САЛЫҚ – ҰЛТТЫҚ ӘЛ-АУҚАТТЫҢ КӨЗІ
Салық қызметі – мемлекеттік құрылымдардың бірі. Кез келген өркениетті елдің өмір сүруі салыққа байланысты десек, қоғамның қажеттілігін өтеу үшін қаражат керек екені айдан анық. Осы ретте аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Еркеғали Абдрахмановқа халық көкейіндегі сұрақтарды жеткіздік.
– Еркеғали Аманкелдіұлы, салық түспей бюджет бүтінделмейтіні белгілі. Осы орайда аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы өткен жылды қалай қорытындылады?
– 2024 жылдың қорытындысымен Мемлекеттік Кірістер Комитетінің құзіреттілігіндегі түсімдерге келетін болсақ, республикалық бюджет жоспары 127 %, ал жергілікті бюджет жоспары 121 % орындалды. Яғни республикалық бюджет жоспары 23200,1 млн теңге болса, нақты 29493,1 млн теңге түсіп, 6293 млн теңгеге артық орындалып отыр. Ал жергілікті бюджет жоспары 5526,9 млн теңге болса, нақты 6672,8 млн теңге түсіп, 1145,9 млн теңгеге артық орындалған. Сондай-ақ, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда Мемлекеттік бюджетке 15350,7 млн теңге артық түсім түсіп түсім қарқыны 173 пайызды құрады, оның ішінде Республикалық бюджетке 13996,3 млн теңге артық түсіп түсім қарқыны 190%, жергілікті бюджетке 1245,1 млн теңге артық түсіп түсім қарқыны 123 пайызды құрады.
– 2024 жылы ауданда заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу немесе салықты уақытылы төлемеу-төлеуі жөнінде қандайда бір фактілер анықталды ма?
– Былтыр ауданда заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу бойынша жалпы 13 салық төлеуші анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 463 бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып Шиелі аудандық сотының қарауына жолданған.
Жалпы бюджетке қалыптасқан салық төлеушілердің салық берешектері уақытылы төленбеген жағдайда, ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» салық кодексінің 114, 116, 125 баптарына орай, аталған берешектерді өндіру бойынша заң аясында жұмыстар жүргізіледі. Яғни, банктегі шығыс операцияларына (касса,инкасса) бойынша шығыс операциялары тоқтатылады. Одан кейінгі кезектер бойынша жұмыстар атқарылады. Салық төлеуші тарапынан бюджет алдындағы салық берешектері өндірілмей қалған жағдайда уәкілетті органдарға жылжитын, жылжымайтын мүліктеріне сұрау хаттары жолданылып салық төлеуші тарапынан немесе басқарма тарапынан төленуі әрекетсіз деп танылып, банкрот деп тану мақсатында сотқа құжаттар жіберіледі. 2024 жылы басқарма тарапынан 2 заңды 1 жеке кәсіпкер банкрот деп танылса, ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 6 тармағына сәйкес, 1заңды тұлға салық берешектеріне «кейінге шегеру», немесе «бөліп төлеу» (отсрочка, рассрочка) бойынша мәртебесін алды. Сонымен қатар дебиторлық инкассалық өкіммен 1 заңды тұлғаның ақшалары бюджетке ақшалай өндірілді. Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мерзімде аудармағаны немесе толық аудармағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 279 бабының 2 бөлігімен 20 салық агентіне 184,6 мың теңге айыппұл салынып, өндірілген. Сонымен қатар, бірыңғай жинақтаушы қорына міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдарды аудармағаны, уақытылы және толық есептемегені және де төлегені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 91-бабының 6-тармағы 5-тармақшасы бойынша 21 хаттамалар толтырылып, ескерту түріндегі шара берілді.
– Бақылау касса машинасының қолдану тәртібі мен чек бермеген тұлғалардың жауапкершілігі қандай?
– Қазақстан Республикасының Салық Кодексінің 166-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында ақшалай есеп айырысулар модельдері мемлекеттік тізілімге енгізілген, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса (әрі қарай Онлайн БКМ) машиналары мiндеттi түрде қолданыла отырып жүргiзiледi делінген. Бақылау-кассалық машиналарды қолдану тәртiбiн бұзған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 284-бабына сәйкес, яғни сауда операциялары, қолма-қол ақша арқылы жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезінде жүргізілетін ақшалай есеп айырысуды Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыру кезінде бақылау-кассалық машиналарды қолданбау, сондай-ақ ақаулы болып табылатын немесе пайдалану орны бойынша мемлекеттік кіріс органының есебінде тұрмаған бақылау-кассалық машиналарды қолдануескерту жасауға әкеп соғады. Ал әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) – айыппұл салуға әкеп соғады.
