Қазақстан құрамасы Универсиаданы 7 медальмен аяқтады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Неапольде Дүниежүзілік Универсиада-2019 жабылу рәсімі өтті. Қазақстан құрамасы Универсиададан 7 медаль еншіледі, деп хабарлады ҰОК баспасөз қызметі.
Универсиаданың соңғы күнінде финалдық ойындар және ерлер арасында су добынан үшінші орын үшін жарыс өтеді. Италия мен АҚШ «Алтын» медальға таласса, Ресей мен Венгрия құрамалары «қола» медаль үшін бақ сынайды. Қазақстан құрамасы Универсиадаға 94 спортшымен барып, 7 медаль жеңіп алды. Дзюдошы Ғалымжан Қырықбай жалғыз «алтынды» жеңіп алды. Ол абсолютті салмақ дәрежесінде күш сынасып, бірінші болды. Біздің спортшылар бес рет екінші орын алды. Гимнастшы Нариман Құрбанов пен Милада Карими, жеңіл атлетші Михаил Литвин, таэквондошы Смайыл Дүйсебай (87 келіге дейін) және Зоя Кравченко (стендтік ату) күміс медальдарды қоржындарына салды. Ал Сәрсенкүл Рысбекова (стендтік ату) үшінші орын алды.
Қазақстан медальдар саны бойынша 25 орында. Ерлер арасында өтетін су добы жарысы бұл көрсеткішке әсер етпейді.
Естеріңізге сала кетейік, былтырғы Универсиадада (Тайбэй-2017) отандық спортшылар 3 «алтын», 6 күміс және 7 қола жүлде иеленген болатын.
Алтын медаль саны бойынша ең үлкен көрсеткіш 2015 жылы Кванджуда (6) тіркелді.