Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлемді аузына қаратқан Әлім Лондондағы байқауда бас жүлдені алды

Әлемді аузына қаратқан Әлім Лондондағы байқауда бас жүлдені алды

Қазақстандық музыкант Англияның Лидс қаласында өткен беделді байқауда бас жүлде жеңіп алды. 23 жастағы пианист Әлім Бейсембаев үш жылда бір рет ұйымдастырылатын және талай таланттарға қанат бітірген халықаралық өнер додасында алтын медаль қанжығалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлім әлемнің түкпір-түкпірінен келген пианистерді шаң қаптырды. Одан кейінгі орындарда жапониялық өнерпаз екінші, израильдік музыкант үшінші орын алды. Бас жүлде Фанни Уотерман атындағы алтын медаль. Уотерман – 20 жылдық тарихы бар байқаудың негізін қалаушы әлемге әйгілі пианист. Өткен жылы 100 жасқа келіп, қайтыс болған. Медальдан бөлек Әлім Бейсембаев 25 мың стерлинг фунты көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды және ең бастысы Warner Classics музыкалық лейблымен келісім-шартқа отырды. Еуропа бойынша турға шығу мүмкіндігі тағы бар.
«Бізге шамамен кемінде 300-350 минуттай репертуармен қатысу керек болды. Орындалатын шығармалардың көлемі көп болғандықтан өте қиын байқаулардың бірі саналады. Жеңісімнен кейін Уорнер Классикс лейблы күні кеше менің жеке альбомымды басып шығарды. Оны Эппл Мьюзик және Спотифай қосымшалары арқылы тыңдауға болады», дейді Әлім Бейсембаев.
Әлім фортепианода 5 жасынан ойнайды. Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектепте, Жәния Әубәкірова мектебінде және Мәскеудегі Чайковский атындағы консерватория жанындағы мектепте оқыған. 12 жасынан бастап, Англиядағы жас музыканттарға арналған Перселла мектебінде, 18 жасынан бастап, Музыканың Корольдік академиясында атақты педагог Тесса Николсонның қолында тегін білім алған. «Ата-анамның ешқайсысының өнерге қатысы жоқ. Мен үйдегі жалғыз музыкантпын. Ол кісілердің айтуынша, кішкентай кезімде дүкенге барғанымда шағын ойыншық пианино таңдап алыппын. Содан бері фортепиано менің өмірлік серігіме айналды», дейді жеңімпаз. Әлім қазір Лондондағы Корольдік музыкалық колледжде магистратурада оқиды. Қазақстандық өнерпазға деген сұраныс өте жоғары. Ірі концерттер беріп, еуропалық көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Ол туралы шетелдік басылымдар да жарысып жазып жатыр. Әлім әлемдік турға шыққан уақытында туған жерінде де өнер көрсетуді армандайды.

https://www.inform.kz​​​
27 қыркүйек 2021 ж. 556 0