мұнараларды» жарыққа шығару болды. 1966–жылдың октябрь айы. Сол жинақ жыл жоспарына ілінбей, сызылып қалыпты. Бұл оған жалғыз шешесінің қайтыс болғандағы күйігінен кем соққан жоқ. Түкке зауқы соқпайды, әбден құлазып кетті... 
Дүние саларынан екі – үш ай бұрын түнде ұйықтап жатқан жерімнен оятып алып өлең оқыды... Жазғаны 174 шумақтан тұратын поэма екен. Сонда: 
-Мұны ойыңда тұрғанда қағазға түсіріп қойсаңшы, әйтпесе мен жазайын,- деп едім, «Сенің ойыңша, бұл қазір пайда болғандай көрініп тұр ғой. Мен оны толғатқалы қашан!»,- деп әзілге айналдырды. 
-Мына дүниең жақсы ғой, жинақты шығарудың сарсаңына түскенше осылай жаза берсең болмай ма?»,- дегеніме, мынадай уәж айтты: «Иә, сен анау етті асыпсың делік, неге сен осымен қатарласа басқа тамақ жасай бермейсің. Пісірілген ет желінсе екен дейсің. Творчество да сол секілді, әуелі ана жинақ шықсын, өлең өз оқушысының қолына жетсін, сонан соң жаның жай тауып жазуға ыңғайланасың». 
«Қош боп тұр көріскенше ар жұлдызым, Сен енді басқа ағыстан ізде мені» деген жолдары бар, мен тыңдаған сол поэма өзінің ішінде кетті...» 
*** 
«Төлеген өлеңіне өзі қатал редактордың сыншыл көзімен қарайтын. Тасқа басылмай тұрып өзінікі екенін, ал тасқа басылғаннан кейін ол өлең халықтың мұрасына айналып кететінін білді. Сондықтан кейбір шығармалары солғындау жазылды ма, оны дереу жоятын, сақтамайтын. Әлдеқандай себептермен жарияланып кетсе, ақындыққа нұқсан келеді деген түсінікте болды. Меніңше, нағыз ақындар ғана ішінен шыққан туындыларға осылайша жанашырлықпен қарайтын шығар». 
*** 
«...Қазақша айтқанда Шәкең (Шәмші Қалдаяқов) десе «ішкен асын жерге қоятын». Екеуінің жүректері бір – бірімен үнемі үндесіп тұратын. Мәселен, Төкең дүкеннен костюм алса да, немесе плащ алса да екеуден алатын. Біреуі міндетті түрде Шәмшінікі. 
Босқа жұмсалғандай кетіп жатқан ақшаға әйелдік көзқараспен қарап шыдайсың. «Сол Шәмші үйге келгенде ең болмаса екі тал конфет әкелмейджі. Сенің мынау жомарттығың жөнсіз»,- деп рендимін. Ал, Төкең бәрібір сол дағдысынан ешқашан өзгерген жоқ. «Талантты талант таниды» деген, міне, осындай болады екен...» 

Жеңіс Естілеудің естелігінен: 
«...«Өтті ғой, сәулем, ай талай» әнін бірнеше рет қайталатты. Тағы бір айтшы,- деді. «Бізді мазаламаңдар»,- деп жігіттерді бөлмеден шығарып жіберді: «Біз шамалы жұмыс істеп тастайық». Бір кезде қағаздан басын жұлып алып маған күле қарады. 
- Тыңда: 
Мен жүрмін сені «Күнім»,- деп, 
Сен де едің маған құмар шын, 
Қоштасқаныңмен күлімдеп, 
Жылап та жүрген шығарсың. 

Көп болды көрмегелі де, 
Көрдің деп сен де айта алман. 
Сезімнің пернелерінде, 
Көгілдір көлім шайқалған. 

Солдат боп жүрген кезімде, 
Таң да боп талай атты арман. 
Сен салған аппақ қайыңның 
Жапырағындай хаттардан... 
-Аға, «Солдат боп» деген сөзді өзгертсеңіз қалай болар еді? Неге десеңіз, бұл ән тек жігіттерге арналған емес қой... 
-Оның да рас. Мен өзім жалғыз бала болғандықтан әскерде бола алмадым. Сенің әскерде болып қайтқаның қандай бақыт. Шынымды айтсам, осы мен сенің әскерде болғаныңды қызғанамын. Өзім де сол солдаттықты армандаған соң жазып отырмын. Несі бар, қыздар айтса, сол жерді «шалғайда жүрген кезімде» деп-ақ көрсін. Солай айтып көрші... 
Мен әнді тағы бір қайтара орындадым...» 

Баяділла Тұрғанбаевтің естелігінен: 
«Төлегеннің Алматыға алғаш көшіп келген кезі. Ауруханада жатқан Зейнолла Шүкіровтың көңілін сұрап шығып келе жатырмыз. Гүлзар бақта демалып отырған бір топ студент қыздардың жанынан өте бердік. Қалжыңқұмар қағілез Төлеген... олардың арасына отыра кетті. Қарап отырсын ба, аты – жөндерін сұрап жатыр. Бірінің аты Шәрипа екен. Мұны естіген ақыным ақтарылып қоя берді: 
-Шағаласы ма ең көк көлдің? 
Аппақ гүлі ме ең көктемнің? 
Раушан лебіз ағылған, 
Ибалы ізет жамылған. 
Па, шіркін, сендей ақ қыздар 
Арылмай жүрсе-ау жанымнан!...» 

Қызы Салтанат Айбергенованың естелігінен: 
«...Әлі есімде, бір күні сен жолсапарға жиналып, бәрімізбен қоштасып, бетімізден сүйіп шығып кеттің. Ал мамам үй ақтап жатқан болатын да, мен оған әк құйған шелекшені көтеріп тұрғанмын. Бір кезде сен үйге бір нәрсесін ұмытқан адамдай жүгіріп келдің. Мен сенің қайтып келгеніңе қатты қуанып кеттім. Ал сен мамама: «Үрниса, қолың қышыса, Дәуренді ұр, ал менің қызыма тиіспе»,- дедің...» 
*** 
«...Біздің үйде «Рекорд» деген кішкентай телевизор болатын. Ол уақытта телевизорға біреудің қолы жетіп, біреудің қолы жетпей жатқан шақ. Сондықтан біздің үйге көршілер жиналатын. Әрина түк түсінбесем де, алдыңғы орын менікі еді... Сонда мен одан сөйлеп жатқан адам бізді көріп, естіп отыр деп ойлайтынмын. Диктордың сәлеміне, әр сөзіне жауап беріп отыратынмын. Бір күні мен: «Папа, бізге телевизор кино, ал біз телевизорға киномыз, ә»,- деп едіп, сен сөйлеуге шамаң келмей, әбден күлдің, жиналған жұрт та күліп жатты...» 
*** 
«...Сенің атыңа кір келтірмеу үшін мен де шамам келгенше тырысамын. Өмірде жасаған ағаттықтарым болса, сен жіберген қателік болып қала ма деп қорықтым...» 

«Төлеген Айбергенов шығармаларының ІҮ томдығы» 
Алматы, 2013-жыл
03 сәуір 2019 ж. 914 0