Сондай-ақ бақылау-кассалық машинаның чегін немесе тауар чегін бермеу не бақылаукассалық машинаның чегін немесе тауар чегін тауарға немесе көрсетілетін қызметке төленген сомадан артық немесе кем сомаға беру-ескерту жасауға әкеп соғады. Ал әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер – айыппұл салуға әкеп соғады.
– Жеке тұлғалар табыс салығына байланысты қандай жеңілдіктерге қол жеткізеді? Сондай-ақ биылдан бастап көпбалалы аналарға жеңілдіктер қарастырылады деген болатын. Ол жеңілдіктерге қалай құжат дайындайды?
– Ипотекасы бар азаматтар енді өз жалақыларынан төлейтін жеке табыс салығының мөлшерін азайта алады. Бұған дейін мұндай құқық тек «Отбасы банк» салымшыларына берілген. Мұндай салық жеңілдіктері биылдан бастап екінші деңгейлі банкте ипотекасы бар азаматтар үшін де енгізіліп отыр.
Сондай-ақ 2025 жылдан бастап Қазақстанда көпбалалы отбасылар үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылады. Жылына 282 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін, яғни 1 108 824 теңге көлемінде салық шегерімі енгізіледі. 2025 жылдың қаңтарынан бастап, көпбалалы отбасыларға салық шегерімі ата-ананың екеуіне де қолданылады, бірақ 282 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде (2025 жылы 1 108 824 теңге): көпбалалы отбасының ата-анасының біріне әр айға 23 АЕК (90 436 теңге); көпбалалы отбасының әрбір ата-анасына айына 12 АЕК (47 184 теңге). Бұл жеңілдіктер төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасыларға беріледі. Осылайша, биылдан бастап көпбалалы отбасы ай сайын 90 мың теңгеге жуық табысын салықтан босата алады. Салық кодексінің 342-бабына сәйкес, көпбалалы отбасылар салық шегерімдерін басқа жеңілдіктермен біріктіре алады. Олардың ішінде: Міндетті зейнетақы жарналары; Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар; Стандартты салық шегерімдері. Осы шегерімдердің жиынтық мөлшері жылына 564 АЕК-ке (2 217 648 теңге) дейін жетуі мүмкін.
Салық жеңілдіктеріне тек табыстан алынатын стандартты шегерімдер ғана емес, сонымен қатар қосымша шығындарды ерікті зейнетақы жарналары; оқуға жұмсалған шығындар (мектепке дейінгі ұйымдар, колледждер, университеттер); медициналық қызметтер (косметологиялық емес) өтеу кіреді. Жеңілдікті алу үшін балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері жұмыстағы есеп бөліміне ұсынылуы тиіс.
– Жыл басынан бері мобильді аударымнан бас тартқан кәсіпкерлер саны артып келеді. Халық арасында «жеке аударымды тексереді» деген қауіпте жоқ емес. Осы мәселе төңірегінде толығырақ айта өтсеңіз...
– Екінші деңгейлі банктер биылдан бастап Мемлекеттік кірістер комитетіне жеке азаматтардың қаржылық операцияларына қатысты мәліметтерді жіберіп отырады. Егер кімде-кім 3 айдың ішінде 100 түрлі адамнан мобильді аударым алған болса, ол азаматтар камералдық бақылауға алынуы мүмкін.
Салық органдары жеке азаматтардың заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу фактілерін тексереді. Ал жеке мақсаттарда жүргізілген мобильдік аударымдар тексеріске жатпайды.
Емге немесе басқа қайырымдылық мақсаттарда ақша жинайтын жеке тұлғаларға қатысты талаптар жеңілдетілген. Олардың есепшотындағы операциялар камералдық бақылауға алынбайды. Өйткені бұл қаражаттан заңға сәйкес, салық ұсталмайды. Себебі ақша емге немесе басқа да маңызды мақсаттарға жұмсалатындықтан, кәсіпкерлік жолмен келген табыс көзі болып саналмайды.
Ал кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар төлемді кассалық аппаратта жүзеге асыруы қажет. Егер төлем барысында кәсіпкер чек бермесе, бұл тұтынушының құқын шектеу болып саналады. Сонымен бірге осы сияқты бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Бұл өзгерістер адал салық төлеушілерге әсер етпейтініне және тек заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталғанына назар аударамыз.
– 2021 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларациялау енгізілді. Биыл осы декларацияға кімдер қамтылады?
