БАТЫС ПЕН ШЫҒЫСТЫ ЖАЛҒАҒАН АЛТЫН КӨПІР
«Қазақстан өз аумағында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құрлықаралық көлік дәлізін салып шықты. Оның ел аумағындағы ұзындығы – 2 787 шақырым. 1 036 шақырымға созылған Жезқазған – Бейнеу теміржол құрылысының арқасында Қытайдан Еуропаға дейінгі арақашықтық 1 200 шақырымға қысқарды».
Бұл Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабындағы 33 нәтижесінің 27-тармақшасында көрсетілген. Расымен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі де еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтті. Себебі, былтыр Үкімет отырысының қорытындысында 2017 жылы Қазақстанда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі бойынша жүк айналымы 600 мың тоннаға жеткенін хабарлаған болатын. 2020 жылға дейін бұл көрсеткішті 33 миллионға жеткізу жоспарда бар.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше мәрте атап өткендей, Қазақстан ұтымды географиялық жағдайға ие және біздің аумақтағы транзиттік мүмкіндікті пайдалану елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қуатты ынталандыратын болады.
Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр: «Елімізде дәліз халық саны 5,5 миллионға жуық адамды құрайтын 200 елдімекенді қамтиды. Әрине, транзиттік әлеуетті күшейтуден басқа, біз ішкі әсерге де ие болдық. Егер 2009 жылы осы бағдар бойынша 160 мың тонна жүк транзитпен өтсе, қазір бұл сан 600 мың тоннаға жақын. Осы дәліз бойынша жүк айналымы 2009 жылы 13 млн тоннаны құраған, 2020 жылы біз 33 млн тоннаға жетуді жоспарлап отырмыз. Бұл – әрине, біздің еліміз үшін де және көрші елдер үшін де едәуір экономикалық әсер береді» деген болатын.
Жалпы, Батыс пен Шығысты жалғаған сауда магистралі – «Ұлы Жібек жолын» бес ғасыр өткен соң қайта жаңғыртуды ұсынған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі әлем жұртшылығының назарын аударды. 2007 жылы желтоқсанда Қазақстан мен Ресейдің көлік министрліктерінің басшылары арнайы келіссөз жүргізіп, екі ел арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасын Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхиты мәселесіндегі экономикалық және әлеуметтік комиссиясына қарасты автомобиль жолдарының тізіміне енгізу, сөйтіп халықаралық бекіту жөнінде шешім қабылдаған болатын. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін жүзеге асыру 2009 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолға алынды. Халықаралық транзиттік дәліздің жалпы ұзындығы – 8445 шақырым. Оның ішінде, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансқұрлықтық дәліздің қазақстандық учаскесінің ұзақтығы
2787 шақырым болса, Ресейден – 2233, Қытайдан – 3425 шақырым жол өтеді. Дәліздің негізгі бағыттары – Санкт-Петербор – Мәскеу – Нижний Новгород – Қазан – Орынбор – Ақтөбе – Ырғыз – Арал – Қызылорда – Шымкент –Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – Үрімші – Ланьчжоу – Чженчжоу – Ляньюньган.
Қазақстан бойынша бес облыстың үстімен жүреді – Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы. 2009 жылдан 2014 жылға дейінгі кезеңде Ресей шекарасынан Шымкент қаласына дейін, оның ішінде бұл жол Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары арқылы өтетін жалпы ұзындығы 1884 шақырым жол бойында қозғалыс ашылған болатын.
Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Склярдың айтуынша, «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі – Қытайдан Қазақстанға, Орталық Азия елдеріне, Ресейдің батыс өңірлері мен Еуропаға тауар тасымалдаудың ең қысқа бағдары. Қытайдың орталық аймақтарынан Санкт-Петерборға дейін автокөлікпен жүк жеткізу мерзімі көп дегенде 10 күн болады. Теңіз жолымен жүк 45 күнде жеткізіледі.
Жол құрылысы кезінде 35 мың адам жұмыспен қамтылған. Қазір автодәліз бойындағы қызмет кешендерін көбейтуге күш салынып жатыр. Шығыс пен Батысты жалғайтын 40 күндік теңіз жолын 4 есе қысқартқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі 8445 шақырымды құрауы тиіс. Оның 2787 шақырымы біздің елдің 5 өңірін бойлай өтіп жатыр.
ИДМ автомобиль жолдары комитетінің сыртқы займдар басқармасы басшысы Бақтияр Жамбыл бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құрылыс жұмыстары кезінде жалпы 48 кәсіпорын ашылғанын айтқан болатын. «Сонымен қатар 8 кәсіпорын қайта жұмыс орындарын жандандырды және де жол бойында қызмет ететін 60-тан астам нысан салу жоспарда бар. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы басталмай тұрып, бізде 3-4 компания болатын. Қазіргі күні олардың қатары 200-ден асты. Ұлттық компаниялардың саны жылдан-жылға көбеюде.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құрлықаралық дәлізін төрт банк қаржыландырады. Жобаның елімізде жүзеге асырылатын жалпы құны – 825,1 миллиард теңге. Оның ішінде республикалық бюджеттен 135,9 миллиард теңге бөлінсе, сыртқы қарыз арқылы – 422,6, концессия арқылы 266,6 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде Халықаралық қайта құру және даму банкі – 2 125, Азия даму банкі – 700, Ислам даму банкі 398 және Еуропалық қайта құру және даму банкі 180 миллион АҚШ долларын бөледі. Жобаның орындалуына құйылып жатқан қаржы көлемі көп. Алайда жоба толықтай жүзеге асырылғаннан соң бұл қаржылар еселеп қайтатыны сөзсіз.
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