Солтүстік Атлантиканың алыс аралдарындағы тіршілік
Норвегия мен Исландияның арасында, Солтүстік Атлантиканың күңгірт суларында жатқан 18 ұсақ аралда 50 мыңнан сәл ғана асатын халық өмір сүреді. Олардың жартысы архипелагтың астанасы Торсхавнда тұрады. Әйтсе де, ол аралдардың кейбіріндегі тұрғындар саны саусақпен санарлық қана. ВВС тілшісі Фарер архипелагының кішкентай аралдарындағы адамдардың тіршілігі туралы баяндайды.
Фарер аралдарының халқы – өз күнін өзі көруге бейімделген қарапайым адамдар. Олар әңгімешілдігімен, хабар-ошарды айналадағы жұртпен тезірек бөлісу дәстүрімен ерекшеленеді.
Фарер аралдары Дания корольдігіне қарайды. Орталық биліктің көмегі арқасында мұнда инфрақұрылымдар жақсы дамыған. Бірақ аралдардың көбі әлі де пошта қызметіне тәуелді.
Кейбір аралдардың арасы туннельдермен және көпірлермен жалғанған болса, кейбіріне поштаны қайық немесе тіпті тікұшақпен жеткізеді.
Одан соң пошташылар 19 ғасырдан бері қолданылып келе жатқан ескі тау жолдарымен аралдарды шиырлап, хат-хабар, сәлемдеме тасиды. Бұл жұмыс ең мықты деген қызметкерлерге жүктеледі, бірақ бүгінде 4x4 көліктер де пошта қызметіне пайдаланылады.
Ал ең кішкентай аралдарда поштаны жергілікті адамдар өздері жаяу жеткізеді. Солардың бірі Жэнси бүгінде небәрі тоғыз адам тұратын Мичинес аралында өмір бойы пошташы болып қызмет етіп келеді. Таяуда ол жұмысын інісіне өткізіп, өзі зейнетке шығады.
Жэнси пошта әкелетін тікұшақты күтіп алады. Мұхиттан мұздай жел соғып тұрғанына қарамастан ол қолғап кимейді. «Ешқашан суықтаған емеспін» дейді ол.
Қоңыр қаптарға салынған поштаны жаздыгүні қайық әкеледі. Ал қыста қайықпен жүзу тым қауіпті.
Арал тұрғындарының көбі тікұшақ келетін кезде тікұшақ қонатын алаңға жиналады. Тікұшақтың келуі – арал үшін күннің басты оқиғасы.
Мичинес вулкан базальтының бір жақ шетіндегі ойпаңда орналасқан. Жоғарыдағы қыраттарда фарер қойлары жайылады. Ал аралдың батысындағы жардың бойына теңіз құстары паффиндер ұя салады.
Жэнсидің арқасындағы сөмкенің ішінде негізінен Фарер аралдарының екі күнделікті газетінің бірнеше данасы болады. Оларды аралдықтар жазылып оқиды және ересек тұрғындар ол газеттер арқылы күннің оқиғаларын талқылайды.
Мичинес тұрғындары арасында балалар жоқ. Екі жас тұрғын жақында ғана кетті. Бірі дәрігер мамандығын оқуға шетелге, екіншісі Фарер аралдарының үлкен қаласына аттанды. Ол қала орналасқан ірі аралды жұрт құрлық деп атайды. Архипелагтағы үлкен аралдар бір-бірімен туннель және көпірлер арқылы жалғасқан.
Жэнсидің 30-дан асқан қызы Данияның астанасы Копенгагенде тұрады. «Ол енді қайтып келмейді. Мен оны түсінем. Копенгаген маған да ұнайды. Онда мұндағы емес, анонимді өмір сүруге болады» дейді Жэнси.
Мичинес адамдары күнде бір-біріне қонаққа барады. Мұнда ешкім есікті бекітпейді, қонақты бәрі қуана қарсы алады. Әр үйдің дастарханында қонаққа кофе мен шоколад қойылады. Жазда негізінен теңіз құстарын тамашалау үшін туристер келеді.
