20 МЫҢ ГРАНТ – 20 МЫҢ ТАҒДЫР
Кәсіподақтар федерациясы Қазақстан бойынша қоғамдық-саяси маңызы бар кешенді іс-шараларды өткізуде. Соның бірі – Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуін түсіндіруге арналған «Еңбек нарығы: жаһандық үрдістер, мәселелер мен мүмкіндіктер» атты ғылыми-тәжірибелік конференция. Конференцияда белгілі экономистер, сарапшылар мен қоғамдық пікірдің көшбасшылары қатысып, сөз сөйледі.
Кәсіподақ федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым Қазақстан кәсіподақтары еліміздің экономикасына азаматтарымыздың, шағын және орта бизнестің қосатын үлестерін ұлғайтуына, тұрғындардың тиімді жұмыспен қамтамасыз етілуін арттыруға мүмкіндік беретін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасынан» үлкен үміт күтетіндігін атап өтті.
– «7 – 20 – 25» бойынша ипотекаға қатысты бірінші бастама құрылыс, өнеркәсіп және логистика нарықтарын жандандырумен қатар қор және банк секторларына зор әсер береді. Сонымен қатар жұмыссыздықты қысқарта түседі. Айта кетерлігі, «7 – 20 – 25» формуласы елімізде алғаш рет қолданылуда және ондаған мың отбасының пәтерлі болуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ салық жүктемесін төмендету жөніндегі екінші бастама аясында 2019 жылдың 1 қаңтарынан шамамен 2 миллион адамға жүктеме 10 есе төмендейді.
Келесі бастама – біздің болашағымызға қатысты. 54 мың гранттың үстіне тағы да 20 мың гранттың бөлінуі тек қана 20 мың жастың тағдырына қатысты емес. Нақты деректер келтірсем, Қазақстанда жұмыссыз саналатын адамдардың басым көпшілігінің жоғары білімі жоқ. Яғни, жоғары білімі жоқтар арасындағы жұмыссыздық коэффициенті жоғары білімділерге қарағанда жоғары. Демек, жастарымыз жоғары оқу орындарын бітіргеннен кейін жұмыс орнын табуға кепілдік алады, – деді федерация төрағасы.
Бақытжан Әбдірайым шағын несие беру көлемін арттыру ауыл тұрғындарына өз ісін ашуға үлкен көмек екенін ескертті. Бұдан бөлек федерация төрағасы газ құбырын тартудың экологиялық тұрғыдан тиімді екенін тілге тиек етті.
Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Күлекеев еңбек нарығының мәселелері мен еңбек ету қабілетінің сапасын арттыру туралы айтты. «Талап» қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рахым Ошақбаев еңбек нарығының өзекті мәселелерін талдау нәтижелерін көрсетті.
Серік ЖОЛДАСБАЙ