– 2025 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың 4-ші кезеңі басталды. 8 миллион азамат декларация тапсырудан босатылды. Жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы ¬декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме (250.00 ТНК) шетелде мүлікке иелік ететін Қазақстан Республикасының азаматтары мен резиденттері; сайланбалы және мемлекеттік лауазымдарға кандидаттар; Банктің, бағалы қағаздар нарығының немесе сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушысы мәртебесіне үміткер тұлғалар; жеке практикамен айналысатын адамдар; өз еркімен декларация тапсырғысы келетін азаматтар тапсырады.
Кірістер мен мүлік туралы декларацияны «Салық төлеушінің кабинеті» (kgd.gov. kz), «Электрондық үкімет» порталы, eSalyq Аzamat қосымшасын рәсімдеуге, eGov mobile, Halyk bank, Kaspi bank мобильді қосымшасы, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер органдарына келу тәртібінде қағаз тасығышта құқығы бар, ХҚКО-ға және пошта арқылы келіп тапсыруға болады. Егер сіз кіру декларациясын тапсырсаңыз және онда қандай да бір мүлікті көрсетуді ұмытып қалсаңыз, қосымша декларация тапсыруға мүмкіндік бар. Келесі үш жыл ішінде өзгерістер енгізуге жол беріледі. Егер сіз декларацияны тапсырмасаңыз не болады? Декларацияны ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші ретескерту, ал екінші рет салық салушылар -декларацияны ұсынбағаны үшін 15 АЕК, бұдан басқа, салық салу объектілерін жасыру кезінде төленбеген салықтар сомасының екі жүз пайызы мөлшерінде және егер мұндай бұзушылық қайталанса, үш жүз пайыз мөлшерінде айыппұл көзделген. ҚР шегінен тыс жерде меншік құқығында мүліктің болуы туралы ақпаратты жасырған, сондай-ақ ҚР шегінен тыс орналасқан шетелдік банктерде ақшасы бар жеке тұлғалар 100 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді.
– Такси жүргізушілері салық төлей ме? Мобильді төлем тәсілін қабылдаудан бас тартқан жағдайда тұтынушы өз құқығын талап етуіне бола ма?
– Салықтарды төлеу барлық кәсіпкерлік қызметпен айналысушыларға міндеттелген. Такси жүргізушілері патент негізіндегі арнайы салық режимін қолданады. Яғни бұл режимде табысының 1 пайызын ғана төлейді.
Жеке кәсіпкерлер өткізген тауарлары (көрсетілген қызметтері) үшін қолма-қол ақша төлеуді талап етіп, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту жағдайлары кездесіп жатады.
Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады, себебі «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларында әртүрлі төлем әдістері – банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақша қарастырылған.
Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту, ал қайталап заң бұзғаны үшін 157 280 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл салу көзделген (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 194-бабы).
Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері анықталған жағдайда тиісті органдарға eOtinish арқылы міндетті растайтын құжаттар қосымшасымен өтініш-шағым бере аласыз.
– Еркеғали Аманкелдіұлы, басқарманың осы жылы атқарылатын жұмыстары мен міндеттеріне қысқаша тоқталсаңыз...
– Басқарманың 2025 жылға жоспары жыл басында күн тәртібіне еніп бақылауға алынған. Яғни, 01.01.2025 жылға қалыптасып отырған берешектермен талдау жасау, заң аясында өндіріп, бюджетке ақшалай өндіру.
2025 жылға алдағы кезеңдерге бюджет барлық деңгейлері бойынша бекітілген жоспарлардың толық орындалуын қамтамасыз ету және өткен жылмен салыстырғанда түсім қарқынын төмендетпеу, сонымен қатар, әрекетсіз салық төлеушілердің әрі қарай кәсібін құлдыратпау мақсатында заңда көрсетілген жеңілдіктерді қолдану мақсатында бюджетке ақшалай өндіру,тиімді жүргізілген салықтық әкімішілендіру жұмыстарының нәтижесімен бюджетке қосымша кіріс көздерін қамтамасыз ету, бюджет алдындағы бересі және артық төлем сомаларын азайтуға қол жеткізу,көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасы бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізу,салық заңнамасының салық төлеушілер арасында түсіндіру нәтижесімен салықтық мәдениетті көтеру, сыбайлас жемқорлықпен күрес, оны болдырмау бағытында барлық шараларды қабылдау.
– Алтын уақытыңызды арнап, мардымды ақпаратпен бөліскеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Мейіржан ҚАЙРАТҰЛЫ