Кристина шағын ғана қонақүйді ұстайды. Аралдан кетпей тұрғанда балаларым еВау мен Amazon-нан тапсырыс беру арқылы пошташыларға жұмыс тауып беріп тұратын еді дейді ол.
Тапсырыс берген заттың құны 300 дат кронынан аспаса (£35) арал тұрғындары оған салық төлемейді, осы себепті аралдардағы бүкіл жастар түрлі заттарға тапсырыс беріп жатады.
Интернеттен сатып алу арқылы олар сыртқы әлемдегі сән-стиль жаңалықтарынан қалмауға тырысады. Кристина да өзіне және балаларына Даниядағы дүкендерден киім-кешек алып отыратын. Осылайша алыстағы орталықпен бір әлем екенімізді сезінетінбіз дейді ол.
Мейнард – кішкентай ғана Скувой аралындағы пошташы. Оның әулеті бұл қызметті үш буын бойы, яғни атасының әкесінен бері атқарып келеді. Оның балалары қалаға көшіп кетті, сондықтан Мейнард әулеттегі соңғы пошташы болмақ.
Скувойда 22 адам тұрады. Бұл арал теңіз құстарының көптігімен танымал. Жазда тұрғындар биік құздарды аралап құстардың жұмыртқасын жинайды. Мейнардтың әкесі пошташылық жұмысты 1938 жылы бастаған еді. Жас кезінде Мейнард балықшы болды. Шотландия маңында балық аулап жүріп, сондағы Льюис аралының қызы Жэссимен танысты. Екеуі үйленіп аралда супермаркет ашты. Ал 1975 жылы Мейнард әкесінен пошташы қызметін өткізіп алды.
Бүгінде аралға қайық немесе қыстыгүні тікұшақ аптасына үш мәрте келеді.
Алайда, Мейнард таситын сәлемдеме де күннен күнге азайып бара жатыр. Өйткені, бұл аралда қазір бір де бір бала жоқ.
Мейнардтың өзі демалысты сирек алады. Кейде ол құрлыққа қыдырып барып, немерелерінің қасында болып қайтады. Мейнард пен Жэссидің сегіз немересі бар.
Скувойдың тіршілігі көрші тұрған Сандой аралынан қатынайтын қайыққа тәуелді. Жақында Сандой мен оның қасындағы үлкен аралдың арасында туннель салынады. Скувойға да туннель салынады деген сөздер бар, бірақ тұрғындар саны тым аз аралдарға мұндай инвестиция тартыла қоюы екіталай.
Стора Димун аралында екі-ақ отбасы тұрады. Ағалы-қарындасты Жанус пен Ева отбасыларын осында көшіріп әкелді. Олар өздері туып өскен аралға оралып, орнығуды шешті.
Жағасы айнала биік жар болғандықтан Стора Димунға теңізден келген адам өрмелеп шығуға тура келеді, ал қыста тек тікұшақпен бара алады. Аралдың бір шетіндегі биікте маяк орналасқан. Екінші шетіндегі қырдың басын қатал табиғатқа көндіккен қойлар мекендейді.
Тікұшақпен фермер комбинезонын киіп, шашын артына түйген Ева келді. Ол азық-түлік әкелді. Тікұшақтың келуі аралды өзге әлеммен байланыстыратын ірі оқиға. Сондықтан бәрі жиналады.
Жанус пен Еваның үйі көрші тұр. Үйдегілердің негізгі тамағы қой мен сиырдың кептірілген еті, асқан жұмыртқа, жұқа тілінген палтус балығы және рауғаштан жасалған қайнатпа. Отбасы ұзын ағаш скамейкаларға жайғасады, сосын Фарер саясаты туралы әңгіме басталады.
