Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Салықтан жалтару – қазынаға қол салғанмен бірдей

Салықтан жалтару – қазынаға қол салғанмен бірдей

Салыққа қатысты сан түрлі мәселе бар. Әсіресе оны төлеуге келгенде жалтарып, жанама жол табуға тырысатындар үшін енді қадағалау күшейеді. Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте бюджеттің кіріс бөлігінің өсуін қамтамасыз ету және салық салу базасының резервтерін анықтау, оны кеңейту мүмкіндіктері қаралды. Онда мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Аманов салық базасын кеңейту бағытында атқарылған жұмыстар және қосымша резервтер туралы баяндама жасады.



Баяндамашының айтуынша, өткен жылдың қорытындысымен жергілікті бюджеттің жоспары 104%-ға орындалып, 2,8 млрд теңге артығымен түскен. Ал облыстық бюджеттің жоспары 102%-ға немесе 647 млн теңгеге артық орындалған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда  өсім байқалады. Дегенмен салада қордаланған мәселелер де жоқ емес. Айталық, жергілікті бюджеттің 86 пайызын салықтық түсімдер құрайды. Ол – жалақы, меншік және табыс салығы.
– Салықтық түсімдерді арттыру мақсатында түсімдердің құрылымын, салық төлеушілердің санаттарын өзге өңірлермен салыстыру арқылы зерделеу жүргіздік. Біздің жергілікті бюджеттің салықтық түсімі 68 млрд теңгені құраса, халық саны біздің өңірмен шамалас Қостанай облысының түсімі 144 млрд теңгеге жетіп отыр, яғни 2 еседей артық. Оның ішінде, жалақыдан төленетін салықтардың сомасы Қостанайда 76 млрд теңгені құраса, біздің облыста бар болғаны 44 млрд теңге немесе 32 млрд теңгеге аз екенін көрсетіп отыр. Өздеріңіз байқағандай, жергілікті бюджетке тиісті түсімдер едәуір мөлшерде қамтамасыз етілмей отыр, – деді Ғ.Аманов.
Статистикалық деректерге сүйенсек, былтыр жұмыспен қамтылғандар саны 331 мың адам. Ал салық есебінде 249 мың жұмысшы тіркелген. Арадағы алшақтықты байқаған боларсыз. Десе де деректерде түрлі себептерге байланысты өзгерістер болуы мүмкін. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, маусымдық жұмыскерлерді тіркеуге қатысты. Алайда орташа облыстық жалақы көлеміне сәйкес, 40 мыңнан астам адамнан ай сайын бюджетке түсетін тиісті сома көрсетілмеген.
Облыста 76 мың салық төлеуші тіркеліп, олардың 41 мыңы, яғни  55%-ы жалдамалы жұмысшысын көрсеткен. Сондай-ақ, 7%-да жалақы мөлшері 60 000 теңгеден төмен немесе заңмен  белгіленген шегерімдерді жасау арқылы жалақыдан салық мүлдем төленбейді. Бұл кәсіпкерлердің басым көпшілігі жалақыны, жалдамалы жұмысшылар санын жасырып, салықтан жалтарып отырғанын аңғартады.
Мәселеге орай, облыс әкімі тиісті басқармалар бір-бірімен тығыз байланыс жасап, жұмысты ширату керегін тапсырды. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларына, қала және аудан әкімдеріне мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, мердігерлердің жоба-сметалық құжатында көрсетілген жұмысшылардың еңбекақы қорының толық төленуіне бақылау жасауды қадап айтты. Мұнан бөлек, аймақ басшысы салық төлеуден жалтарып,  жұмысшы санын көрсетпейтін шаруашылықтар, шағын және орта бизнес субъектілерінің салығы, газбен жабдықтау нысандарын республикалық меншікке беру, рұқсатсыз орналастырылған жарнама объектілерін түгендеу секілді мәселелерді қолға алуды міндеттеді.
–   Біздің өңірдің де экономикалық әлеуеті дамыған, өзге облыстардан кем емес. Дегенмен, салық төлеу мәдениетінің төмендігінен, бақылаудың әлсіздігінен бюджетке түсетін түсім көлемі аз. Аудан, ауыл әкімдері өз ауылдарының тыныс-тіршілігін, әрбір бизнес өкілдерінің қалай жұмыс жасайтынын жақсы біледі. Кәсіпкерлер жұмысшылардың жалақысын, табыстарын жасырмай, бюджетке төленуге тиіс салықтарын мерзімінде төлеп, әлеуметтік жауапкершілікті сезінуі қажет. Сонда ғана, демеушілік іздемей-ақ, қаражат сұрамай-ақ көптеген мәселені шешуге болады. Барлық деңгейдегі әкімдермен уәкілетті органдар және кірістер органдары арасында айқын өзара бірлескен жұмыс жүргізілуі қажет. Әсіресе, аудан, қала және ауылдық округ әкімдері бұл жұмыстарға аса мүдделі болуы тиіс. Олар үшін бұл әлеуметтік және инфрақұрылымды дамытудағы өзекті мәселелерді шешуде қосымша мүмкіндіктер болып табылады. Әр саладағы жұмысшыларға жалақының толық көлемде төленуіне баса назар аударуымыз қажет, – деді облыс әкімі.
Мәжілісте облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай жергілікті бюджеттің кіріс бөлігінің өсуін қамтамасыз ету барысын баяндады.
Облыс әкімі Қызылорда қаласы, аудан және ауылдық округ әкімдеріне бюджет кірістерінің әр түрі бойынша нақтылай отырып, салық базасын ұлғайту бағытында жұмыстар жүргізуді тапсырды. Осы бағытта атқарылатын iс-шараларды апта сайын қадағалап, ай сайын есеп беру арқылы тұрақты түрде бақылау облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановқа жүктелді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
25 ақпан 2023 ж. 210 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930