Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірыңғай оператор немен айналысады?

Бірыңғай оператор немен айналысады?

2021 жылдан бастап елімізде тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы жұмыс істей бастайды. Аталған оператор Қазақстан ипотекалық компаниясының (ҚИК) базасында құ­рылмақ. Қазірдің өзінде «Бәйтерек» холдингінің құрамындағы еншілес ұйымдар – «Бәйтерек девелопмент» АҚ мен «Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры» АҚ ҚИК құрамына кірген. Сөйтіп биылдан бастап бірыңғай оператор жеке құрылыс жүргізушілерге берілетін несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау міндетін атқаруға кіріспек.


Ақша үнемделеді
Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ар­наған Жолдауында нарықтағы 7 мем­лекеттік оператордың тым көп еке­нін, санды азайтып, са­паны арт­тыру керек екенін айтты. Ин­дустрия және инфра­құ­ры­лым­дық даму министрлігі құ­ры­лыс саласы басқарма­сының же­текшісі Жақсылық Сәр­сем­баев­тың айтуынша, бірыңғай опера­тор­дың құрылуына байланыс­ты Бюджет және Жер кодек­сіне, сондай-ақ 4 бірдей заңға өз­ге­рістер енгізілген.
– Бірыңғай оператор құра­мын­да әртүрлі міндетке ие үш ком­пания біріккендіктен, осындай өзгерістер жасау қажет болды. ҚИК – ипотека нарығын да­мытса, «Бәйтерек девелопмент» қолжетімді баспана құ­ры­лысын қаржыландырды, ал ке­пілдендіру қоры үлестік құры­лысқа кепіл берумен айналысты. Бірыңғай оператор «Қазақстан құрылыс компаниясы» деп аталады. Соның нәтижесінде «Бәйтерек» холдингіндегі әкім­ші­лік шығындар 40 пайызға қыс­қарады, бұл – шамамен 3,5 млрд теңге. Компания штаты 32 па­йызға қысқарады, – деген еді министрлік өкілі.
Бірыңғай оператор жеке құ­рылыс компанияларымен, жер­гілікті атқарушы органмен және екінші деңгейлі банктермен белсенді жұмыс істемек.
– Бізде қолжетімді тұрғын үй құрылысын қаржыландыру бойынша нақты құралдар бар. Үш компанияның қызметі толық көлемде сақталады және «бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мүмкіндіктер ұсынады, – дейді «Бәйтерек» ҰБХ тұрғын үй құрылыс активтерін басқару департаментінің директоры Олжас Салықов.
 
Міндеті қандай?
Жаңа компанияның құ­рылуына қатысты мән-жай­ды түсінгендей болдық. Енді су жаңа ұйымның нақты міндеттеріне тоқталудың реті келген сияқты. Бірың­ғай оператор әкімдік облигацияларын сатып алу механизмі арқылы құрылысты қаржыландыра­ды; үлестік құрылысты аяқ­тау бойынша кепілдік бере­ді; мемлекеттік бағдарлама аясында құрылыс жүргізген компанияны және жергілікті атқарушы органға несие береді; «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жеке құрылыс салушыларды коммерциялық несие бойынша субсидиялайды; инвестициялық жобаларды қаржыландырады және жүзеге асырады; тұрғын үй құрылысы мәселелері бо­йын­ша аналитикалық зерттеулер жүргізеді; өкілетті орган лицензиясы негізінде ипотекалық қызмет көрсетеді; қолжетімді баспана құрылысы бойынша стратегиялық IT-бастамаларды дамытады.
Бұл ретте «сонда жақында ғана «Отбасы банкіне» айнал­ған қаржы ұйымының міндеті қандай болмақ» деген заңды сауал туындайды. «Бәйтерек» холдингінің басқарма мүшесі, басқарушы директоры Тимур Жанкенің айтуынша, «Отбасы банкі» бұрынғы міндетін алаң­сыз жалғастыра береді.
– Банк жеке тұлғалармен жұмыс істеуді жалғастыра береді. Бұл банк – халыққа жеңілдетілген тұрғын үй займдарын беру арқылы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін дамытып отырған жалғыз қаржы ұйымы. Онда 1,7 млн-нан астам қазақстандықтың шоты бар. Президент бұл банктің есепке қою, мемлекеттік бағдарлама бойынша кезекте тұрғандарға баспана бөлістіру сияқты әкімшілік функциясын атқаратынын мәлімдеді. Қазір біз осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл мақсатта «Отбасы банкіне» жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасына кіру мүмкіндігі беріледі, – дейді Т.Жанке.
Бірыңғай оператордың ә дегенде-ақ өзіне пұт тасынан да ауыр 8 міндет жүктеп алғанына қарап, жұмысты үйлестіру оңай бола қоймас-ау деп тұжырамыз. Эксперттердің айтуынша, ортақ оператордың басты міндеті – елдегі тұрғын үй қорын көбейту болуы тиіс. 2019 жылы тұрғын үй қоры 364,3 млн шаршы метрге дейін артқан. Ал соңғы он жылда 34,5 пайызға көбейген. Қазіргі есеп бойынша, 2030 жылы адам басына 30 шаршы метрден келу үшін жыл сайынғы өсім 8-10 пайызды құрап тұруы тиіс. «Halyk Global Markets» инвестициялық компаниясының зерттеуінше, дәл қазір Қазақстанда адам басына 21,9 шаршы метрден тиесілі. Мұндай көрсеткішпен алыстағы батыс елдерін былай қойғанда, көршілес Ресейдің өзімен бәсекелесе алмаймыз.
Сонымен қатар бірыңғай оператор отандық құрылыс секторына да серпін беруі керек. Құрылыс компаниялары қажетті материалды импорттамай, өзімізден сатып алса құба-құп. Бұл үшін отандық құрылыс материалы өндірісі дамығаны жөн.
Қысқасы, үш ірі квазимем­лекеттік компанияның – «Бәйтерек девелопмент» АҚ, «Тұрғын үй құрылысын кепіл­дендіру қоры», Қазақстан ипотекалық компаниясының бір шаңыраққа бірігуі отандық тұрғын үй нарығына үлкен серпіліс алып келер деп күтеміз.
 
АЛМАТЫ

 https://egemen.kz/article/260502-birynhghay-operator-nemen-aynalysady
© egemen.kz
10 қаңтар 2021 ж. 583 0