Бірнеше күн бұрын бір дат ғалымы испан журналисіне Фарер аралдарының күні Данияға қарап тұр деп жатқаны жасырын видеоға түсіріліп жария болды. Ал оның алдында Дания үкіметі Фарер аралдарының қате жасалған туын ілді.
Жанустың әйелі, үш баланың анасы Ерла дат билігінің Фарер аралдарына қатысты осындай көзқарасына ренжиді.
Бұл отбасы кішкентай аралда ескі мен жаңаны үйлестіру арқылы жаңа өмір бастауға тырысып жатыр. Жанус пен Ева Фарер аралдарының астанасы Торсхавннан әулеттің фермерлік ісін жалғастыру үшін көшіп келді.
Екі отбасының мүшелері де еті тірі, алғыр адамдар. Олар фарерлік сыра қайнатушылармен бірлесіп, шалқаннан сидр жасауды жоспарлап отыр. Фермадағы қоралардың төбесіне күн электр станциясы панельдері орнатылған.
Балалар Ола Якуп, Андреа жәнен Торур бұрынғы дәстүр бойынша төбесі шөппен жабылған арнайы ғимаратта оқиды. Арал қонақтары түсетін үй де осында.
Мұғалім болып көбіне оқуды жаңа бітірген немесе соны тәжірибе іздеген жастар келеді. Олардың жиі ауысатыны себепті балалар түрлі мұғалімдерден білім алады және бұл әдетте оң нәтиже береді.
Сосын балалар құрлықтағы мектептің өзімен қатарлас сыныптарымен интернет арқылы жалғасқан. Осылайша олардың сыныптастары бар. Ондағы достары арасында Стора Димунға тікұшақпен келіп-кетіп тұрады.
Фарер аралдары үкіметі адамдарды алыс аралдарға барып қоныстануға ынталандыруды мақсат етеді.
Ганхилд ең оңтүстіктегі Сувурой аралында супермаркетте жұмыс істейді. Ол қол добы мен волейболды жақсы көреді. Басқа командалармен ойнау үшін олар екі сағат пароммен сапар шегуі тиіс.
Эйкун Элиасен есімді тұрғын Кальсой аралында бірнеше жұмысты қатар атқарады. Ол пошташы, фермер, таксист және маякқа да жауап береді.
Элиасен әйелі және ересек үш ұлымен аралдың ең батыс жақ шетіндегі Тролланес атты ауылда тұрады. Бір қуыста орналасқан, айналасын мұзды таулар қоршап тұрған ауылға жарық тартылмаған тар туннель арқылы баруға болады. Туннель 70-жылдары салынған, одан бұрын адамдар оған тек қайықпен жететін.
Тролланесте 20-ға жетпейтін адам тұрады.
Йоханнес болса Киркжа Фуглой аралында пошташы болып жұмыс істейді. Ол қызымен бірге тұрады. Қызы әкесіне ферма жұмыстарына көмектеседі.
«Бізде қазір төрт тана және біраз қой бар. Ауылда адамдар азайып барады. Балалардың бәрі кетті, мектеп қазір бос тұр. Қазір төрт-ақ адам қалдық. Адамдар келеді, сосын қайта кетеді» дейді ол.
Скувой аралындағы Мейнард сияқты барлық пошташылар байланыссыз аралдарды байланыстыру үшін талмай жұмыс істеп жатыр. Мәселе тек хат-хабар тасуда емес, мәселе қауым арасындағы өмірлік маңызы бар қатынастың үзілмеуін қамтамасыз ету.
Мейнард Фарер халқына тән өз тіршілігін өзі жасау дәстүрін жалғастыру үшін жігерлі де іскер отбасылар алыс аралдарға барып қоныстанады, сөйтіп пошта қаптары қайтадан толатын болады деп үміттенеді.
(BBC әлемдік қызметі сайтында жарияланған мақаланың түпнұсқасы мына жерде)
Ағылшын тілінен аударған Алтынай ҚУАНЫШБЕК