АҚШ-тың әскери базасы Иран тарапынан шабуылға ұшырады
Ирактың батысында орналасқан америкалық Эйн-әл-Асад әскери базасы ракеталық шабуылдың астында қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл әрекетті Иранның ислам революциясының қорғаушы корпусы (КСИР) өз мойындарына алыпты. Әскери базаның бомбылануы видеоға түсіріліп, Press TV арнасының Twitter парақшасында жарияланды.
"КСИР Ирактағы америкалық әуе Эйн-әл-Асад базасына ондаған ракеталық соққы жасағанын растайды", - делінген хабарламада.
Арнаның мәлімдеуінше, бұл шабуыл ирандық генерал Касем Сүлейманидің америкалықтардың қолынан қаза табуына арналған жауап болыпты.
Америкалық шенеунік шынымен де Ирактағы әскери базаның ракеталық шабуылға тап болғанын айтқан. Сөзінше, жарақат алған адамдар және шабуылдың келтірген шығыны жайлы әлі ақпарат келіп түспеген.
АҚШ президентінің баспасөз-хатшысы Стефани Гришэм Дональд Трамптың аталған оқиға туралы хабардар екендігін жеткізді.
"Президентке болған жайт жайлы хабар бердік, ол оқиғаны өз қадағалауына алып, мемлекеттегі ұлттық қауіпсіздік тобымен кеңесуде", - деп мәлімдеді Гришем.
ABC-тің хабарлауынша, Ирактағы АҚШ-тың нысандары Иран тарапынан баллистикалық ракеталардың шабуылына ұшырапты. Бұған қоса америкалық БАҚ Эйн-әл-Асад базасымен қатар, Эрбилдегі әскери бөлім де бомбылаудың астында қалған.