Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркия Ормуз бұғазы жабылған жағдайда балама жолдарды анықтап жатыр

Түркия Ормуз бұғазы жабылған жағдайда балама жолдарды анықтап жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия «Орта дәліз» және «Даму жолы» сияқты логистикалық жобаларды жүзеге асыру үстінде. Бұл туралы елдің Көлік министрлігінің басшысы Абдюлькадир Уралоглу мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС. Ормуз бұғазы Парсы шығанағы мен Оман шығанағын байланыстырып отыр, бұл аймақта мұнай мен газға бай Бахрейн, Ирак, Иран, Қатар, Кувейт және Сауд Арабиясы орналасқан. 
— Ормуз бұғазы жабылған жағдайда бізде құрлық және теңіз жолдары болуы керек. Сондықтан біз «Орталық дәліз» және «Даму жолы» жобаларын жүзеге асыру үшін қажеттінің барлығын жасап жатырмыз. Біздің аумақ арқылы «Даму жолының» 2,1 мың шақырымы өтіп жатыр, біз оған 24 млрд долларға жуық инвестиция саламыз. Біз сондай-ақ Орта дәлізді нығайтуға ұмтылып жатырмыз, оның 2,2 мың шақырымы біздің аумақ арқылы өтеді. Оның белгілі бір бөліктерінің құрылысын аяқтадық, — деп келтірді министрдің сөзін Hürriyet газеті.

Уралоглуның айтуынша, «Даму жолы» салынғаннан кейін Еуропаға жүктерді жеткізу мерзімі 25 күнге, ал Орта дәліз арқылы — 13 күнге дейін қысқарады. Орта (Транскаспий) халықаралық көлік бағыты Қытайдан Еуропа елдеріне Қазақстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы өтеді. Тасымалдауға темір жол және теңіз көлігі (Каспий теңізі арқылы) жұмылдырылған. Бағдар ұзақтығы — 11 мың км, өткізу қабілеті — жылына 4,5 млн тоннадан 27 млн тоннаға дейін. Еуропа мен Азия арасындағы үздіксіз көлік байланысын қамтамасыз ететін «Даму жолы» жобасын Ирак билігі 2023 жылы бастады. «Даму жолы» аясында Иракты көршілес елдермен байланыстыратын жоғары жылдамдықты автомобиль жолдарына қосылған 1200 шақырымнан астам темір жолдар жаңартылып, салынады. 2024 жылдың сәуір айында Түркия, Ирак, БАӘ және Қатар арасында халықаралық көлік-логистикалық жүйе құру жобасы бойынша меморандумға қол қойылды. Ол 17 млрд долларға бағаланып отыр.


23 маусым 2025 ж. 43 0