Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал теңізінің жасы белгілі болды

Арал теңізінің жасы белгілі болды



Ресейлік және америкалық ғалымдар 10 жыл жүргізген ғылыми жобаларын аяқтады. Ғалымдар 10 жыл бойы Арал теңізінің пайда болуына қатысты деректер жинап, оның жасын анықтауға тырысты және ол ғалымдардың қолынан келген сияқты. Зерттеу нәтижесі Quaternary Science Reviews атты белді ғылыми журналда жарияланды.

Авторлар, Г.С.Бурра, Я.В.Кузьмин, С.K.Кривоногов, С.A.Гуськов, Р.Ж.Круз, зерттеу жұмыстарын 2008 жылы бастаған. Ғалымдар біршама ұңғыманы бұрғылап тесіп, теңіз тұнбаларының құрамын, шөгінділерді анықтады. Соның негізінде ғалымдар Арал теңізі 17,5 мың жыл бұрын пайда болған деген тұжырым жасады. Бірақ теңіздің түзілу уақыты 18-23 мың жыл бұрын, Памир мен Тәңіртау мұздықтары ерігенде басталған. Сондай-ақ ғалымдар теңіз суының деңгейі тұрақсыз болғанын анықтады.

Мысалы Арал қалыптасқан ең алғашқы кезеңде (17,6-15,3 мың жыл бұрын) өзен салалары мен су көп болған. Ал келесі 1,3 мың жылда теңізге құятын ағындар азайған. Сол себепті теңіздің тұздылығы артқан. 14,5-14 мың жыл бұрын теңіздің тұздылық деңгейі шегіне жеткен. Ғалымдардың сараптауы бойынша, Аралдың тұздылығы 3,5-130 промилле арасында өзгеріп отырады екен. Аралдың оңтүстігінде тіркелген 130 промилле тұздылық деңгейі мұхит тұздылығынан 4 есе жоғары.

Естеріңізге сала кетейік, Massaget порталы 2018 жылы "Qazaq Geography" бастауымен Арал теңізінің Оңтүстік және Солтүстік бөліктеріне жасалған экспедицияға қатысып қайтқан еді. Экспедицияда жүргізілген зерттеу барысында Солтүстік Арал бөлігіндегі теңіз қалпына жатқаны, өсімдіктер қайта түлеп, балық пайда болып, шөлейт ландшафттың жартылай шөлейт, тіпті далаға айналып жатқаны мәлім болды.

massaget.kz
25 қаңтар 2019 ж. 1 679 0