Жер шарында жаңа жыл қалай тойланады?
Әлем елдері Жаңа жылды салтанатты жағдайда мерекелеп, оған айрықша мән берген. Олардың жылды қарсы алу дәстүрі де бір-біріне ұқсамайды. Жер шарында Жаңа жылды ең алдымен тойлайтын халық – Фиджи архипелагінің тұрғындары. Ол архипелагта 320 арал бар, бірақ кейбіреулерін жұрт мекендемейді екен. Шотландия мен Уэлс елдерінде ескі жылдың соңғы секундында есікті айқара ашып қояды екен. Бұл әрекетті «ескі жылды шығарып, жаңа жылды кіргізу» деп түсінетін көрінеді. Сол секілді қазақстандықтар да жыл бойына атқарылған жұмысты қорытындылап, жаңа жылға жаңа жоспарлар құрады.Италияда жаңа жыл қарсаңында ескі заттардан арылу дәстүрі бар. Бұл – өткенмен қоштасудың белгісі. Сондықтан, мереке кезінде терезеден үтік, орындық, т.б. ескі-құсқы заттардың терезеден лақтырылуы – қалыпты жағдай. Италиялықтардың жаңа жыл дастарқанында міндетті түрде жаңғақ, жасымық сорпасы және жүзім болады. Осы аталғандар ұзақ өмір сүрудің, денсаулық пен бақ-берекенің белгісі саналады.
Ал италиялықтар жаңа жылдың ең алғашқы күні кімді кезіктіретініне де қатты мән береді. Егер 1 қаңтар күні адам алғаш жолықтырған кісі монах немесе дін қызметкері болса, бұл жаман ырым саналады. Сондай-ақ кішкентай баланы жолықтыру да жақсылыққа баланбайды. Ал ең алғашқы болып қарт адам жолықса – бұл бақыт пен сәттіліктің белгісі деп саналады.
Панамада жаңа жылды барынша улап-шулап қарсы алады: көлік сиреналары қосылып, адамдар айқайлап, ысқырады. Үлкен-кіші, кәрі-жастың бәрі қолдарына не түседі, сонымен барынша қиқулап жылды қарсы алады. Мұның бәрі келе жатқан жаңа жылды «ояту үшін», яғни оны сәтті әрі берекелі ету үшін жасалады. Ал Эквадорда жыл бойы саяхаттауды қаласа, дәстүр бойынша эквадорлықтар сағат 12-ні соққанша үйдің айналасында чемодан немесе үлкен сөмкемен жүгіру қажет деп санайды.
Эквадорлықтар арасында жаңа жылда бай болғысы келсе немесе махаббатын жолықтырғысы келсе, сағат 12-ні соққан сәтте сары түсті іш киім кию керек деген қызық дәстүр бар. Сонымен бірге, эквадорлықтар өткен жылдың барлық қайғылы сәттерінен арылудың ең жақсы жолы ретінде көшеге суы бар стақан лақтырып, оны сындыруды ұсынады. Олардың ойынша, осылайша барлық жаман нәрсе сынып, «жоқ болады».
Сондай-ақ Швеция әлемге алғашқы шыны шырша ойыншықтарын сыйлаған ел ретінде белгілі (XIX ғасыр). Бұл елде Жаңа жылда үйлердің жарығы сөндірілмейді, көшелер жарқыратып жарықтандырылады. Бұл шын мәнінде жарық мерекесі болып саналады. Швецияда жаңа жыл алдында балалар «Жарық патшайымы» Лючияны сәндейді. Оған ақ көйлек кидіріп, басына шам жағылған тәж тақады. Лючия балаларға сыйлықтар әкеліп, үй жануарларына да тәттілер береді. Мысалы, мысыққа – қаймақ, итке – қанттан жасалған сүйек, есекке – сәбіз. Мерекелік түнде үйлерде жарық сөнбейді, ал көшелер жарықпен әсемделеді.
Жапонияда жаңа жылдың келуін қоңыраудың 108 рет соғылуы хабарлайды. Ежелгі сенім бойынша әрбір қоңырау адамгершілікке жат жаман қасиеттердің бірін «жояды». Жапондардың айтуынша, бұл қасиеттердің саны алтау: ашкөздік, реніш, ақымақтық, жеңілтектік, шешім қабылдай алмау, қызғаныш. Жапон балалары Жаңа жылды жаңа киімде қарсы алады. Бұл дәстүр жаңа жылда денсаулық пен сәттілік әкеледі деп есептеледі. Жаңа жыл түнінде олар жастық астына сегіз керемет сиқыршы – бақытты қорғаушылардың суреті бар желкенді кеменің суретін жасырады. Жапондықтар жаңа жылдың алғашқы секундтарын күліп қарсы алу керек, бұл сәттілік әкеледі есептейді. Сондай-ақ бақыт үйге кіруі үшін, жапондар үйдің кіреберісін бамбук пен шырша бұтақтарымен безендіреді: бұл ұзақ өмір мен адалдықтың символы. Шырша ұзақ өмірді, бамбук адалдықты білдіреді. Үстелдегі тағамдар да символикалық мәнге ие: ұзын макарон – тұзақ өмір белгісі, күріш – молшылық, карп балығы – күш-қуат, бұршақ – денсаулық. Әр отбасы жаңа жылға арналған дәстүрлі тағам – моти (күріш ұнынан жасалған кішкентай кәмпиттер, бәліштер, тоқаштар) дайындайды.
Грекияда қонақтар өздерімен бірге үлкен тас ала келеді де, оны үй есігінің алдынан лақтырып, былай деп айтады: «Үй иесінің байлығы осы тас сияқты ауыр болсын». Ал егер үлкен тас табылмаса, кішкентай тас лақтырады да: «Үй иесінің көзіндегі дақ осы тас сияқты кішкентай болсын» деп тілейді. Жаңа жыл гректер үшін Әулие Василийдің күні, ол өзінің мейірімділігімен танымал болған деседі. Грек балалар каминнің жанында етік қалдырады. Әулие Василий оларды сыйлықтармен толтырады деп үміттенеді.
Ең бастысы жаңа жыл мерекесі қай елде қалай атап өтілсе де, үмітке толы жаңа кезеңнің, жақсылықтың бастауы саналады.
Әзірлеген А.Асанов








