Топ-баннер
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИЕЛІ МЕШІТІ ТУРАЛЫ БІР ДЕРЕК

ШИЕЛІ МЕШІТІ ТУРАЛЫ БІР ДЕРЕК

Сыр өңіріндегі ең көне құлшылық үйі, бір жарым ғасырлық тарихы бар «Айтбай» мешіті туралы жарық көрген тарихи деректі еңбектің таныстырылымы аймақ басшысының ұсынысы және қолдауымен барлық ауданда өткені баршаға аян. Сонда өңірімізде тарихы әріден басталатын имандылық үйлері көп екеніне көз жеткізген болатынбыз.
Осындай кездесулерде аудан ақсақалдары мен ардагерлері, жергілікті мешіттің жамағаты кент, ауылдардағы ескі құлшылық үйлері туралы айта келіп, олардың да тарихы тереңнен зерттелсе деген ұсыныстарын жеткізеді. Алда-жалда еліміздегі, көршілес мемлекеттердегі архивтерде бола қалсақ, сол мешіттерге қатысты құжаттарды да қарауымызды сұрайды. Осылайша, көптеген кездесуден аманат арқалап шыққандай боламыз.
Жақында Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының мұрағатында жұмыс жасай жүріп, Шиелі аудандық орталық мешіті жайлы бір деректі көзім шалып қалды. «Ленин жолы» газетінің (қазіргі «Сыр бойы») 1990 жылғы 28 сәуірдегі №83 санында Б. Құрманаевтың «Мешіт қорына аударылды» атты қысқа хабары жарияланыпты. Онда ­«Сырдария» совхозында ұзақ жылдар бойы жылқышы болып еңбек етіп, құрметті еңбек демалысына шыққан Дүйсенбай Әлжанов пен оның жолын жалғастырған ұлы, облыстық Советтің депутаты Сұлтанхан Әлжановтың Шиелі орталығынан салынатын мешіт құрылысына 700 сом қаржы аударғаны жазылыпты.
Біріншіден, 700 сом дегеніңіз сол жылдар үшін қомақты ақша. Үлкендердің айтуынша, қарапайым жұмысшының 4-5 айлық жалақысы екен. Екіншіден, бұдан кенттегі орталық мешітті салуға бүкіл ел болып атсалысқанын көруге болады.
Жалпы Шиелі аудандық орталық мешітінің іргетасы 1988 жылы қалана бастағаны айтылады. Бірақ тоқсаныншы жылдардағы тоқырау мен егемендіктің елең-алаңына, ақшаның құнсыздануына тұспа-тұс келіп, құрылысы 7-8 жыл бойы тоқтап қалған. Тек 1997 жылы жеке кәсіпкер Әбдіманап Шорабаевтың демеушілігімен қайтадан қолға алынып, 1998 жылы салынып біткен. Имандылық үйі сол жылы тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған.
Тағы бір атап өткерлігі, құрылысы 10 жылға созылған ғибадат үйіне қаржылай қолдау көрсеткен Дүйсенбай Әлжановтың ауданда имандылық үйін салуға алғаш жәрдемдесуі емес екен. Танымал тарихшы Өтеген Әбдіраманның жазуынша, Дүйсенбай ақсақал «Оқшы ата» қорымындағы «Есабыз ата» мешітін салу үшін қорасындағы 12 өгізін санап берген көрінеді.
Осылайша, Шиелі аудандық орталық мешітін салуға кеңестік саясатқа, қиын-қыстау кезең мен өлара шаққа қарамастан жергілікті жұрттың жұмыла кіріскенін жоғарыда айттық. Әрине оның салынуына Д.Әлжанов ақсақалдан басқа кісілер де үлес қосқаны сөзсіз. Біздікі – солардың еңбегін жоққа шығару емес, қолымызға түскен дерекпен бөлісу ғана.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
Ақпарат саласының үздігі
03 наурыз 2026 ж. 42 0

Қоғам

Көп қырлы қаламгер

03 наурыз 2026 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№17 (9384)

03 наурыз 2026 ж.

№16 (9383)

28 ақпан 2026 ж.

№15 (9382)

24 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031